Апта басында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен газ тапшылығына байланысты мәжіліс өтті. Аймақ басшысы төмен бағамен берілетін газды кәсіпкерлерге қымбаттатып сатқан операторларды қатаң сынға алды.
– Үкімет халық үшін арзан бағамен газ береді. Ал сіздер соны сыртқа сатып, пайда табасыздар. Арзандатылған газды халықтың аузынан жырып, қымбатқа сатуға жол бермейміз, – деді аймақ басшысы.
Қазір облыс орталығы мен аудандарда комиссия құрылып, әлеуметтік газдың тұрғындарға ашық және әділ таратылуын қадағалап отыр. Мұнан бөлек, облыстың Түркістан, Ақтөбе, Жезқазғанмен шекарасына арнайы бекеттер қойылып, әлеуметтік газды тасымалдау қатаң бақылауға алынды. Бұл топ газды тиеп-жөнелтуден бастап, тұтынушыға сатуға дейін бақылау жасайды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының 2022 жылғы 5 шілдедегі №16 бұйрығымен Қызылорда облысының аумағындағы автогаз құю стансаларында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары бекітілген.
Бүгінгі күні облыста сұйытылған мұнай газы қоры – 221 тонна. Қазанның жиырма жетісінде қосымша тағы 224 тонна бөлінді. Осы қараша айына 7 458 тонна сұйық газ қарастырылған. Оның 4 740 тоннасы «Қазгермұнай» компаниясынан бөлініп, бірінші онкүндікте 1 840 тоннасы жоспарға сәйкес жеткізіледі.
Мәжіліс қорытындысында барлық операторға газды сатуға қатысты шектеулерді алып тастау қатаң тапсырылды.