• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 04 Қараша, 2023

«Алаңдаушылық туғызып отыр»: Екі өңірде қызылша ауруы өршіп тұр

425 рет
көрсетілді

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен жиында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ағымдағы жағдай туралы ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары – ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова баяндады. Оның мәлімдеуінше, бүгінде А гепатиті мен қызылша ауруының көбеюі алаңдаушылық туғызып отыр. Тиісті вакцина салдырмай дертке душар болғандар қатары көп. Мәселен, қызылша елдің барлық аймақтарында тіркелген. Ауруды ең көп жұқтырғандар Шымкент пен Алматыда анықталды.

«Осы ретте жергілікті атқарушы органдар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қызылшаға қарсы қосымша жаппай екпе салу науқанына дайындық шараларын қолға алған жөн», деді А.Есмағамбетова.

Вице-премьер Тамара Дүйсенова бұған дерттің қауіптілігі туралы халықтың ақпараттандырылмауы себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.

«Азаматтардың екпеден бас тартуы, жүргізілген насихат жұмыстарының нашар екенін аңғартады. Адам өзіне өзі жау емес. Қауіптің барын білсе, өзін қорғау шараларын қолданады. Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек», деп тапсырды Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ жиында елдегі денсаулық сақтау мекемелерінде болған тексеру жұмыстарының нәтижелері туралы да айтылды. Бірқатар нысандарда ауруханаішілік инфекциялардың алдын алуға қатысты жекелеген талаптардың сақталмағаны анықталған. Біразында зарарсыздандыру режимі сақталмаған, кейбірінде қарапайым жеке қорғаныш заттарының жетіспеушілігі анықталды.

«Денсаулық сақтау мекемелері уақтылы қаржыландырылып келеді. Олай болса, мысалы жеке қорғаныш құралдары жетіспеушілігі неден туындады? Біздің мақсат жазалау емес, осы мәселелерді шешу жолдарын қарастыру. Дегенмен шара қолдануға өздеріңіз итермелейсіздер», деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.

Сонымен қатар Тамара Дүйсенова мәселе шешілмеген жағдайда кейбір денсаулық сақтау нысандарының қызметін уақытша тоқтата тұру мәселесін қарастыру керек екенін ескертті.