Қазақстанда Костенко атындағы шахтада орын алған қайғылы оқиғаға қатысы бар кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі орынды көтеріліп жатыр. Бұл туралы Сенат отырысында депутат Сергей Ершов өз сауалында сөз қозғады, деп жазады Egemen.kz.
«Қоғам Костенко атындағы шахтадағы қайғылы оқиғаға кінәлілерді жауапқа тарту қажеттілігі туралы мәселені орынды көтеріп отыр. Мұндай қайғылы оқиғаларға кінәлілер жеңіл жазамен құтылып кетпеуі керек. Қылмыстық заңнама өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құралына айналуы тиіс», деді депутат.
Сондай-ақ сенатор Қазақстан Үкіметінің басшысына келешекте мұндай қайғылы жағдайларды жою үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікке тиімді тәсілдің мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.
Естеріңізге сала кетейік, 28 қазанда Костенко шахтасында метан газы жарылған еді. Жарылыс толқынының таралу диапазоны 2 км-ден астам болды. Қарағанды облысында қаза тапқан 46 кеншінің барлығының мәйіті табылып, олардың толық тізімі жарияланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметіне «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Кеншілердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ меншігін Қазақстанның пайдасына беру жөніндегі мәміле қазірдің өзінде аяқталып жатқанын мәлімдеді. Президент АМТ басқаруды Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Вадим Басинге тапсырды.