Тау-кен өнеркәсібінің ең маңызды салаларының бірі уран өндірісі қарқынды дамып келеді. Кен орындарында жыл сайын 20 мың тоннадан астам уран өндіріледі. Бұл – дүние жүзіндегі бүкіл уран өндірісі көлемінің шамамен 40 пайызы.
Әлемде уран өндірісін дамыту, атом энергиясының маңызын арттыру жөнінде түрлі пікірлер бар. Бұған соңғы жылдары мұнай мен газ өндірісі саласындағы дағдарыс, соған байланысты, әлемдік энергетика нарығының әртүрлі қуат көздеріне қатысты әртараптандырылған бағыт ұстануы себеп болып отыр. Айталық, кейінгі жылдары бүкіл әлемде жел және күн энергиясының ресурстарын кеңінен пайдалану барынша өріс алып келеді. Мұнай мен газ тапшылығын қатты сезініп отырған мойны озық Еуропа елдерінің өзі мақсатты түрде нақ осы бағытқа қарай бет бұра бастады. Сондықтан да бірден-бір қуат көзі – энергетика саласындағы осындай өзгерістерді жақсы байқап, жіті бақылап отырған әлемдік деңгейдегі білікті маман, сарабдал сарапшылар бүгіндері басты шикізаты уран болып табылатын атом қуатын пайдалану, оны өндіру технологияларын жетілдіру мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Өйткені бүгінгі таңда орын алған әлемдік энергетика жүйесінің дағдарысы, одан туындайтын әлеуметтік-экономикалық, экологиялық проблемалар осы уақытқа дейін пайдаланылып келген көмірсутегі қуаттарына балама көздерді қарастыруда атом энергетикасының бірқатар артықшылығын алға тартады.
Бесенеден белгілі, әлемдік энергетикалық тұтыну нарығының 95 пайызы ауаға көмірқышқыл газын шығаратын көмірсутегі өндірісіне, атап айтқанда, мұнай мен газға, көмірге негізделген. Ғалым-мамандар мен сарапшылар осыдан келіп жер жүзінде экологиялық ахуалдың барынша асқынып кеткендігін айтады. Көптеген беделді ғалым жаһандық жылыну үдерісінің белең алып бара жатқанына ауаға көмірқышқыл газының мейлінше мол таралуы әсер етіп отыр деп санайды. Ал уранды отын ретінде пайдаланатын атом электр стансалары болса, ауаға көмірқышқыл газын таратпайды.
Атом электр стансасын салу мәселесі соңғы кездері жиі сөз болып жүр. Оған басты бір себеп – елімізде уранның барынша мол өндірілуі. Дегенмен атом қуатына қатысты пікірлер бір жақты емес, сан қилы. Бірқатар маман: «Атом энергиясы – еліміз үшін экономикалық дамудың қажетін қанағаттандыратын, сонымен бірге энергетика қауіпсіздігін түбегейлі шешуге мүмкіндік беретін бірден-бір электр энергия көзі. Сондықтан бізге атом электр стансасын салу қажет» десе, екінші бір тараптар: «Атом электр стансасын құру үшін бізге оны басқаратын және оны жұмыс істететін мамандар қажет болады. Қазіргі уақытта мұндай мамандар бізде жоқ» деген желеумен, атом стансасын салуға қарсылық білдіруде. Осы тұрғыда біз ел көлеміндегі уран өндірісінің даму бағытына, жай-жапсарына үңіліп көрген едік.
Еліміздегі алғашқы өнеркәсіптік «Қордай» кен орны сонау 1951 жылы барланған екен. Ал 1960 жылдардың соңында Қазақстанның оңтүстігінде «Шу-Сарысу», «Іле» және «Сырдария» уран кеніштері анықталды. Ел көлемінде табылған көптеген уран кен орны құрылу жағдайы және тәжірибелік сипаты бойынша сан салалы. Геологиялық ұстаным, генетикалық белгілер және аумақтық өзгешелігінің тұтастығы бойынша, Қазақстанның кен орындарын алты уран-кен провинциясы құрамында қарастыруға болады: Шу-Сарысу, Сырдария, Солтүстік Қазақстан, Каспий маңы, Балқаш маңы, Іле. Қазіргі таңда баланстық қорына ие барланған 56 уран кен орнының 14-і игеріліп жатыр, ал қалған 42-сі резервте тұр. 14 кен орнында «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы жұмыс жүргізеді.
Қазақстан табиғи уранның барланған қорлары бойынша әлемде Аустралиядан кейінгі екінші орында. Барлық барланған әлемдік қорлардың шамамен 14%-ы Қазақстан Республикасының жер қойнауында шоғырланған. Елдің жалпы барланған қорлары 700 мың тоннадан астам уран болып бағаланады.
2009 жылы еліміз уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орынға шықты және энергетика нарығында жетекші позицияны күні бүгінге дейін берік ұстанып отыр. Ел көлемінде әлемдік уран өнімінің шамамен 40%-ы өндіріледі. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың (WNA) мәліметі бойынша, 2012 жылдан бері еліміздегі уран өндірісі 21 мың тоннаға артып, 2016 жылы 24,6 мың тоннаға жеткен, 2020 жылы 19,8 мың тонна өнім алынған. 2021 жылы уран өндіру көлемі 21,8 мың тоннаны, 2022 жылы – 21,3 мың тоннаны құрады.
WNA мәліметінше, соңғы жылдары әлемде өндірілген уранның 85 пайызы 10 ірі компанияға тиесілі, олардың арасында уран, сирек металдар, Атом электр стансаларына арналған ядролық отын экспорты мен импорты бойынша Қазақстанның ұлттық операторы мәртебесіне ие «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ да бар. Компанияда 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Еліміз бойынша уран Түркістан, Қызылорда, Ақмола облыстарында өндіріледі. Өндіріс үрдісі үш кезеңнен тұрады. Олар – бұрғылау, өндіру және өңдеу. Уран өндіру ең экологиялық қауіпсіз және ең аз шығынды әдісі болып табылатын жерасты ұңғымалық шаймалау (ЖҰШ) әдісімен жүргізіледі. Бұл әдіс бойынша өндірілгенде уран дайын күйінде жер бетіне шығарылмайды. Кен орнында жіберу ұңғымалары салынып, солар арқылы кенді топыраққа шаймалау ерітіндісі жіберіледі. Ол кен көкжиегі арқылы өтіп, уранның табиғи қосылыстарын ерітеді, содан кейін құрамында уран бар ерітінді шығару ұңғымалары арқылы сыртқа шығарылады. Басқаша айтқанда, уран ешқашан ашық әдіспен өндірілмейді, мұнда жер асты шахталары, карьерлер дегендер атымен жоқ. Сондықтан да бұл әдіс экологиялық тұрғыдан алғанда әлдеқайда қауіпсіз және жер қыртысына да соншалықты теріс әсері жоқ.
Дәстүрлі әдістермен салыстырғанда ЖҰШ әдісінің қоршаған ортаға теріс ықпалы аз және ол өндірудің барынша төмен өзіндік құнын, өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау саласындағы жоғары көрсеткіштерді қамтамасыз етеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК уран өндіруді 100% ЖҰШ әдісімен жүргізеді. Компания – ЖҰШ әдісімен уран өндіруде әлемде даусыз көшбасшы. Осы технологиямен өнім өндіруге жарамды еліміздің қолайлы геологиялық жағдайы компанияға бірегей бәсекелестік артықшылық береді. ЖҰШ әдісімен уран өндіру мен техникалық инновацияларды енгізу тәжірибесі ЖҰШ әдісін қолданатын кеніштерде құрылыс басталғаннан кейінгі 18 ай ішінде коммерциялық өндіріске қол жеткізуге мүмкіндік берді. Ал дүниежүзілік тәжірибеде ЖҰШ әдісімен уран өндіретін кенішті іске қосудың орташа кезеңі шамамен 3 жылды құрайды. Уран өндірудің барлық үдерісі автоматтандырылған және компанияның тұрақты бақылауында, ал компания кеніштеріндегі техникалық жабдықтар OHSAS 18001 және ISO 14001 сияқты қауіпсіздік пен қоршаған орта стандарттарына толық сәйкес келеді.
Жер астынан шығарылған уран сары ұнтақ күйге дейін жеткізіліп, әрі қарай өңдеу зауыттарына жіберіледі. Олар Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы уранды аффинаждау және конверсиялау бойынша CAMECO технологияларына қол жеткізді. Алайда уранды байыту технологиясы әлі күнге дейін бізге қолжетімсіз болып тұр. Соның салдарынан бұл үдеріс үшін өңделген уранды көрші Ресейге жіберіп, сол елдің уран байыту жобасына қатысуға мәжбүрміз. Ал уран тотығының ұнтағы мен отын таблеткаларын өндіру Үлбі металлургия зауытында 1973 жылдан бері іске асырылып келеді. Сондай-ақ Үлбі зауытының базасында қытайлық CGNPC компаниясымен бірге отын құрамаларын өндіру жобасы табысты жұмыс істеп тұр. Бұл атом электр стансалары үшін ядролық отын шығару бойынша еліміздегі жалғыз өндіріс және 20 жыл бұрын кепілді өткізу нарығы бар. Зауыттың қуаты – төмен байытылған уранға есептегенде жылына 200 тонна.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ инновациялық өндірісінің іске қосылуы Қазақстанға атом стансалары үшін ядролық отын өндіруші және жеткізуші мемлекеттердің шектеулі шеңберіне кіруге мүмкіндік беріп, Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту және осы бағыттағы басқа елдермен ынтымақтастық перспективалары бойынша жаңа мүмкіндіктер ашты.
Бүгінгі таңда «Қазатомөнеркәсіп» уран өнімін Қытай, Еуроодақ елдері, Үндістан, Ресей, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада және басқа елдерге сатады.
Компания қызметінде қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіптік, радиациялық және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты басымдыққа ие. Сонымен қатар өндірістегі жарақаттану деңгейін нөлге жеткізу мақсатында Vision Zero халықаралық бағдарламасына қосылған. Әрбір қызметкердің денсаулығы, өмір қауіпсіздігі – ерекше назарда.
«Қазатомөнеркәсіп» өзі жұмыс жүргізіп жатқан өңірлердің өсіп-өркендеуіне де белсенді ат салысып келеді. Жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлес қоса отырып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды батыл қаржыландырады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша компания әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға 850,9 млн теңге көлемінде қаражат бөліпті.
Маман-ғалымдардың айтуынша, 1 кило уран 1 кило көмірді жаққан кезде бөлінетін энергиядан 88 мың есе артық қуат береді. Есесіне ешқандай көмірқышқыл газын шығармайды. Міне, осы мән-жайдың өзі дүние жүзінде атом энергетикасының қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК ұйымдастыруымен 2024 жылғы 16-18 мамыр күндері Алматы қаласында «Уран және сирек металдар өнеркәсібінің дамуы» XI Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтпекші. Конференцияның мақсаты – әлемнің ядролық индустрия компанияларының ғылыми-техникалық интеграциясына жәрдемдесу. Келелі кеңесу аясында «Уран өндіру және өңдеу технологиялары» мәселесі арнайы секция жұмысында қарастырылады. Сондай-ақ реакторға дейінгі ядролық отын циклінің технологиялары мен өзекті мәселелері, тұрақты даму, соның ішінде экология, әлеуметтік сала және корпоративтік басқару (ESG) мәселелері, атом саласы қызметінің құқықтық, макроэкономикалық және білім беру аспектілері кеңінен сөз болады.
Сөз жоқ, еліміз уранға аса бай. Соңғы ширек ғасыр иінінде оның өндірісі төрт есеге жуық артты. Демек, жақын жылдары уран өндірісі біздің әлемдік энергетика нарығындағы ең басым бағытымыз болып қала береді.