Батыс Қазақстан облысының үш ауданында қанатқақты режімдегі аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Сайлау өтетін Бөкей ордасы, Қаратөбе және Тасқала аудандарында барлығы 28 884 сайлаушы тіркелген.
– Бүгін ауа райы керемет, күн де жақсы. Сайлау өтіп жатқан үш ауданда барлығы 63 сайлау учаскесі бар. Таңғы сағат 6-да сайлау комиссиялары мүшелері келіп, сол жерде сайлауға дайындықты соңғы мәрте пысықтап, бюллетендерді үлестірді, келген байқаушыларды тіркеді. Сөйтіп, таңғы сағат 7-де Әнұран ойналып, барлық учаске сайлаушыларға есігін айқара ашты. Барлық сайлау учаскелерінде сайлаушылардың дауыс беруіне барлық мүмкіндік жасалған. Осы жолы додаға әр ауданнан үш адам қатысып отыр. Соның ішінде «Аmanat» партиясы мен Қазақстан халық партиясынан ұсынылған кандидаттар бар. Қалғаны өзін-өзі ұсынған үміткерлер. Олар осы күнге дейін сайлаушылармен кездесіп, үгіт-насихатын жүргізіп, бағдарламаларын таныстырып, көп жұмыс атқарды, – деді Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов.
Айта кетейік, саяси науқанға құрамында 378 мүшесі бар 1 облыстық аумақтық, 3 аудандық аумақтық, 63 учаскелік сайлау комиссиясы қызмет етіп жатыр.
Бөкей ордасы ауданында 9 141 сайлаушы тіркелген. Сайлау учаскелерінің барлығы керекті құрал-жабдық, интернет желісі қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі 366 сайлаушы арнайы жасақталған кабиналарда дауыс бере алады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы берген мәліметке қарағанда, Бөкей ордасындағы сайлаушылардың ең үлкені 97 жаста болса, 107 сайлаушы алғаш рет дауыс береді. Ғайса Хамидоллаұлы сайлау учаскелерінде әзірге ешқандай құқық бұзушылық тіркелмегенін айтады.
Тасқала ауданында да сайлау қалыпты жағдайда өтті. Аудандағы 22 сайлау учаскесінің бесеуі аудан орталығы Тасқала кентінде орналасқан. Мұнда 11 мыңға жуық сайлаушы өз таңдауын жасайды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы таратқан мәліметке қарағанда, мұндағы сайлау барысын «Аmanat» партиясынан – 22, республикалық «Дауыс» қоғамдық бірлестігінен – 22, «Намыс» қоғамдық ұйымынан – 20, «Ақжол» партиясынан 8 өкіл бақылайды.
Аудандардан жеткен мәліметке қарағанда, әкім сайлауы көп жерде мерекелік көңілмен, жаймашуақ өткен. Мысалы, бөкейордалықтар сайлауға ұлттық киіммен, салт ат мініп салтанатпен барған. Тасқала ауданына қарасты Мерей ауылының 17 келіні сайлауға бір мезетте ұлттық киіммен барып, дауыс берді. Ал дауыс беру ең белсенді, ұйымшылдықпен өтіп жатқан Қаратөбе ауданында 98 жастағы Нәзима Мырзагереева әжеміз сайлау учаскесіне өз аяғымен келіп, таңдауын жасаған. Әжеміз «елдің тыныштығы, өңір мен ауданның тұрақты дамуы үшін дауыс бердім», дейді.
Батыс Қазақстан облысы