Жезқазғанда Кетбұқа би атындағы «Ақсақ құлан» халықаралық күйшілер байқауы болып өтті.
Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі ұйым- дастырған күйшілер са-йысына Алматы, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан, Астана қаласы мен Қытай Халық Республикасынан 19 күйші қатысты.
Екі күнге созылған байқаудың 500 мың теңгелік бас жүлдесі астаналық Бекзада Достияроваға бұйырды. Алматылық Ілияс Тұрсынбек пен астаналық Мағұрлан Әлкен бірінші орынды иеленді. Екінші орын үш күйшіге берілді. Олар – астаналық Ғазиза Ғарифуллақызы, алматылық Сырым Шонбаев және Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң өлкесінен келген Кенжебек Долдаұлы. Шыңжаң өлкесі, Іле Қазақ автономиялы облысынан келген тағы бір қандасымыз Еділ Тойланұлы, ұлытаулық Динара Сайдалина, астаналық Бауыржан Сейдәлі және Темірхан Бибітпен бірге үшінші орынды бөлісті.
Байқауға қатысушылардың ешқайсысы сый-сияпатсыз қайтқан жоқ.
Дәулескер күйші Секен Тұрысбеков:
– Есімі елге аңыз болып жеткен Кетбұқа бабамыздың соңында қалған мұрасын халық арасында кеңінен насихаттауда осындай байқаулардың керектігі анық. Осымен, екінші мәрте күйшілердің «Ақсақ құлан» атауымен Кетбұқа би атындағы Халықаралық байқауын ұйымдастыра білген азаматтардың ісі оңға баса берсін, – деген тілегін жеткізді.
Ұлытау облысы