Жетісуда аудан әкімдерінің сайлауына халық жұмыла кірісті. Таң бозынан сайлау учаскесіне кезекке тұрған тұрғындардың саны да көп. Кербұлақ пен Сарқан ауданында сайлауға отбасымен келіп дауыс бергендер де болды. Қарапайым халық ел үшін маңызды оқиғада белсенділік көрсетті.
Жалпы, облыс бойынша аудан әкімдерінің сайлауына барлығы 94 сайлау учаскесі бекітілді. Оның 60-ы Кербұлақ ауданында болса, қалғаны Сарқан ауданына тиесілі. Түрлі себепке байланысты 5 сайлау учаскесі жұмыс істемеді. Одан бөлек 2 аудандық аумақтық комиссиялардың 21 мүшесі, учаскелік сайлау комиссияларының 538 мүшесі жұмылдырылды. Екі ауданның сайлаушылар саны 54 634 адамды құрайды. Кербұлақта – 27 787, Сарқанда 26 847 адам таңдау жасауға құқылы.
Жайнақ батыр ауылында №211 сайлау учаскесіне аттың құлағында ойнайтын «Жайнақ» көкпар құрамасының шабандоздары дауыс берді.
«Конституциялық құқығымызды пайдаланып, дауысымызды бердік. Ауданымыз халық таңдаған әкім көмегімен гүлденері анық», дейді көкпаршылар. Олар жаңа әкім ұлттық ойындарымызды ұлықтаса деген ұсынысын да білдірді. Сонымен қатар өзге этнос өкілдері де белсенділік танытты. Алтынемел ауылдық округінде – 317, ал Тастыбастау ауылында 35 чешен ұлты өмір сүреді. Солардың барлығы өз таңдауын жасап, ауданның жандануын тіледі.
Кербұлақ ауданы Сайлау комиссиясының төрағасы Жанат Бураханов заң аясында ешқандай құқық бұзушылық болмағанын жеткізді. «Ауданымыздағы 60 сайлау учаскесінің 59-ы жұмыс істеп отыр. Қазіргі уақытта өлке тұрғындарының дені өз дауысын берді. Науқан байқаушылардың қатысуымен, заң аясында өтіп жатыр», дейді Ж.Бураханов.
Айта кетейік, Жетісу өңіріндегі екі ауданның әкімін сайлау додасына 14 кандидат ұсынылды. Он кандидатты алты саяси партия ұсынса, қалғаны өзін-өзі ұсынған. Үміткерлердің көбі – мемлекеттік қызметкерлер. Олардың орташа жасы – 46, оның ішінде біреуі – әйел. Ал ең кенжесі 36 жастағы «Республика» партиясының Сарқан ауданындағы кандидаты. Түрлі себеппен он кандидат сайлау додасынан шығып қалды. Осылайша, әр облыста жергілікті тұрғындар «Amanat» және «Respublica» партиялары ұсынған екі кандидаттың ішінен жаңа әкімді таңдады.
Жетісу облысы