Талдықорғанның кіреберісіне салынған «Береке» коттедж қалашығының мәселесі көп болып тұр. Құрылысы 2014 жылы басталған қалашықты салу үшін 8 млрд теңгеге жуық бюджет қаржысы бөлінген. Сөйтіп көп балалы аналарға арнап мемлекет тапсырмасымен арнайы зәулім үйлердің іргесі көтерілген еді. Әйткенмен жеме-жемге келгенде баспаналар шенеуніктердің туған-туыстарына таратылып, тіпті сапасы сын көтермейтіні әшкере болды.
Еңселі тұрғын үйлер осыдан 4 жыл бұрын біртіндеп пайдалануға беріле бастады. Алайда мемлекеттік бағдарлама арқылы баспанаға қол жеткізген тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмай, коттедж қалашығындағы үйлердің мәселесі көп екені айтылды. Содан бері «Береке» атауын иеленген шағын ауданға қатысты шу толастаған жоқ. Тіпті жауапты мамандар жарты млрд-тан аса теңгені үнемдеп қалғаны анықталған. Сөйтсек, іске жауапты мамандар ішінара мемлекеттің үйін саудаға салған екен. Жетісу облысының прокуратурасы бұл істі зерттей бастағанда бірқатар шикілікті анықтады.
Ел ішіндегі қайғылы оқиғадан кейін Үкімет көпбалалы ата-аналарға барынша көмектесуді тапсырған еді. Осы ретте Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов көпбалалы отбасыларға қала сыртынан су жаңа жер үйлердің кілтін тапсырды. Көп ұзамай әлеуметтік желіде берілген үйлердің сылағы түсіп, кірпіші дұрыс қаланбағаны жарияланды. Ел ішіндегі дүрмекке қала әкімдігі араласып, әйтеуір шуды лезде басты. Жалпы, «Береке» коттедж қалашығы аталатын тұрғын үй массивінде жоспар бойынша 606 үй салынуға тиіс. Бұл үйлердің құрылысын жүргізген – «ПМК 7 К» құрылыс компаниясы. Ал енді бүгінде о баста көтерілген мәселенің бекер емес екені айқындалғандай. Әйтсе де талан-таражға түскен халықтың ақшасы кері қайтпайтын секілді.
Облыс екіге бөлініп, қалашық Жетісуға тиесілі болған шақта өңірлік прокуратура өкілдері сол үйлерге қайта зерттеу жүргізді. Осылайша, өңірде мыңға таяу баспана заңсыз беріліп, пәтер кезегі заңсыз алға жылжығаны белгілі болды. Соның салдарынан 2 мыңға жуық тұрғынның кезегі бұзылып, нағыз мұқтаж жандар далада қалып, таныс-тамыр тапқандар оңай олжаға ие болған.
«Үйлер салына бастағанда жауапты мамандар бізге осы жерден пәтер аласыңдар деген» еді. Бірақ құрылыс біткенде кезегіміз төмен түсіп кеткенін байқадым. Қала әкіміне хат та жаздық, арнайы ұйымдарға да бардық, бірақ құжат реті солай болды деген жауаптан басқа түк бітіре алмадық. Кейін бұл баспаналардың таныс арқылы алдын-ала үлестірілгенін естіп таңғалдым», дейді көпбалалы ана Зәуреш Ескендірқызы.
Өткен айда облыстың бас прокуроры Мадияр Басшыбаев ақпарат өкілдерімен кездескенде осы мәселе бойынша тексеру жұмыстары жүргізілгенін алға тартқан еді. Тіпті сырты көз сүйіндірген зәулім нысандардың сапасы сын көтермейтінін де айтқан.
«Кейбір баспаналар қағаз жүзінде сапалы болғанымен, іс жүзінде жағдайы мүшкіл. Прокуратура өкілдері 230 үйдің сапасына тексеріс жүргізіп, жарты миллиардтан аса теңгенің құрылысы орындалмағанын анықтады», дейді Мадияр Басшыбаев.
Бүгінде облыс прокуратурасы Талдықорған әкімдігімен бірлесіп 750 пәтерді заңдастырып, 1 400 адам кезекке қайта қойылған. Оның үстіне электронды кезек те жолға қойылып, көпжылғы мәселенің шешімін табудың жаңа жолы қарастырылған. Өкінішке қарай, осы іске қатысы бар 3 әкімдіктің лауазымды тұлғасы мен техникалық қадағалауды жүзеге асырушы 2 маман қамауға алынған.
Баспана мәселесіне үңілсеңіз, жемқорлықтың нағыз қазанына бас сұғасыз. Оның басында лауазымды қызметкерлердің тұрғаны да жасырын емес. Қазір облыста мемлекеттің мүлкін талан-таражға салу және сыбайлас жемқорлық әрекеті де азаймай тұр. Мәселен, құзырлы орган қызметкерлері 16,5 млрд теңгені қолды қылуға ұмтылғандарға қатысты 5 қылмыстық іс қозғап, осы іске қатысты 15 тұлға құқық қорғаушылардың құрығына түскен. Тіпті кейінгі мәліметтерге сүйенсек, 420 млн теңгені қонышына тыққан 5 тұлға құрықталып, 2 қылмыстық іс қозғалған. Облыстық прокуратураның белсене араласқанының нәтижесінде 200 млн-нан астам қаржы мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Қазір осы бағытта жүйелі жұмыстар жүріп жатыр.
«Пәтер мәселесі Жетісудың дертіне айналып отыр. Кезек күткен мүмкіндігі шектеулі жандар мен соңынан баласын ерткен әйелдер өте көп. Қала шағын, қаншама үй тұрғызылып жатыр. Қарасаңыз, жағдайлы кісілер мен мемлекеттік лауазымды қызметте отырған тұлғалар 3-4-тен баспана алып алған. Бұл – біздің қалада ғана емес, ел бойынша да асқынып тұрған мәселе. Кезекте 10-15 жылдап тұрғандар енді үй алып жатыр. Ойлап отырсаңыз, масқара ғой!», дейді қоғам белсендісі Назым Отаубаева.
Шынында, кейінгі уақытта өңірде үйге қатысты мәселелер желдей гулеп кетті. Заңсыз берілген үйлер, оны заңдастыра алмай дал болған адамдар, кезегі жоғалған ата-аналар, баспанасына тіркеле алмай жүрген тұрғындар – осының бәрі Алматы облысынан қалған күрмеуі қиын мәселеге айналып тұр. Мыңға жуық заңсыз пәтердің басым көпшілігі заңдастырылған, яғни 541-і – пәтер иесіне рәсімделсе, қалғаны мемлекеттік органдар балансына берілген.
«300-дей пәтерге қатысты құжаттар сотқа жолданды. Пәтерлерді заңсыз үлестіру бойынша қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оған жауапты тұлғалар да тексеріс үстінде. Мыңнан аса кезек ретке келіп, шын мұқтаж жандардың жайына мән берілді. Алдағы уақытта заңсыз үй алған жандардың құжаты толық шешіледі. Бәрі ретке келеді деген ойдамыз», дейді жауапты мамандар.
Жетісу облысы прокуратурасының мәліметінше, 23 қазанда Талдықорған қаласының сотында «Береке» коттедж қалашығының сапасыз құрылысы барысында заңсыздыққа жол берген кінәлі шенеуніктерге қатысты үкім шығарылған. Облыстық прокурорлар бұл нысанды салу кезінде жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеп, тергеп-тексеру жүргізген.
Прокурорлық тексеруді бастауға бұқаралық ақпарат құралдарындағы құрылысы аяқталмаған үйлер туралы бірнеше жарияланым себеп болды. Қылмыстық істі тергеу шеңберінде мердігер келтірілген залалды өтеп, 36 үйді өз қаражатынан салды. Биыл 30 қыркүйекте жергілікті атқарушы орган 25 үйдің кілтін көпбалалы отбасыларға берді. Жақын арада тағы 11 үй беру жоспарланған.
«Сот үкімімен мердігер ұйымның басшысы, құрылысты техникалық қадағалауды іске асыратын компанияның жұмысшылары және тапсырыс беруші – «Талдықорған қаласының құрылыс бөлімі» ММ-нің лауазымды тұлғалары Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі, 361-баптың 4-бөлігі және 280-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, жазаның әр түріне сотталды», делінген прокуратура хабарламасында. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қазір өңірде осы пәтерге қатысты жайттар анда-мұнда бой көтеріп тұрады. Облыс әкімдігі шамасынша тұрғын үймен қамтамасыз етуге тырысып жатыр. Өткен былықты бір жылда ретке келтіру мүмкін емес. Оған кінәлі тұлғалар да қазір мұнда жоқ.
Жетісу облысы