• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Денсаулық 02 Қараша, 2023

Дәрігер кеңесі: Ағзаны суыққа дайындап үлгеріңіз

408 рет
көрсетілді

Қылышын сүйретіп келетін қыстың аязы бетті қарыса да, тоңдырса да жанның жылулығын сақтайды. Бұл – мезгілдің адамға әсері. Десе де қыстың қақаған аязына ағзаны дұрыс дайындаған абзал. Бұл дайындықты күз мезгілінің басынан-ақ бастаған жөн. Себебі, ауру айтып келмейді, оның алдын алу дұрысырақ. Осыған орай Egemen.kz тілшісі ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жоғары санатты әдіскер-дәрігері Гүлнар Тұрдыновамен кеңесіп көрді.

- Тұмаудың алдын алу үшін не істеу керек? Суықта тұмаудан басқа қандай аурулар өршиді?

- Тұмау мен өткір респираторлық вирустық инфекцияның маусымы күзде басталады. Вирустық аурумен кез келген жастағы адам сырқаттануы мүмкін, бұл адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Сол себепті олардың алдын алу маңызды.

Суық тигеннен туындаған аурулар, ең алдымен жіті респираторлық вирустық инфекциялар – кең тараған аурулардың бірі. Бұл диагнозды көбінесе балаларға қояды, өйткені, жас баланың ағзасында иммунитет толығымен қалыптасып үлгермейді. Ал ЖРВИ-мен көп ауырған ересек адамдардың иммундық жүйесі патогендерді «есіне сақтап қалды», сондықтан ересек адамдардың ағзасы аталған аурумен қалай күресу керек екендігін біледі. Мектепке дейінгі жастағы балалар ЖРВИ-ді балабақшада, сауда және көңіл көтеру орталықтарында, кейде үйдегі науқас ата-аналарынан жиі жұқтырады.

Бұл ауруды жұқтыру жолдары туралы айтатын болсақ, ол бәріне бірдей таралады. Егер адам түшкіріп немесе жөтеліп отырған науқастармен жақын араласса, вирустар ілінген қандай да бір заттармен байланысы болса немесе вирусты тасымалдаушы адамның заттарын пайдаланса қызуы көтеріліп, бірнеше күн бойы тұмаумен күресуіне тура келеді. Тұмау жеңіл болып көрінсе де, асқынып кеткен жағдайда, болмаса басқа аурулардың өршуіне байланысты адам өліміне де себеп болуы мүмкін. Бұл иммунитеті осал адамдар тобы үшін, дәлірек айтқанда балалар, егде жастағы адамдар, мүгедектігі бар адамдар, қант диабетіне душар болған науқастар және жүкті әйелдер үшін аса қауіпті.

ЖРВИ эпидемиясы кезінде қоғамдық орындарға баруды, қоғамдық көліктерге мінуді, дүкендер, цирк, кино және басқа да жерлерге қатынауды қысқарту қажет. Инфекцияны физикалық жолмен жұқтыруға жол бермеу үшін инфекция көздеріне жоламаған абзал. Отбасы мүшелері ауырған кезде науқастың бетіне дәкелі таңғыш тағу, сондай-ақ таңғышты әрбір 4 сағат сайын ауыстырып отыру керек. Оған қоса көп адам шоғырланған тұрғын үйлер мен кеңселерді желдетіп отыру да маңызды. Тұмау кенеттен басталып, дене қызуының күрт көтерілуімен бірге жүреді. Яғни дененің айқын интоксикациясы, сондай-ақ қалтырау, адинамия, бұлшық ет және бас ауруы, бүкіл денеде ауырсыну, төс сүйегінің артындағы ауырсынумен құрғақ жөтел пайда болады. Науқаста осы белгілер байқалса, жоғарыда айтып өткен кеңестерге құлақ түріп,  дезинфекциялық режимді күшейту ұсынылады. Бүгінде науқастардың 80 пайы­зы балалар екенін ескерсек, тұмау мен ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдырып, мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерге жібермеу керек.

Күн суықта тұмаудан басқа аурулар өршитінін де естен шығармаған абзал. Мұндай дерттерге менингит, отит, гайморит, бронхит, цистит сынды басқа да аурулар жатады. Менингококк инфекциясы қыста және ерте көктемде өршиді. Көбiне суықтан пайда болатын бұл ауру ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды. Инфекция ауа-тамшы арқылы, яғни жөтелген, түшкірген, сөйлескен кезде жұғады. Бұл дерттен қорғану үшін жылы киіну керек, әсіресе, бас киімді міндетті түрде киіп жүр керек. Жеке гигиена ережелерін сақтап, салауатты өмір салтын ұстану қажет.

Құлақ инфекциясының жиі кездесетін түрі – ортаңғы құлақтың қабынуы. Ол ортаңғы құлақ қуысына суық тиіп, қабынғаннан және жасушалардың ісінуінен пайда болады. Асқынған құлақ инфекциясы аз уақыттың ішінде дамиды және ауыр түрде өтеді. Отиттің алдын алу үшін құлақты үнемі тазалап, ішкі және сыртқы қабатын жуып отыру керек. Суық күнде құлақты жылы ұстаған абзал.

Ал гаймориттің алдын алу үшін салқын тигізбеу, тұмау ауруының кез келген белгісі байқала салысымен емдеу және салауатты өмір салтын ұстанып, иммунитетті ұдайы нығайту қажет. 

Бронхиттің басты белгісі – бірнеше аптаға дейін созылатын ұзақ жөтел. Көп жағдайда бронхит өздігінен кетеді, бірақ ол үшін бірнеше апта қажет. Бронхит антибиотикпен емделмейді, себебі антибиотик бактерияларды ғана жояды, ал бронхитке көбіне вирустар себеп болады.

- Суыққа төзімділікті арттырудың жолдары қандай?

- Ағзаны суыққа төзімді етудің бірден бір жолы – шынығу. Бұл - организмнің ауа райының қолайсыз әсеріне төзімділігін арттыруға арналған шаралар жиынтығы. Шынығуға негізінен ауа, су, күн сәулесі пайдаланылады, егер бұлар дене шынықтыру жаттығуларымен байланыстырылса, адам ағзасының төзімділігі тек арта түседі.

Таза ауа - шынығудың ең кең тараған және жеңіл түрі. Бұл жағдайда жыл мезгілінің ерекшелігі ескерілуі тиіс. Мәселен, жылдың суық кезеңінде шынығу үшін белгілі бір уақыт жаяу серуендеу, шаңғы тебу, жеңіл киініп баяу жүгіру, коньки тебу тәсілдері пайдаланылады. Далада организмді мұздатып алмау үшін тез қимылдап, жаттығуды ұзаққа созбаған абзал. Үйдің ішінде біраз уақыт жалаңаяқ жүру де пайдалы. Бұның ұзақтығын 1минуттан бастап, әрбір 5-7 күн сайын 1 минутқа ұзартып отырып, 10-15 минутқа жеткізуге болады.

Су ауаға қарағанда жақсы шынықтырады. Судың жылу өткізгіштік қасиеті ауаның жылу өткізгіштігінен 23 есе артық. Су теріс температуралық әсер етумен бірге механикалық әсер етіп денеге массаж жасайды. Капиллярлық қан айналысын да жақсартатынын айта кету керек. Су көмегімен үй жағдайында денені сулы орамалмен ысқылап сүртуге болады, ол үшін суық судың температурасы 34-35°С-тан төмен болмағаны жөн. Күн сайын дымқыл орамалмен сүртінгенде 6-7 күннен кейін судың температурасын бір градустан төмендетіп, оны 24-22°С-қа дейін жеткізуге болады.

Шынығудың тағы бір тиімді тәсілі – душ қабылдау. Маңызды ақпарат, контрасты деп аталатын душты тек дені сау және едәуір шыныққан адамдар пайдаланған жөн. Бұл тәсілде 3 минуттай уақыт ішінде жылы суды (40°С шамасындағы) бірнеше рет суық сумен алмастырып отыру керек.

Бұдан бөлек, дене жаттығуларына, әсіресе таңғы гимнастикаға назар аударған пайдалы. Айдын суға шомылудың да пайдасы зор, ол денені шынықтыруға жан-жақты әсер етеді, өйткені судың термикалық және механикалық тітіркендіру әсері ауа, күн сәулесі әсерлерімен және суда жүзу қимылымен ұласады.

Сондай-ақ ұйқы ағза үшін маңызды екенің бәріміз білеміз. Алайда, екінің бірі қалыпты ұйқы режимін ұстанбайды. Ұйқы - денсаулықтың, салауатты өмірдің, жастықтың және ұзақ өмірдің қайнар көзі. Ұйқы кезінде иммунитетті қалпына келтіру және күш жиынтығын реттейтін денеде маңызды процестер жүреді.

Күнделікті режимді ұстанып, түнгі 23:00-ге дейін ұйықтаған абзал. Күндіз 15-20 минут мызғып алу да артық етпес. Себебі күндізгі ұйқы қан қысымын төмендетеді, жүрек пен қан тамырларына оң әсер етеді, зейінді жоғарылатады және денені нығайтады. Ұйқыңыз келмесе спорттық жаттығу жасасаңыз болады, бұл ұйқысыздықтан арылуға көмектеседі, ең бастысы - жаттығуды ұйықтар алдында 90 минуттан кешіктірмей аяқтау керек. Демалатын бөлменің температурасы 17 градустан жоғары болмағаны абзал, жатарда бөлмені желдетіп, ұйықтар алдында терезені жауып жату керек.

- Тұмауға қарсы вакцина алу керек пе?

- Вакцинацияға келетін болсақ, бұл – инфекциялардың алдын алуға бағытталған спецификалық шара. Тұмауға қарсы вакцинация – инфекциядан қорғанудың қауіпсіз және тиімді жолы, аурудың асқынып кетуінен қорғайтын құрал. Жалпы, вакцина инфекцияны жұқтырудан 100%-ға қорғамайды, ондай вакцина әлі еш жерде шығарылмаған. Десе де тұмауға қарсы вакцинаны қабылдау өлім тәуекелін айтарлықтай төмендетеді. Біз бұны өз тәжірибемізде байқап жүрміз.

Тұмауға қарсы вакцинаны ең алдымен тәуекел тобына жататын адамдар (егде жастағы адамдар, балалар, созылмалы аурулары бар науқастар, т.б) алғаны дұрыс. Сондай-ақ қызметіне байланысты көпшілікпен жұмыс істейтін адамдар да міндетті түрде вакцинациялану керек.

Қазақстанда тұмауға қарсы «Гриппол+ АТ» Ресей вакцинасы қолданылады. Оның құрамына А (H1N1), А (H3N2) және В тұмауының үш штаммы кіреді. Вакцинаның антигендік құрамы тұмау вирустарының циркуляциясына және ағымдағы эпидемиологиялық маусымға болжау нәтижелеріне байланысты өзгереді. Бұл вакцинаның басқалардан айырмашылығы антигендердің аз концентрациясында, бірақ вакцинаның құрамына кіретін полиоксидонийдің арқасында иммунитет тез дамиды, бұл вакцинацияға айқын және ұзақ иммундық төзімділік береді. Тұмаумен сырқаттану қараша, желтоқсан және қаңтар айларында өршитіні рас, сондықтан аталған вакцинаны қазан айының соңына дейін немесе қараша айының ортасына дейін қолданған жөн.

Осы орайда, маңызды ақпаратты еске сала кетсем деп едім. Аурудың ауа-тамшы арқылы берілетінін ескере отырып, тұмау ауруының жоғарылауы кезінде инфекцияны жұқтырмау өте қиын. Өз бетіңізше емделуге болмайды. ЖРВИ белгілері болған кезде жүкті әйелдер мен сәбилердің ата-аналары, сондай-ақ егде жастағы адамдар қал-жағдайы нашарлаған жағдайда, уақтылы медициналық көмекке жүгінгені жөн.

- Жаздың ыстығында жеңіл ас қабылдаған пайдалы, ал күз бен қыстың суығында қандай ас ішкен дұрыс?

- Адам жаураған сайын жылыну үшін ас қабылдауға құмартып тұратыны белгілі. Д дәрумені жеткіліксіз болғандықтан адамдар қыс мезгілінде көңілсіз жүруі мүмкін. Әдетте, аталмыш дәруменді күн сәулесі арқылы бойымызға сіңіреміз. Д дәрумені қуаныш гормоны – серотониннің ағзаға енуіне көмектеседі. Осындай қуаныш гормонының белсенді болуына атсалысатын дәрумен жеткіліксіздігі байқалғанда оның орнын стресс гормоны - кортизол басады. Алайда ми серотонин гормонын тамақтан алу керектігін «біледі». Сондықтан да қуаныш гормонының орнын толтыру үшін көбірек тамақ жеуге итермелейді. Бірақ бұл жағдайда тамақты шектен тыс көп жемей, пайдалы дәрумендерді қамтитын азық-түліктерге назар аудару керек.

Қыс мезгілінде тағам үлесінде ақуыз жеткілікті болуы тиіс. Балық, тауық жұмыртқасы, сиыр, құс еттерін, сүт өнімдері мен үрме бұршақпен көп ауқаттанғаныңыз ләзім. Тәттіні көп жемеген жөн, себебі қант иммунитет жасушаларының зиянды патогендерге төтеп беру қабілетін төмендетіп, сырқаттану қаупі артады. Сорпаны көп ішу қажет. Сонымен қатар қуырылған тағамдарға әуестенбеген абзал. Тағам үлесіне бұршақ тұқымдастарды қосып көруге болады. Олар ақуыз, жасұнықтарға бай. Сондықтан көмірсулы картоп немесе күріштің орнына тамаша гарнир бола алады. Жасымық, асбұршақ, ноқатты да қолданудың уақыты келді. Сондай-ақ С дәруменіне назар аудару маңызды.