• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сенат 02 Қараша, 2023

Өңірлердегі архивтік қоймалардың жағдайы күрделі – Дархан Қыдырәлі

304 рет
көрсетілді

Сенат отырысында сенатор  Дархан Қыдырәлі Премьер-министр Ә.Смайыловқа   депутаттық сауал  жолдап,  архивтер толып кеткенін, басым көпшілігі ережеге сәйкес келмейтін ғимараттарда орналасқанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне  сілтеме жасап.  

Елдегі  архив қоймаларының толу көрсеткіші 90%-дан асады. Кейбір өңірлерде 100% толып қалуына байланысты құжаттарды сақтауға қабылдамайды.

«2022 жылы қаңтар айында Алматы, Талдықорған, Қызылорда, Тараз қалаларының ведомстволық архивтері отқа оранды. Түрлі апаттар мен төтенше оқиғалар болған жағдайда құжаттарды эвакуациялайтын арнайы орындар мүлде жоқ. Архив саласындағы ахуалды саралай келе төмендегідей сауалдар туындайды. Архивтерді тиісті ғимараттармен қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Төтенше жағдайларда архивтерді эвакуациялайтын орындар мен нақты пысықталған жоспар бар ма?  Өңірлерде, оның ішінде жаңадан құрылған облыстарда архив саласын дамыту үшін республикалық бюджеттен трансферттер бөлу көзделген бе?», деді Д.Қыдырәлі.

Сенатор 229 мемлекеттік  арнайы мұрағатта жұмыс істейтін мамандардың жалақысы мардымсыз болғандықтан да кадр тұрақтамайтынын айтты.

 «Өркениетті елдердің мұрағат ісіне қаншалықты мән беріп отырғаны белгілі. Мәселен, Ресей, Түркия, Өзбекстан сияқты іргелес елдерде архив ісі тікелей Президентке немесе Премьер-министр кеңсесіне қарайды. Елімізде құзіретті органның өкілеттігінің жетпеуінен түрлі бюрократиялық кедергілер туындап отыр.  

Архивтердегі құжаттарды сақтау мәселесі де сын көтермейді. Олардың басым бөлігінде талаптарға сай келетін тиісті қор сақтау қоймалары, тіпті қарапайым құрал-жабдықтар жоқ. Соның салдарынан құнды құжаттар қолдануға жарамай қалады. Арнайы мамандар тапшы болғандықтан, реставрациялық жұмыстар да жүргізілмейді. Өңірлерде ауысым 50% құрайды. Орталық мемлекеттік архивтердің штат саны мен бекітілген еңбек нормасы жоқ. Әрбір архив «цифрландыруды» жүйесіз, қызметкерлердің біліктілігіне байланысты әртүрлі жүргізеді. Ұлттық бағдарламар арқылы елге әкелінген көптеген құжаттар әлі жеке қолдарда жүр. Оларды ұлттық архивке өткізу міндеттелмеген. Сонымен бірге «Архив – 2025» бағдарламасын қайта қарау қажеттігі де туындап отыр» деді Д.Қыдырәлі.

Сенатор ұлттық  архив саласында қалыптасқан ахуалды саралай келе бірқатар мәселені көтерді. Үкімет басшысынан архивтерді тиісті ғимараттармен қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылғанын;  төтенше жағдайларда архивтерді эвакуациялайтын орындар мен нақты пысықталған жоспар бар-жоғын;   өңірлерде, оның ішінде жаңадан құрылған облыстарда архив саласын дамыту үшін республикалық бюджеттен трансферттер бөлу көзделгенген бе?  деген сауал қойды.  

«Архивін сақтамаған ел – тарихы тоналған ұлтқа, жады жоғалған жұртқа айналады. Бұл ретте тиісті ғимараттардың ескіргені, құзырлы орынның өкілеттігінің жеткіліксіздігі, қаржыландыру мен штаттың аздығы, жалақының төмендігі сияқты себептерге байланысты архивтерге мемлекеттік қолдау көрсету қажеттілігі айқын сезілетінін» айтқан Сенат депутаты  «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының  27-бабына сәйкес, өзі  көтерген мәселелер бойынша толық жазбаша жауап  жолдауын  сұрады.