• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Президент 01 Қараша, 2023

Қазақстан мен Франция президенттері келіссөз жүргізді

241 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстанға ресми сапармен келген Франция Президенті Эмманюэль Макронмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Келіссөз алдында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекет басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізу үшін Шығыс залына барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронға ілтипат білдіріп, жылы қарсы алды.

«Президент мырза, біз үшін бүгін үлкен оқиға. Сіздің сапарыңызды бәріміз құптаймыз. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық жақсы дамып келе жатыр. Дегенмен екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беру керек. Сондықтан сіздің сапарыңызды тарихи, өте маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін. Оған ешқандай күмәнім жоқ», деді Президент.

Мемлекет басшысы Франция Қазақстанның Еуропа Одағындағы басты және сенімді серіктесі, сондай-ақ ел экономикасының ірі инвесторының бірі екенін атап өтті.

Өз кезегінде Эмманюэль Макрон Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстарға жоғары баға берді.

«Президент мырза, ресми сапармен келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Астанаға келіп, Сізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Осы сапарды ұйымдастырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл сапар біздің екіжақты серіктестігіміз үшін маңызды жылмен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгін біз өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ Жарғысын, соның ішінде аумақтық тұтастық, ұлттық тәуелсіздік қағидаттарын сақтауға бейілді екенімізді тағы да нақтылай аламыз. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылаймыз. Біз экономикалық тұрғыдан серіктес елдерміз. Сондай-ақ Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық-стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамыта түсетін маңызды келісімдерге қол қоямыз. Сізбен жүздесіп, ортақ күн тәртібін талқылау мүмкіндігі туғаны үшін қуаныштымын», деді Франция Президенті.

Мемлекет басшылары қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Екіжақты кездесуден кейін мемлекеттер басшылары келіссөздерді екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды.