• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қараша, 2023

Өңір дамуына соны серпін

239 рет
көрсетілді

Елімізде қанатқақты жоба ретінде тұңғыш рет әкімі сайланған 42 аудан­ның бірі – Бейнеу. Ауданда орна­лас­қан сайлау учаскелері жұмы­сын таңғы сағат 7-де мемлекеттік әнұран орындау­мен бастады.

Аудан бойынша 40 134 адам дауыс беру құқығына ие, олар үшін барлығы 30 сай­лау учаскесі жұмыс істеді. 17 учаске аудан орталығы Бейнеуде, қалған 13 учаске ауыл­дық жерлерде орналасқан.

Дауыс берушілер арасында биыл 18 жасқа толып, сайлауға тұңғыш қатысып отырғандар да, ғасыр жасынан асқан әже мен еңбек ардагерлері де бар. «Мерейлі отбасы» атанған Тастеміровтер әулеті Сыңғырлау ауылында орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді. Отағасы 94 жастағы Шалабай ақсақал мен отанасы 85 жастағы Өріс ана бүгінде 13 бала, 45 немере, 58 шөбере тәрбиелеп отыр. Олар аудан үшін маңызды күнде балаларымен бірге келіп, өз таңдауын жасады. Тастеміровтер әулеті үлкендерінің айтуынша, бүгінгі сайлау ауданның алдағы болашағын жарқын етіп, жаңа тыныс сыйлайды.

«Ауданымыздың өсіп-өркендеуі, жастарымыздың тәрбиелі де білімді болуы әрдайым маңызды. Сайлау берекелі ауданымыздың одан әрі дамуына серпін береді деп сенеміз. Ең бастысы, елдің тыныштығын тілейміз», деді олар.

Аудан әкімдігіне 3 адам үміткер ретінде тіркелген еді. Сайлау қорытындысы бо­йынша Нұртас Салиге – 2 178, Есет Хай­рул­линге – 213, Рахымжан Шалбаевқа 8 556 дауыс берілген. Ал «Бәріне қарсымын» бел­гісі бар бюллетеньдер саны – 202. Сайлау қоры­тындысы бойынша Бейнеу ауданының әкімі болып аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған Рахымжан Шалбаев сайланды.

 

Маңғыстау облысы