Қазақ театрының рухы мен күш-қуаты шетел асып, өзге елдің көрерменін тәнті етуі сирек оқиға. Сонау 1936 жылы алғаш рет қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Жұмат Шанин бастаған өнер серкелері Мәскеуді дүр сілкіндіріп, әлемдік деңгейде мәдениетімізді паш етті. Бұл мәдени байланыс тәуелсіздіктен бері қайта жаңғырып, қазақ театрының көркемдігін орманды орыс елінің көрермендері мойындай бастағаны байқалады.
Қазан айының соңы мен қараша айының басында керекулік Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы қазақ музыкалық драма театры Ресейдің Мәскеу облысы Мытищи қаласындағы «ФЭСТ» драма және комедия театрында өткен «Подмосковные вечера» фестиваліне қатысып, «Үздік ансамбль» номинациясын олжалап оралды.
Көпшілік Мытищи қаласын Мәскеу облысындағы театрлар астанасы деп атайды. Себебі мұнда қос кәсіби муниципиалдық театр - «ФЭСТ» драма және комедия театры мен «Огниво» қуыршақ театры орналасқан. Ресей астанасының дәл іргесінде орналасқанымен шаһар жеке мәртебеге ие, мұнда 600 мыңдай халық тұрады. Ал 36 жылдық тарихы бар өнер ұжымының «Подмосковные вечера» атты халықаралық театрлар фестивалі осымен жетінші мәрте өткізіліп отырған беделді өнер бәйгесі.
Әуелі бұл фестивальға қатысуға жыл басында 300 театр ниет білдірген екен. Ресейлік театр тарландары мен сыншыларынан құралған сарапшылар кеңесі олардың арасынан тек 13-ін ғана таңдап алып, арнайы шақыру жіберіпті. Соның ішінде Қазақстаннан жалғыз әрі тұңғыш рет шақыртылған Жүсіпбек Аймауытұлы театрының қатысуы үлкен жаңалық болғанын айтып өтейік. Ресейлік кино және театр актері Азамат Нығмановтың фестивальда көрсетілген «Ұждан» әпсанасына режиссерлік етуі де әу бастан-ақ қазақ тіліндегі қойылымның іріктеу барысында қазылар алқасының назарына ілігуіне түркті болғаны анық. Фестивальда Ж.Аймауытұлы театры ұжымынан бөлек, ресейлік Мәскеу, Пермь, Вологда, Зеленоград, Санкт-Петербург, Мытищи, Петрозавод, Буинск, Набережные челны, Нижний Новгород, Челябі қалаларының белді театрлары өнер көрсетті. Ал қазылар алқасының құрамындағы ресейлік белгілі театртанушылар Анастасия Ефремова мен Ксения Стольная, кино және театр актері, РФ Театр қайраткерлері одағының мүшесі Михаил Богдасаров, жергілікті театр саласына арналған басылымдардың өкілдері, театр сыншылары Лариса Каневская мен Марина Тимашева әр спектакльді електен өткізіп, баға берді.
«Ұждан» фестивальдың үшінші күні негізгі сахнада қойылды. 400 орындық залда ине шаншар орын болмағанына қарап-ақ жергілікті көрерменнің қазақ актерлерінен жаңалық күткенін аңғардық. «ФЭСТ» театрында билет құны 800 рубльден басталып, 1600 рубльге дейін жетеді екен. Мәскеу қаласы мен облысында тұратын қазақтар да өнер ұжымын қолдап келді. Ал спектакльдің өзі көпшілік күткендегідей деңгейде өтіп, театрсүйер қауымның ыстық қошеметіне бөленді. Ілеспе аударма да сәтті шықты деп ойлаймыз. Жергілікті жұрт актерлердің пластикалық қозғалысы мен қимылдарына сүйсініп, қойылымнан өзгеше бір энергетикалық аураны сезінгендей көрінді. «Ұждан» адамның жан дүниесіне тыным бермейтін сансыз сауалдарға жауап іздеткізетін күрделі жанр болғанына қарамастан өте түсінікті ауанда өрілді. Кейбір сәтте көрермен құлаққаптарын жұлып тастап, актерлердің ойнау мәнерінен-ақ қойылымның әр сәтін ұғынып отырғанын байқадық. Театр тілі – тілсіз тіл деуші еді. Рас екен, актерлердің ойыны тілсіз-ақ көкейлерге қонып жатса, ол да қазақ өнерінің бір жетістігі.
Қойылымнан соң қазылар мен театр мамандарының талқылауында Анастасия Ефремова:
«Қазақ жерінен келген актерлердің ойыны ерекше деңгейде болды. Актерлердің күш-қуатына таңғалдым. Спектакльдің екпіні әдеттегі қойылымдардан сұрапыл, кейбір жерінде актерлер ойынға ілесе алмай қала ма деп ойладым. Бұрын өзге өнер ұжымдарынан байқалмаған энергетиканы сезіндік. Қойылымдағы әр сәт, қимыл-қозғалыс әлдебір орталық тетікке байланып қойғандай үйлесімде жүрді. Ал актерлердің әншілік қыры бөлек әңгіме. Режиссердің көп жұмыс атқарғаны да байқалады. Кейбір тұстары орыс тілді аудитория үшін түсініксіздеу болуы мүмкін. Бірақ бұл актерлердің шеберлігі емес, спектакльдің ұлттық колоритіне байланысты дүние», деп оң бағасын жеткізді ол.
Жергілікті қазақ көрермендер де туған елінің мәдениет мәйегін ала келген қойылымға қатысты ыстық ықыластарын білдірді. Мәскеу қазақ ұлттық-мәдени автономиясының вице-президенті Серік Тойғамбаев ар, ұят, намыс – адам иманының деңгейін көрсететін құндылықтар екенін атап өтті. «Ар мен намысымыз таза болса, қоғам таза болады. Ал қоғам таза болса, сол мемлекеттің халқы бақуатты өмір сүрмек. Бүгінгі спектакль жүрегімізден өтті, жанымызды тебірентіп, азаматтық намысымызды жаныды. Біз «Ұжданнан» ойланып кетіп барамыз», деп әсерін бөлісті.
Оның бұл пікірін қазақ ұлттық-мәдени автономиясының өкілдері Гүлжан Қожамжарова мен Гүлжан Әлімова да қуаттай түсті. «Осыдан 100 жыл бұрынғы Шәкәрім ақынның жазып кеткен философиялық әңгімесі бүгінгі адамзат үшін аса өзекті. Біз кезінде ұлттық тарихымыздан Шәкәрімді атып, құдыққа тастап кеткені туралы оқып білдік. Сахнадағы үлкен құдық бейнесі сол зобалаң жылдардың елесіндей. Адамдар ұжданды жерлеп, қоғамды ЛГБТ (қосжыныстылық) дерті мен сыбайлас жемқорлық жайлап тұрғанын, ал енді кейбір қаһармандар балаларымыздың болашағы үшін күресін табандылықпен жүргізіп келе жатқанын небәрі бір сағаттық әпсана дәлелдеп берді. «Ұждан» – заманауи қоғамның айнасы. Бүгін Мәскеу сахнасында қазақ театрының үлкен жетістігі жария етілді. Көрермен ретінде актерлердің ойынына басымды иемін», деп атап өтті автономияның тағы бір вице-президенті Г.Әлімова.
Негізі «Подмосковные вечера» фестивалінің сарапшылары көрерменнің ерекше ықыласын тудырып, эмоцияларын тасытқан спектакльдерге көбірек көңіл аударады екен. Бұл үшін фойеде арнайы жәшік қойылған. Көрермен қойылымнан әсерленіп шықса, әлгі жәшікке дауыс беру қағазын тастап кетеді. Сөйтіп, Гран-при иегері көрермендердің дауыс беру нәтижесінде анықталады. Бұл күні дауыс беру бұрышында көрерменнің аз болмағанын айтып өтейік.
Өз кезегінде Ж.Аймауытұлы театрының басшылығы актерлердің ойынына көңілдері тоятынын жеткізді. «Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» әңгімесіне негізделген әпсананың Ресей жеріндегі бәсі биік бәсекеге қатысып, сонау 1936 жылы алғашқы қазақ кәсіби театрының негізін салушы, жерлесіміз Жұмат Шаниннің сара жолын лайықты жалғастыруы біздің театр актерлерін ерекше арқаландырып отыр. Шығармашылық сапарымызды лайықты деңгейде ұйымдастырып берген Павлодар облысының әкімі Асайын Қуандықұлына, мәдениет басқармасына үлкен алғысымызды айтамыз. Шындап келгенде, Ресейде театр саласы жақсы дамыған, олардың арасындағы мықтылармен бір сахнада өнер таластыруға үлкен дайындық жасадық. Барлық үмітіміз ақталды», дейді Аймауытов театрының басшысы Арман Темірбек.
Фестивальдың Гран-при жүлдесін көрермендердің дауыс беру нәтижесінде «ФЭСТ» драма және комедия театрының өзі иеленді. Қазылар алқасының төрағасы Лариса Каневская керекулік театрға «Үздік ансамбль» аталымын тапсырып тұрып, бұл шын мәнінде Гран-приден кейінгі екінші жүлде саналатынын жеткізді. Театр ұжымының дені жастар екеніне тоқталып, мұндай ұжымның келешегі зор болатынына сенімдімін, деді сыншы.
* * *
Мәлімет үшін айтып өтейік, қасиетті Ертіс-Баян өңірінің рухани қарашаңырағы саналатын Ж.Аймауытұлы театры 1990 жылы 7 желтоқсанда режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпеновтің сахналауында М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен алғаш шымылдығын түрді. Көрнекті театр қайраткері, сол кездегі Т.Жүргенов атындағы Алматы өнер институтының ректоры Ә.Сығай театрға «Музыкалық комедия және театр» бөлімінің түлектерін жолдамамен жіберіп, үлкен үлес қосты. Актерлер С.Тәжібаев, Р.Тәжібаева, А.Жүке, С.Бекболатов, А.Бекболатова, М.Манап, Ж.Чайкина, Д.Ұябай, Т.Атамбек, Б.Құрбанова, М.Байжұманов, Ш.Байғабылқызы, Қ.Жексембаева, Г.Хамитова, Ж.Доспаев, Г.Омарова, Б.Шәнім, Д.Құспан, А.Таспаева, Г.Қайырбековалар театрдың іргетасын алғаш қаласқан өнер иелері екенін атап өткен маңызды. Театр сахнасында ұлттық драматургиямен қатар, әлем классиктерінің үздік шығармалары қойылды. М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Қаракөз», У.Шекспирдің «Король Лир», А.П.Чеховтың «Шағала», Еврипидтің «Медея», И.Кальманның «Сильва», «Мистер Икс», И.Штраустың «Жарқанат», Ф.Эрвенның «Түлкі бикеш», И.Цагарелидің «Ханума», М.Байсеркеұлының «Абылай хан», «Кене хан», сонымен қатар, осы заманғы драматургтердің пьесалары, Д.Исабековтің «Әпке», «Мұрагерлер», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Актриса», Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», Ә.Таразидің «Жақсы кісі», С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз», И.Байзақовтың «Ақбөпе», Ш.Айтматовтың «Ана-Жер Ана», Ж.Аймауытұлының «Ақбілек», «Шернияз», Иран Ғайыптың «Естайдың Қорланы», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты», «Ұлпан - Есеней», Мольердің «Сараң», К.Голдонидің «Венециялық егіздер», Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», А.Ықсанның «Соңғы Мамонт», Ш.Айматовтың «Жәмила», Е.Төлеубайдың «Кербез келіндер» т.б. қойылымдар театр сүйер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Театр тәуелсіздік жылдары 150-ге жуық қойылым сахналанған. 1992 жылы өнер ұжымына Жүсіпбек Аймауытұлының есімі берілді. Театрдың бүгінгі көркемдік жетекшісі – Әділет Ақанов. Халықаралық жүлдеге қол жеткізген «Ұждан» спектаклінің сахналық нұсқасын жазған – Нұркен Тұрлыбек.
* * *
Мытищи қаласындағы «ФЭСТ» драма және комедия театрында өткен фестивальға Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі арнайы көрме апарды. Республика күніне орайластырылған көрмеде Ертіс-Баян топырағынан түлеген өнер және әдебиет тарландары таныстырылды. Жергілікті қауым ақын, тарихшы, этнограф, ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Хал-ахуал», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» кітаптарының көшірмелерін, қазақ киносының атасы Шәкен Айманов пен жазушы Жүсіпбек Аймауытұлының, қазақтың ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушы Жұмат Шаниннің, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Естай Беркімбаевтың, майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың, сондай-ақ алғашқы қазақ елшілерінің бірі, дипломат Нәзір Төреқұлов пен керекулік жазушы Всеволод Ивановтың жеке заттары мен шығармаларын тамашалады. Музей басшысы Ербол Қайыров атап өткендей, құнды жәдігерлер қатарында Шәкен Аймановтың 1970 жылы Мәскеуде апатқа ұшырап, қаза болған сәтіндегі былғары тоны да жеткізілді. Ал Жүсіпбектің сиясорғышы мен қағаз кесуге арналған сызғышын Алаш ардақтысы өз қолымен жасаған екен. Көне заттар өте қарапайым әрі іс білетін шебер адамның қолынан шыққаны байқалады. Бұл бұйымдарды 90-жылдары музей ашылғанда қаламгердің қызы Мәруа Жүсіпбекқызы қорға тапсырыпты. Алаштың арда азаматынан қалған құнды заттарды ұрпақтары көзінің қарашығындай сақтап, қаншама уақыт сандықтың түбінде жасырып келгені таңғалдырады.
Павлодар – Мәскеу – Павлодар