Ақтөбе қаласының №2 сотында қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету, қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастыру айыбымен ақтөбелік келіншекке қатысты қылмыстық іс қаралды.
Айыпкер орындығында отырған орта жастағы келіншек Ақтөбе және Хромтау қаласында халықаралық ұйымның тәуелсіз өкілі ретінде тіркеліп, 2019 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың маусымына дейін «Qnet» қаржы пирамидасын ұйымдастырған. Басында өзін желілік маркетинг өкілі ретінде таныстырып, жұрттың сеніміне кіргеннен кейін оларды аз уақытта орасан зор кіріс әкелетін «Qnet» компаниясына қаржы салуға үгіттейді. Екі жарым жыл ішінде 25 адам осы ұйымның кеңсесіне 37 миллион 463 мың теңге әкеліп берген. Уәде етілген мерзімде инвестициялық табыс қолға тимеген салымшылар құқық қорғау органдарына шағымданады. Сотта белгілі болғандай, пирамидаға алданған көпшілік екінші деңгейлі банктерден несие алып, компанияның кеңсесіне қолма-қол ақша түрінде әкеліп тапсырған.
Қылмыстық іс бойынша айыпталған келіншек өзіне тағылған кінәні толық мойындап, ісіне өкінетінін айтты. Асырауында жас сәбиі бар екендігін, зардап шеккендердің қаржысын өздеріне қайтарып бергенін алға тарта отырып соттан жазасын жеңілдетуді сұрады. Сот оның қылмыстық жолмен табылған мүлкін тәркілеуге жаза кесті. Сотталушы жаза мерзімін өтеп болғаннан кейін де коммерциялық ұйымдарда жеті жыл мерзімге дейін лауазымды қызмет атқара алмайды. Алайда судья сотталушының асырауында 4 жастағы баласының барын ескере отырып, Қылмыстық кодекстің 74-бабы негізінде жаза өтеу мерзімін 5 жылға кейін қалдырды.
Сондай-ақ Ақтөбе қалалық №2 сотында «Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасы бойынша да қылмыстық іс қаралып жатыр. Бұл іс бойынша бірнеше айыпталушы бар, ал зардап шеккендер саны өте көп.
Ақтөбе облысы