• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Сұхбат 03 Қараша, 2023

Мустафа КАПУДЖУ: Бізді біріктіретін – ортақ мүдде

291 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 31 жылдан асты. Тығыз стратегиялық әріптестіктің тамыры тереңге жайылды. Бүгінде Еуразиядағы екі ірі ұлт ретінде қос мемлекет түркі халықтарының мәдени, тарихи және тілдік мұрасын дамытуға үлес қосып отыр. Сондай-ақ қос елдің саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық, мәдени, әлеуметтік, коммуникациялық және басқа да салалардағы ынтымақтастығы жылдан-жылға артып келеді. Бүгін елорданың төрінде тәуелсіз түркі мемлекеттерінің басшылары бас қоспақ. Ұйымның мерейтойлық саммитінде мемлекет басшыларының бірқатар маңызды шешім қабылдауы күтіліп отыр. Осы орайда Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мустафа КАПУДЖУ мырзамен арнайы жолығып, әңгімеге тартқан едік.

– Мустафа мырза, Түркия – Қа­зақстанның тәуелсіздігін мо­йын­даған алғашқы ел. Бүгінде екі ел арасындағы саяси-экономикалық қа­рым-қатынас қарқынды дамып келеді. Қазақстан Түркия үшін қан­шалықты маңызды? Екі елді бірік­ті­ре­тін ортақ құндылық неде? Бізді қандай ортақ мүдделер тоғыстырады?

– Түрік пен қазақ халқының ара­сын­дағы ортақ құндылықтың тамы­ры тым тереңде жатыр. Біз – Қазақстанның тәуел­сіздігін бірінші болып мойындаған елміз. Сол уақыттан бері Түркия Қазақ­стан­мен байланысын ешқашан үзген емес. Түркия да, Қазақстан да осы қарым-қатынасты берік сақтап келеді. Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін екі ел де саяси қарым-қатынастарды жан-жақты дамытуға мүдделі. Бұл тұр­ғыда бізді біріктіретін негізгі желі – екі ел ара­сындағы тарих пен мәдениет­тің та­мырластығы, ортақ мүдде. Өзде­ріңіз біле­тіндей, біз бұл аймақтан Анадо­лыға бардық. Тілдеріміз де түркі тіл­де­рінің қатарында. Диалектілік айыр­ма­шы­лық­тар бар. Дегенмен біз бір-бірі­міз­ді оңай түсінеміз.

Қазақстанға келгеніме жеті ай өтті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, ғұ­ламаның философиясы туралы біраз ақ­парат жинап қайттық. Өздеріңізге мәлім, Қожа Ахмет Ясауиден тәлім алған бірқатар ғалым Анадолыға барып, сол жақта адам түсінігі мен фило­со­фиясының орнығуына атса­лыс­қан. Сондықтан Қожа Ахмет Ясауи Түркиядағы ислам философиясына өте маңызды үлес қосты. Ал біздің ортақ мүддемізге келсек, екі ел де аймақта және жаһандық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайды. Сондай-ақ өз аймағымызға және әлемге эконо­микалық тұрғыдан үлес қосуды парыз санаймыз. Өйткені бейбітшілік – тұрақ­тылықтың кілті. Қазақстан се­­­кілді Түр­кияның да сыртқы саяси мақ­­саты – дауларды бейбіт жолмен шешу. Сонымен бірге қақтығыстардың алдын алуды қолдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, біздің ортақ мүдделерімізді экономикалық және аймақтағы тұрақ­ты­лық­қа ықпал ету деп сипаттауға болады. Қазақстан да тәуелсіздік алғаннан бері халықаралық аренада белсенділік танытып келеді. Бұл, әрине, оның аймақтық қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу тұрғысынан өз ықпалын арттыратынын білдіреді.

Біздің ортақ сыртқы саяси мақсат­та­ры­мыз да бар. Айта кетейін, бүгінгі саяси конъюнктурада дүние жүзіндегі бірде-бір мемлекет мәселелермен жал­ғыз күресе алмайды. Тіпті ең қуатты деп саналатын немесе әлемдік саясатта үлкен рөл атқаратын елдердің өзі бүгінгі әлем алдында тұрған мәселелерді өз бетімен шешуге қауқарсыз. Сондық­тан Қазақстан мен Түркия ортақ мәде­ниетіміз, дініміз, тіліміз, ортақ геогра­фия­мыз бен тарихымыз негізінде тамаша ынтымақтастық орнаттық. Осы берік негізге сүйене отырып, ортақ мақсаттарға жету жолында бірге қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз.

– Екі елдің сыртқы саясаттағы мүд­десі ортақ екенін айтып қалдыңыз, Қа­зақстан мен Түркияның халық­ара­лық аренада бір-бірін қолдауы қандай деңгейге жетті?

– Екіжақты ынтымақтастығымыз бұ­­рын стратегиялық ынтымақтастық дең­­гейінде болса, былтыр Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев мыр­за­ның сапары барысында біздің қарым-қа­ты­насымыз кеңейтілген стратегиялық әріп­тестік деңгейіне көтерілді. Бұл нені біл­діреді? Бұл біздің қарым-қаты­на­сы­мыздың ауқымын кеңейтіп, терең­детіп жатқанымызды білдіреді. Әрине, Түркия мен Қазақстан көптеген халық­аралық ұйымның ортақ мүшелері. Айталық, БҰҰ, Ислам Ынтымақтастық ұйымына, Экономикалық Ынты­мақ­тастық Ұйымына, Түркі мемле­кет­тері ұйымына, Түрксой-ға, АӨСШК-ге мүшеміз. Халықаралық ынтымақ­тас­тықта кандидаттарымызды өзара қол­дай­мыз.

Қазақстанмен сыртқы саясат туралы түсінігіміз бір мүддеге негіз­дел­ген деуімнің себебі осында. Біз Қа­зақ­станмен бірге даулардың бей­біт жолмен шешілуін қолдаймыз. Түр­кия­ның сыртқы саясаты бастамашыл әрі гу­манитарлық негізге бағытталған. Ай­ма­ғымызда қақтығыс туындамағанын қалаймыз және қақтығыстың алдын алуға тырысамыз. Сол сияқты қандай да бір жанжал туындаған жағдайда, оны бейбіт жолмен шешу үшін маңызды жұ­мыстар жүргіземіз. Ресей-Украина дағ­дарысы кезінде де Түркия осы рөлді атқарды. Қара теңіз астық бастамасымен біз БҰҰ-мен ынтымақтаса оты­­рып, мұқтаж елдерге 35 миллион тоннаға жуық бидай жөнелттік. Сол секілді Қазақстан да өз аймағындағы қақ­ты­ғыстарды бейбіт жолмен шешуде өте маңызды рөлге ие. Сондықтан сыртқы саяси мақсаттарымыз аймақтағы тұрақ­ты­лық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ба­ғытталғандықтан, біз бұл салада да ын­ты­мақтастық орната білдік.

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйы­мын ал­ғашқы құрылған күнінен бас­тап қолдап келе жатыр. 30 жыл ішінде Қа­зақ­стан Түркі мемлекеттері ұйы­мын осы аймақта маңызды деңгейге жет­кізуде ай­тарлықтай рөл атқарды. Түркия да осын­дай үлесін қосты. Бүгінгі күні Түр­­кі мемлекеттері ұйымы 10 жыл бұ­рын­ғымен салыстырғанда өте маңызды халықаралық ұйымға айналды. Міне, ТМҰ-ның X саммиті Қазақстанның бас қала­сында өтіп жатыр.

Осы дүйсенбі күні Түркияның 100 жылдық мерейтойын салтанатты қабыл­дау­мен атап өттік. Сол жердегі сөзімде де Түркияның гуманитарлық сыртқы саясатына тоқталған болатынмын. Бұл жерде айтқым келгені – Түркия Осман им­­периясынан бері мұқтаж жандарға әр­қашан есігін айқара ашты. 1492 жылы Осман империясы Испаниядан қаш­қан еврейлерге кемелер жіберіп, Анадолы жеріне әкелді. Түркия сондай-ақ басқа да қақтығыстардан қашып, бас­пана сұраған әртүрлі дін мен ұлт өкілдерін де құшақ жая қарсы алды. Қазір де Сириядағы қақтығыстан қашып келген 3,2 миллион сириялық бауырымыз Түркияға келіп өмір сүріп жатыр. Оларға да есігімізді аштық. Екін­ші дүниежүзілік соғыс кезінде де Түркия еврейлерге қоныс болды. 

– Болашақта Қазақстан мен Түр­кия арасында қандай жобалар жасал­мақ? Осы уақытқа дейін қос ел қан­дай ортақ нәтижеге қол жеткізе алды?

– Екі елдің арасындағы қарым-қа­ты­нас­тың алғашқы жылдарындағы және биылғы сауда инвестицияларының көр­сет­кіштеріне қарасаңыз, айтарлықтай прог­реске қол жеткізгенімізді байқауға болады. Бүгінде түрік компаниялары ар­қылы Қазақстанға 5 миллиард доллардан астам инвестиция салынды. Мұндағы 5 миллиард доллар инвестиция аз болып көрінуі мүмкін, бірақ энергетикалық емес инвестицияларды қарастыратын болсақ, біз жетекші елдердің қатарындамыз. Бұл біздің кең ауқымды және сан салалы инвестиция салғанымызды көрсетеді. Әрине, алдағы кезеңге жоспарланған жобаларымыз да бар. Бүгінгі саяси-экономикалық конъюнктурадан туындайтын жағдайлар жоқ емес. «Орталық дәлізді» және логистикалық секторды қолдау бойынша Қазақстанмен бірлескен жұмыстарымыз барын тағы қосып қоюға болады. Транс­каспийлік тасымалдауды одан әрі қамтамасыз ету үшін бірге жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі уақытта бізде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласына инвестиция салғысы келетін компаниялар бар. Біз мұнда құрылыс саласында өте маңызды жобаларды жүзеге асырдық.

Жалпы алғанда біз ынтымақтастық орнатпаған сала жоқтың қасы деп айта аламын. Білім беру саласында да ынты­мақ­тастығымыз жалғасын тапты. Қазір Түркияда 8 мың қазақ студенті білім алып жатыр. Тағы 300-ге жуық студентті Түркияға жібердік. Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы қазақ-түрік университеті 1994 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Сонымен қатар Юнус Эмре мен ТИКА сияқты мәдени орталықтарымыз ортақ мәдениетіміз үшін қызмет атқарып жатыр. Түрік әуе жолдарының Қазақ­стандағы азаматтық авиация саласында айтарлықтай инвес­тициясы бар. Әлеммен байланысты қамтамасыз ететін әуе­ компаниялардың бірі. Қысқасы, біз­дің ынтымақтастық орнатпаған ала­ңы­мыз жоқ деп ауыз толтырып айтуға болады. Кейінгі 31 жылдағы нәти­желер мұны айқын көрсетіп отыр. Сол сияқты сауда саласында да жеткен жетіс­тігіміз жетерлік. Тіпті пандемияға қара­мастан кейінгі 3-4 жыл ішінде тауар айналымымызда өте маңызды өзара өсу байқалады. Энергетика ала­ңын­да да ынтымақтастығымыз бар. Өздеріңіз білетіндей, бізде «Баку-Тби­лиси-Джей­хан» мұнай құбыры бар. Қазақстан мұнай экспортының бір бөлігін осылай жүзеге асырып келеді. Мақсатымыз – осы жұмысты әрі қарай ұлғайту. Сонымен қатар Түркия арқылы әлемдік нарыққа энергия экспорттауды қарастырып жатырмыз.

Түркиядағы көптеген көшені қа­зақ­тың белгілі тұлғаларының құрме­тіне атадық. Мысалы, қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлынан бас­тап қазақ әдебиетінің басқа да белді қайраткерлерінің есімімен аталатын көшелеріміз бар. Ал өткен аптада Ас­танада Юнус Эмре ескерткіші мен Ана­долы көшесін аштық. Оның өзін­дік себебі бар. Абай Құнанбайұлы – қазақ халқынан шыққан аса көрнекті әдебиет қайраткерлерінің бірі. Мұндай ұлы тұлғалардың атын көшеге беру арқылы біз екі елдің өскелең ұрпағына ортақ мәдениетіміз бен тарихымызды сіңірте аламыз. Сондықтан Абай­дың және көптеген танымал қазақ әдебиет­шілері мен тарихшыларының есімдері Түркиядағы көшелерге берілуі немесе Юнус Эмре ескерткішінің ашылуы мен Анадолы есімдерін көшеге берудің маңызы жоғары. Бұл екі елдің мәдени бірлігін әрі қарай нығайтып, достығымыздың бекуіне септігін тигі­зеді.

– Жаңа айтып өткеніңіздей, Түр­кия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс жаңа дең­гейге көтерілді. Дегенмен сарапшылар екі ел арасында логистика тұр­ғысынан тікелей байланыс орнату ал­дыңғы кезекте атқарылу қажет еке­нін алға тартады. Бұл мәселе қа­шан шешілуі мүмкін?

– Алдағы кезеңде алдымен ағымдағы саяси және экономикалық конъюнктурадан туындаған кейбір жағдайларды шешуге көңіл бөліп отырмыз. Тікелей байланыс дейміз ғой, бірақ арамызда басқа елдер де бар екенін де ұмытпау керек. Себебі біз көрші елдер емеспіз. Сондықтан біздің тікелей логистикалық ынтымақтастық дегеніміз басқа елдерге де қатысты болады. Мысалы, Каспий арқылы өтетін логистикалық бағытты қарастырсақ, ол Әзербайжан, Грузия, Түркия елдерін қамтиды. Бірақ жаңа айтқанымдай, Түркия, Әзербайжан, Қазақстан арасында осы дәлізге байланысты Сыртқы істер және көлік министрлерінің үшжақты кездесулері бар. Алдағы уақытта үшінші кездесуін Түркияда өткіземіз. Сондықтан бізді логистика және сервистік экспорт саласында бірлескен жұмыстар күтіп тұр.

Бұдан бөлек, тікелей жолаушы тасымалын қамтамасыз ететін «Turkish Airlines» әуе компаниясын айтуға болады. Бұған қоса Каспий бағытын дамытумен де айналысып жатырмыз. «Баку-Тбилиси-Карс» теміржолы бар. Біз қазір оның қуатын арттыру бойынша жұмыс істеп келеміз. Еліміз сондай-ақ Босфор бұғазының астынан тікелей теміржол қатынасын салу арқылы Мәрмәр теңізінің мүмкіндігін кеңейттік. Бұл жобаның Қазақстанға да қатысы бар. Үшінші көпірімізді теміржол рельс­те­рімен салдық. Сондықтан Ана­до­лыны Еуропаға, сондай-ақ Азияға жалғайтын инфрақұрылымдық инвестицияларымызды жалғастыра береміз. Сол сияқты «Әл-ауқат жолы» деп аталатын жаңа жобамыз да енді ғана таныстырыла бас­тады. Біз Ирак арқылы Қазақстанға да теңіз қатынасы бар логистикалық желі бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Транскаспийлік ло­гис­тикалық тасымалдауды арттыру үшін бірлескен күш-жігерге иеміз деп айтуға әбден болады. Мен екі апта бұрын Ақтауға барып, Ақтау портымен таныстым. Ол жерге инвестиция салғысы келетін түрік компаниялары бар. Сондықтан осы порттардың өткізу қабілетін ұлғайту, жаңа кемелер жасау, ол жерді Бакумен байланыстыру үшін кеме жөндеу зауытын салу сияқты бірқатар жобаларды бірлесіп қолға алу жағын қарастырудамыз. Жоғарыда айтқанымдай, ортақ шекарасы бар көрші елдер болмағандықтан, басқа елдерді де қамтитын кең ауқымды жұмыстар атқаруға тиіспіз.

– Дұрыс екен. Ал Түркиядан алпауыт инвесторлар қашан келеді? Қазір екі ел арасындағы тауар айналымы жеткілікті деңгейде ме?

– Қазірдің өзінде инвесторлар бар. Мысалы, қорғаныс өнеркәсібі алаңында ортақ «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» жобасын айтуға болады. Олар жақын арада инвестицияға айналуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы саласында инвестиция салуды жоспарлап отырған компаниялар да жетерлік. Қазірдің өзінде тау-кен саласына инвестиция салған компаниялар шығып жатыр. Айталық, Алматыдағы айналма жолды өте қысқа мерзімде аяқтаған компания бар. Сонымен бірге денсаулық сақтау саласына да инвестиция салынып жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, біз инвестицияны құрылыс саласынан бастадық. Себебі бұл Қазақстанға сол кезеңде қажет маңызды сала еді. Компанияларымыз Астана құрылы­сын­да өте маңызды рөл атқарды. Ол кезеңде компанияларымыздың айналымы 27-28 миллиард долларды құрады. Қазір бізде жоғары технологияны қажет ететін салаларға инвестициялар жасау секілді жоспар көп. Ғарыш пен логистиканы қолдау үшін кеме жасауға қатысты жобалар бар. Бүгінде Қазақстан үшін ауыл шаруашылығының маңызы зор. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласына 2-3 компаниямыз 1 миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция салуды жоспарлап отыр. Тағы бір компаниямыз Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін қаптауға инвестиция салуды көздейді. Бұл ғана емес, қазір екі елді ғарыш айлағынан кеме құрылысына дейінгі көптеген жоба күтіп тұр.

– Түркия кеше ғана 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Елдің ендігі жа­қын келешекке деген жоспары қан­дай?

– Бұл әрине, өте кең сұрақ. Алдымен еліміздің даму тарихына қысқаша шолу жасағым келіп тұр. 1923 жылы Түркияның жалпы ұлттық өнімі 500 миллион доллар болса, бүгінде 1 триллион долларға жетті. Түркияның экспорты 1923 жылы 50 миллион доллар шамасында болса, бүгінде 265 мил­лиард доллар шамасында. Сондықтан 100 жылда ұлттық табысымызды, экспортымызды арттырдық. Енді Президентіміз Режеп Тайип Ердоған мырза алдағы 100 жылды «Түркия ғасыры» деп жариялады. Әрине, Түркия ғасырында жүзеге асырғымыз келетін өте маңызды жобалар бар. Қазірдің өзінде көптеген жоба іске қосылды, бірақ біздің алдағы кезеңдегі мақсаттарымыздың бірі – әлемнің ең дамыған ондығының қа­тарына кіру. Қазір экономикасы да­мыған 20 елдің қатарындамыз. Біз ортамерзімді келешекте осы мақ­сатқа жетуді көздеп отырмыз. Ал сая­си тұр­ғыдан Ататүріктен бас­тау алған «Елде тыныштық – әлемде ты­ныш­тық» қағидасына негізделген бей­біт сая­­сатымызды жүргізуге мүд­де­ліміз. Түр­кия­ның географиялық орна­ласуы өте маңызды жерде тұр. Біз Таяу Шығыс ай­мағындағы елге жата­мыз. Қазір аймақта қақтығыстар болып жатыр. Осыған қарамастан Түр­кия айтар­лықтай дамуға қол жет­кізді. Егер бұл қақтығыстар жоқ ортаны елестетсеңіз, Түркияның өсуі мен дамуы әлдеқайда жылдам болатын еді. Сондықтан біз алдағы кезеңде айма­ғы­мыздағы бейбітшілікке үлес қосу ар­қылы бұл қақтығыстардың аяқталуын қалаймыз. Біз ұлттық табысымызды арттыруды мақсат ете отырып, алдыңғы кезекте халықаралық ұйымдар арасында неғұрлым институтционалды және тиімді құрылыммен ТМҰ-ның аймақтық бейбітшілік пен тұрақтылық, жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылыққа елеулі үлес қосуын көздейміз. Сондықтан осы мақсаттарымыз арқылы жаңа Түр­кия ғасырында маңызды деңгейге жете­ті­німізге еш күмәніміз жоқ, тек ай­ма­ғымыздағы қақтығыстарды бейбіт жолмен тоқтатуға үлес қосуды қалаймыз.

– Елімізде түркі жұр­тының назар аударып отырған жиын өткелі жатыр. Оның арасында Түр­кия Президенті де бар. Бұл бас­қосу­да қандай маңызды мәселені тал­қы­лануы мүмкін? Алқалы жиын  Қазақстан мен Түркияға не береді?

– Расында да бұл басқосудың маңызы жоғары. Астанада өтетін ТМҰ-ның мерейтойлық 10-саммитінен Қазақстан мен Түркия ғана емес, жақсы хабар күтіп отырған елдер көп. Сондықтан әріп­тестеріміз қол қойылатын құжат­тар­ға байланысты жұмыс істеп жатыр. Әрине, мұндай кездесулер ТМҰ-ның институтционалдылығы тұрғысынан өте жоғары. Бұдан бөлек, өздеріңіз бі­ле­сіздер, ТМҰ қаржы қоры құрылған болатын. Бұл отырыста маңызды ше­шім­дер, саммит декла­рациясы қабылданады. Ол туралы бас­қосуда толығырақ білетін боламыз. Ең маңыздысы, ол – осындай жиыннан ке­йін қос елдің қарым-қатынасы артып, түркі жұртының ынтымағы жарасқаны керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жадыра МҮСІЛІМ,

«Egemen Qazaqstan»