• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 02 Қараша, 2023

Туризмге де ғылыми көзқарас керек

546 рет
көрсетілді

Елдегі туризмді дамытуға мемлекет жыл сайын миллиардтаған қаражат жұмсап, түрлі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Алайда туризмнің дамуы кешеуілдеп тұр. Мұның себебін ғалымдар туризм саласындағы ғылыми көзқарастың аздығымен байланыстырады.

Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесі сарапшыларының айтуынша, әлемдегі туризм индустриясы 2033 жылға қарай 15,5 трлн долларды құрайды. Бұл – әлемдік экономиканың 11,6 пайызы. Бұл көштен біз де қалмауымыз керек. Мәселенің тереңде жатқанын ұғынған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары туризмнің ғарыш пен қоршаған ортаға антропогендік әсерін болжайтын бағалау әдісін әзірлеп жатыр. Бұл бағалау әдісі – туризмді әлемдік деңгейде, кең көлемде дамытудағы таптырмас құрал. Бұған қоса тұрақты туризм стандарттарын белгілеу жүйесі де іске асады. Бағалау әдісіне туристік-рекреациялық ресурс­тарды ұтымды пайдалану, оларды бағалау және антропогендік факторлардың әсер ету мәселелері, аумақтық туристік жүйелердің кеңістіктік-экономикалық ұйымдастырылуын оңтайландыру, жеке ресурстар мен комбинацияларының құнды­лығын анықтау кіреді. Жобаның ғылыми жетек­шісі – PhD, қауымдастырылған профессор Жанна Медеуқызы.

Ұлттық ғылыми порталдың хабарлауынша, туристердің бақыланбаған, реттелмеген үлесі бірегей географиялық және тарихи орындарға орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Аймақтың сыйымдылығы экологиялық, әлеуметтік, мәдени және экономикалық құрылымын өзгертуге жол бермейтіндей, белгілі бір аумаққа ғана келетін туристердің санына қарай анықталуға тиіс. Естеріңізде болса, Көбейтұз көлінде табиғи ресурстарды басқарудағы ретсіздік пен туристік-рекреациялық мүмкіндіктерін есептеудің жоқты­ғынан туристер толып кетіп, көл тартылуға дейін барған. Осыдан-ақ туризм қызметін реттеудегі «тұрақсыз» тәсілдер неге әкелетінін көруге болады. Мұны туристік дестинацияның дамымауымен байланыстыруға болады. Ғалым Жанна Медеуқызы бұл тақырыпты да зерттеп, ғылыми шешім қарастырып жүр.

– Карантин кезінде Ақмола облысының Ерей­ментау жеріндегі Көбейтұзға жұрт жаппай барды. Артынша тұзын тасып жоқ қылғанын, суының лайланғанын көрдік. Бұл – халықтың бір орынға жаппай жиналуынан болған жағдай. Туристердің өзіне ғана емес, экологиялық жүйеге де кері әсер етті. Себебі экожүйе көп адамды бір мезетте шағын орында қабылдауға ешқашан дайын болмайды. Сол сияқты Алматы облысындағы Түрген сарқырамасын мысалға алайық. Жазда бұл орынға 8-9 мың адам жиналады. Бұл – бір күндік көрсеткіш. Оны өзіміз барып санап шықтық. Міне, осы мәселені де түрлі тәсілмен бақылауда ұстау керек, – дейді ғалым.

Әзірге бізге белгілі тәсілдер – рекреациялық сыйымдылықты бақылап, туристер ағынын ұйымдастыру. Оның ішіне демалыс күндері кіру құнының қымбат, жұмыс күндері арзан болуы кіреді. Ал жас ғалым көрікті орындарға турист таситын компаниялар өзара келісіп жұмыс істеуі керек деген ұсыныс білдірді. Себебі бәрі бір уақытта келіп, бір уақытта кетеді, соңында қаншама қоқыс қалады. Ғалымның пікірінше, олардың бірі сағат 10-да жетсе, екіншісі бір-екі сағат кешірек баруы керек немесе күндерін бөліп алуы қажет. Жалпы алғанда, ұлттық парк туристердің ағынын бақылауда ұстауды қолға алса, мәселенің беті бері қарар еді.

Жаннаның тағы бір ұсынысы – еліміздің туризм саласына Бельгияның тәжірибесін енгізу. Ол ғылыми ізденісінде әлем елдеріндегі әлеумет­тік туризмнің жай-күйіне көп тоқталған. Сонда Қазақстанға Бельгияның моделін енгізуге болатынына көзі жеткен.

– Әлеуметтік туризм осы санатқа жататын адамның тегін саяхаттау мәселесін ғана қарас­тырмайды. Бұл жерде ол адамның арнайы жеңілдіктермен баруын да қамтиды. Міне, Бельгиядағы тәжірибе осындай. Туристік ағын тоқтап, қонақүйлер босап қалған кезде 70-80 пайызға дейін жеңілдіктер ұсынады. Бұл жеңіл­діктерді қарапайым адамдарға емес, әлеуметтік топтарға жасайды. Бұл елде халық саны аз. Ал туризм саласында небәрі бес-ақ адам жұмыс істейді екен. Олар үкіметтік емес ұйымдармен үнемі байланыста болады. Өз кезегінде жауапты органға әлеуметтік топтағы өздері қалаған санатқа жеңілдіктер жасайтынын жеткізеді. Мысалы, мүгедектерге жеңілдік жасағысы келуі мүмкін. Ал осы салада жұмыс істейтін аталған бес адам (мемлекеттік мекеме қызметкерлері) мүгедектер ұйымына хабарласып, жеңілдіктер туралы айтады. Бастапқыда бұл қолмен атқарылатын жұмыс болатын. Кейін автоматтандырылған жүйе арқылы іске аса бастаған. Қазақстанға да осы тәжірибені енгізу керек. Туристік фирмалар туристік маусым аяқталғанда жеңілдіктерді кез келген адамға бере салмай, арнайы санаттарға таратса, бұл сала дамитын еді. Оны жасау сондай қиын шаруа емес, – дейді Жанна.

Әлеуметтік туризм – біздің елдегі кенже қалған бағыттардың бірі. Нақтырақ айтқанда, ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған туризм Қазақстанда дамымаған. Бұған қатысты  ақпараттар жоқтың қасы десе де болады. Жанна Медеуқызы осы саланы зерттеуді сол үшін де қолға алған. Ғаламтордан бұл бағытта ізденген ғалымдарды тауып, оларға хат жазған. Ғалымдардың ішінен біздегі бұл сала Линн Миннаертқа қызық болып, хатқа жауап қайтарған. Себебі кеңес заманынан кейін егемендік алған елдердегі әлеуметтік туризм беймәлім күйде қалған. Миннаерттен салаға қатысты біраз құнды ақпар алып, зерттеуін тереңдете түскен. Экологиялық, туристік және рекреациялық әлеуетті бағалау нәтижелері бойынша антропогендік жүктеменің бөлінуін графикалық бейнелеу және шиеленіскен эколо­гиялық жағдай аймақтарын анықтауға геогра­фиялық ақпараттық жүйе технологиялары негізінде интерактивті картографиялық материал­дарды әзірлеу керек деген ойға келген.

– Әлеуметтік туризмге ерекше қажеттілігі бар жандар ғана емес, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, жұмыссыз жастар, жағдайы төмен отбасылар кіреді. Олардың демалуына тиісті жағдайлар жасалса, әлеуметтік туризмнің дамыға­нын білдіреді. Ал бұл саланың әлі күнге дейін кенже қалуының өзіндік себептері бар. Осы жоба бойынша ізденгенімде түрлі ведомствомен байланыс орнаттым. Сонда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрімен байланысқа шығып, саланы дамыту туралы өз ұсыныстарымды білдірдім. Егер министрлік осы идеяларымды жүзеге асырса, әлеуметтік туризм­нің дамуына серпін берер еді. Болашақта мемле­кеттік органдар ғалымдармен бірлесе жұмыс істесе, түйіні шешілмей тұрған біраз мәселенің шешімін табуға болады деген ойдамын. Өзім секілді ғалымдарға жекелеген тұстарда болатын кедергілер қиындық тудырмай, атқарушы органдармен жылдам байланыс орната алатын жағдай жасалса деген де тілегім бар, – дейді ғалым.

Былтыр мемлекет балалардың ұшақпен ұшуына қатысты Kids Go Free жобасын іске қосқан еді. Балалардың тегін ұшуына мүмкіндік жасалған. Міне, осыны әлеуметтік туризмнің бас­тамасы деп айтуға болады, дейді ғалым.