• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 31 Қазан, 2023

Асан АҚЫШЕВ: Әскердің әлеуеті – байланыс жүйесінде

254 рет
көрсетілді

Екі жылдан бері 31 қазанда еліміздің Қарулы күштерінде «Әскери байла­нысшылар күні» аталып өтіледі. Қазіргі уақытта заманауи технология­лар дамыған сайын әскери саланы байланысшылардың қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені кез келген шешім мен іс-әрекеттің жедел орындалуы байланыс жүйесінің көмегімен жүзеге асады. Атаулы күнге орай біз Қорғаныс министрлігінің Бас штабы Байланыс департаментінің бастығы, полковник Асан Ақышевты әңгімеге тартқан едік.

– Асан Рахматулұлы, байланыс­ әскер­­лерінің Қарулы күштер қызме­тін­де­гі және майдан даласындағы маңызы мен­ орны қандай?

– Әскери ортада «Байланыссыз әскерді басқару мүмкін емес» деген сөз бар. Яғни кез келген әскерді дұрыс бағытқа бұру, тапсырмалар беру үшін ең алдымен байланыс жүйесінің талапқа сай болғаны маңызды. Ал қазіргі заманғы техникалар сауатты басқаруды, ол үшін мұқият техникалық дайындық пен автомат­тан­ды­рылған дағдыны қажет етеді. Штабтар мен бөлімшелер арасындағы ақпарат алмасудың жылдамдығы мен сапасы құрлықтағы, әуедегі және теңіздегі әскердің іс-қимылдарының үйлесімділігіне тікелей байланысты. Сондықтан жылдан-жылға байланысшылар қызметіне сұраныс артып келеді. Заманауи техникалар дамыған сайын оларға деген қажеттілік арта береді.

Бір әттеген-ай дейтін тұсымыз бар. Азаматтық қоғамда да байланыс және телекоммуникация бағыты дамыған сайын осы саладағы заманауи техникалардың тілін меңгерген сапалы әрі сауатты мамандар көбіне сол жаққа кетіп қалады. Өйткені оларға жақсы ақша төленеді. Біз де өз тарапымыздан шара қабылдап, әскери байланысшыларымыздың жалақы­сын көтеріп, оларды өзімізде ұстауға тырысып жатырмыз.

– Жалпы, Қарулы күштерде әскери байланыс мамандары жеткілікті ме?

– Толық жеткілікті деп айта ал­май­мын. Жетіспеушілік байқалады. Дегенмен біз бұл проблеманы шешудің жан-жақты амалдарын жасап жатырмыз. Елімізде байланыс офицерлерін Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында даярлайды. Орта буын мамандары Сағадат Нұрмағамбетов атындағы астаналық әскери колледжде білім алып жатыр. Кіші деңгейдегі әскери-есептік мамандықтардың негізін мерзімді қызмет сарбаздары Алматы облысындағы байланыс әскерлерінің оқу орталығында игереді. Осы оқу орындарының күшімен Қарулы күштеріміздегі кадр жетіс­пеу­шілігі мәселесін толыққанды шешуге қадамдар жасалып жатыр.

Соңғы уақыттағы жеткен табыс­та­рымыздың бірі – Ұлттық қорғаныс уни­верситетінің базасында Байланыс және ақпараттық қауіпсіздік кафедрасын құрдық. Бұл жерде келешекте байланыс саласындағы магистранттар мен докторанттар даярланатын болады. Әскери байланыс жоғары білікті, өз ісі мен туған Отанына берілген байланыс әскерлерінің мамандарынан тұрады. Сол себепті оларға әскердің жауынгерлік дайындық жүйесінде зор жауапкершілік жүктелген. Келесі жылдан бастап аталған кафедраға талапкерлерді оқуға қабылдаймыз.

Бұған қоса әскери байланысшылар өздерінің кәсіби біліктілігі мен шеберлігін «Батыл тойтарыс-2023», «Айбалта-2023» стратегиялық оқу-жаттығулары мен басқа да іс-шаралар барысында дәлелдеп келеді.

– Заманауи техникалар дамып жатыр дедіңіз. Олардың ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз.

– Қазір әлемдік деңгейде радиобайланыс технологиялары үздіксіз дамып келеді. Өйткені әскери салада мәлімет алмасу өте үлкен көлемде жүріп жатыр. Байланыс құралдары толықтай цифр­ландырылды. Біз де заман көшінен қалмай, әскери байланыс құралдарын жетілдіруге бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Қазіргі болып жатқан қарулы қақтығыстарға, онда қолданылып жатқан байланыс құралдарының әлеуетіне жіті назар салып, бақылап отырмыз. Жоғарыда айтқанымдай, әскери байланыс құралдарының дамуымен әскерді басқарудың әлеуеті артады. Яғни ақпаратты беру жылдамдығы кез келген іс-әрекеттің тиімділігіне ықпал етеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұрын біз поштамен хат жіберсек, қазір мессенджерлердің көмегімен жазылған ақпарат сол сәтте-ақ жердің арғы бетіне жетеді. Сол сияқты майдан даласында да жылдам хабар алмасу кез келген қақтығыстың оңтайлы шешілуіне әсер етеді. Сондықтан байланыс жүйесін дамыту – Қарулы күштеріміздің қуатын арттырудағы негізгі бағыттардың бірі.

Қазіргі заманғы радиостанса­лар­ алыс қашықтықпен байланыс орна­ту­ мүмкіндігімен және бері­ле­­тін мәліметтердің қорғалуымен ерек­ше­ле­неді. Яғни жабық арналар ар­қы­лы хабар алмасылады. Ешқандай кедер­гіге қарамайды, кез келген ауа райы жағдайында жұмыс істей алады. Біздің әскери байланыс бөлімшелеріміз келесі жылы толықтай осындай заманауи құралдарға көшеді. Бұл құралдар шетелдің өнімі болғанымен, өз елімізде құрастырылады, яғни оның құрамында отандық өнім бөлшектері бар.

– Мерекеге орай әріптестеріңізге қандай тілегіңізді арнайсыз?

– Мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтау және тәуелсіздігімізді нығайту – бәріміздің ор­тақ міндетіміз. Отан үшін қажырлы ең­бек ете берейік. Әріптестеріме кәсіби ше­бер­ліктерін шыңдап, заман талаптары­на­ сай білімдерін жетілдіре берулерін тілей­мін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»