Мемлекет басшысы Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады. Президентке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің биылғы 10 айда атқарған жұмысының нәтижелері туралы баяндалды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы уақыт ішінде елімізде жемқорлыққа қатысты 1500-ге жуық қылмыс тіркеліп, 1100-ден астам адамның ісі әшкереленген. Оның 158-і – түрлі деңгейдегі басшылар.
Сотқа мыңнан астам іс жолданып, 282 миллиард теңге шығын өтелді.
Сонымен қатар Агенттік төрағасы 2022 жылдан бері бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне құны шамамен 857 миллиард теңге болатын мүлік активтері мен қаржы қайтарылғанын айтты.
Президентке бірқатар қылмыстық істі тергеу амалдарының барысы жөнінде мәлімет берілді.
Бұдан бөлек, Асхат Жұмағали Мемлекет басшысына жемқорлықтың алдын алу жұмыстары туралы есеп берді.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын жүзеге асыру аясында тапсырылу мерзімі кешіктірілген, қаржы жымқыру қаупі бар әлеуметтік нысандар құрылысына мониторинг жүргізіліп жатыр. Агенттік еліміздің барлық өңірі бойынша жалпы бюджеті 2,44 триллион теңгені құрайтын осындай 156 нысан бар екенін анықтаған.
Азаматтық қоғаммен өзара тығыз қарым-қатынас орнату арқылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске асырылып отыр. Қазіргі уақытта жемқорлықтың белең алуына бей-жай қарамайтын 2 мыңнан астам азамат бұл бастамаға атсалысып жатыр.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қарсы іс-қимылды және алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.