• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 03 Қараша, 2023

«Сезім үшін» әнін алдымен Мейрамбек Бесбаевқа ұсынған едім – сазгер

6799 рет
көрсетілді

Әнші Олжас  Абай мен актриса Дариға Бадықова «Таптым-ау сені» фильмінің саундтрегі ретінде жазған «Сезім үшін» әнінің ғаламтордағы қаралымы  бес-алты күннің ішінде 1 миллионнан асты. Тыңдаушы қауымның жүрегінен орын тапқан туындының сөзін ақын Ақберен Елгезек жазса, сазы Талғат Лестікі.  Ән қалай өмірге келді?  Аталған туындыға қатысты сазгердің пікірін сұрадық.   

«Бұл  2019 жылы жазылған ән. 2021 жылы әнші Ғазизхан Шекербек орындап шыққан еді.  Әнді студияда әрлеп, өңдеп жазған соң Мейрамбек Бесбаев ағамызға ұсындым. Ол кісі бұдан басқа тағы бір әнімді де қабыл алып орындайтынын айтты. Арада 2020 жылы карантиндік шектеуден  шығармашылық байланыс былай тұрсын,  «байтал түгіл бас қайғы» болды ғой. Кейін Мейрамбек ағамыз Ғазизхан Шекербекке ұсынып, сол әнші орындап шықты.

Енді міне, фильмнің  ізашары (саундтрек)  ретінде жазылып, тыңдаушы қауымның ыстық ықыласына бөленді. Әннің бейнебаяны да ғаламторда көп қаралыпты.

«Сезім үшін» әнінің  о бастағы мәтінін ақын Қалқаман Саринның кітабынан алған едім. Бертінде Ақберен Елгезекке Мейрамбек Бесбаев  әнді тыңдатып,  қайта сөз жазсаң деген ұсыныс айтқан екен. Осылайша ақын Ақберен  мен сазгер Талғат арасындағы тұтасып кеткен байланыстан әсем ән туды деп ойлаймын. Ғазизхан бауырымыздың орындауында да тыңдаушының жүрегінен жол тапты деп санаймын.  Дариға Бадықова түсірген фильмнің саундтрегі ретінде жазылып, тыңдаушы мен көрерменнің мерейін өсіргеніне қуаныштымын. Тіпті бертінге дейін көп адам  «Сезім үшін» әнінің сазын жазған Талғат Лес екенінен де бейхабар болды.  Менің ұғымымда ән сазгердің құшағынан қалықтап  шыққан соң халыққа тиесілі болуы тиіс. Тыңдарман жоғары бағаласа, мен үшін  одан асқан баға да, ақша да тіпті марапат та жоқ.  Сондықтан да ән сатып қомақты пайда табу деген менің табиғатыма жат.  Ақберен  Елгезек ақынмен де шығармашылық байланысымызды дамыта түсіп, алдағы уақытта басқа да өлеңдеріне ән жазуды көздеп жүрмін», деді сазгер.