Биыл қазақ әдебиеті көгінен құйрықты жұлдыздай ерте ағып түскен талантты жазушы Ақан Нұрмановтың туғанына 90 жыл толды. Соған орай елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Алыс та жақын Ақан Нұрманов» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған жазушыны көзі көрген қаламгерлер, әдебиетші-ғалымдар, оқырмандар және жерлестері қатысты.
Қазақта «тектіден текті туады» деген сөз бар. Осы нақылды қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен Ақан Нұрмановқа қаратып айтуға болады. Жазушының атасы Нұрман Торғай өңірінде дін жолын ұстаған молда болса, әкесі Шайдахмет 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің бас сардары Амангелді Имановтың сенімді сарбаздарының бірі болған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ел ішіндегі дәулетті, ауқатты адамдардың мал-мүлкін тәркілеп, өздері мен отбасыларын қуғындап, жер аударғаны белгілі. Осы нәубет Нұрман әулетін де шарпиды. Бір жағынан, шолақ белсенділер Алаш қозғалысына қатысы бар деп Шайдахметті бауырларымен бірге қуғынға салады. Бұдан әулетін аман сақтап қалу үшін ол Әліби Жанкелдиннің көмегімен Торғайдан қиян шетте жатқан Жетісу өлкесіне бас сауғалап барады. Сөйтіп, Ақан Нұрманов 1933 жылы қазіргі Жетісу облысы Ақсу ауданында туған. Бірақ заманның бұралаң желі шамалы басылғаннан кейін ата-баба мекені – Батпаққараға оралып, Ақан аудан орталығындағы орта мектепті тәмамдап, алдымен Қазақ тау-кен институтына түскенімен, бірақ бала күнінен көркемсөз өнерін пір тұтып өскен өрен оны аяқтамай, Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің журналистика бөліміне қайтадан оқуға қабылданады.
Жиын шымылдығы дарынды суреткердің жасындай жарқ еткен өмірі мен шығармашылығын зерделеген «Ақан да аққан жұлдыз Арқадағы» деп аталған бейнебаянмен ашылды. Одан кейін конференция модераторы Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы қабырғалы қаламгердің мерейтойына арналған іс-шараның маңызына тоқталып, алдымен сөз кезегін Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдікке берді.
– Әдетте жазушыны оқырман шығармасы арқылы таниды. Бірақ адамның жеке басының өзі – бір шығарма. Адамның мінез-құлқы, өмірдегі жүріс-тұрысы, қоғамдағы орны туралы оны көзі көргендер ғана айтады. Ақан менен сегіз жас үлкен болғанымен заманымыз бір болды, – деп бастады сөзін Төлен аға.
– Біз әдеби ортаға 1966 жылдан бастап араласа бастадық. Ақан ол кезде бір-екі прозалық жинағы жарық көрген жас жазушы еді. Бірақ өзі көп сөйлемейтін, өте тұйық болатын. Өзімен бірге жүрген Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Әкім Тарази секілді достары ашық-жарқын сөйлеп, жарқылдап күліп жүргенде ол төмен қарап, үнсіз отыратын. Сол жылдары Ақанның бір жинағы шықты да, соған енген бір повесі маған онша ұнамады. Онда маған әлеуметтік мәселелерді баса айтып, адамның жан-дүниесі ашылмай қалған секілді көрінді. Шыны керек, содан ба білмеймін, менің Ақанға деген үлкен ықыласым болмады. Жақын араласқан жоқпыз. Қазір соған өкінемін. Ұмытпасам, 1968 жылы Ақан қайтыс болды. 34 жастағы жап-жас жігіт еді. Үйіне барып, көңіл айттық. Шын мәнінде, Ақан өмірден түк көрген жоқ. Көзі тірісінде қаламдастарынан жақсы лебіз де естімеді. Содан кейін «Құланның ажалы» романы шыққан кезде, біз Ақанды әдебиетте әбден орныққан өз биігіне жеткен сақа жазушы ретінде жаңа қырынан таныдық. Шығарма алғашқы бетінен бастап, оқырманды жетелей жөнеледі. Оқиғасы қандай тартымды. Әрбір сөзінен шынайылық, қарапайымдылық есіп тұрады. Кейіпкерлердің мінезі, сезімі, жан-дүниесі толық ашылған. Сөйтіп, Ақанның екінші рухани өмірі басталды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Кейкі мерген туралы көптеген дүние жазылды. Бірақ солардың біреуі Ақан туралы айтқан емес. Шындығында, сонау 60-жылдардың өзінде-ақ кеңес өкіметінің қаһарынан ықпай, Кейкіні тірілтіп, оның қайталанбас образын жасаған Ақан болатын. Сол уақытта үндемей жүріп, осындай ғажайып шығарманы жазу – ерлік. Бір жағынан, бұл шығарманың екі-үш тарауы орысша жазылып, соңғы нүктесі қойылмай қалған еді. Оны досы Қалихан Ысқақов қазақшалап, соңын аяқтады. Бірақ соған қарамастан осы шығарманың қазақ әдебиетінде алатын орны өте үлкен. Ол кезде дәл осындай көркемдік деңгейде жазылған туындылар өте сирек болатын. Қазір көзқарас өзгерді, романға да басқаша қарау керек, Алайда маған осындай сүйекті шығарма жазған Ақан Нұрмановқа деген құрмет әлі де өз деңгейінде емес секілді. Ақанды кеңірек дәріптеу, оның әдебиетіміздегі орнын анықтау болашақтың ісі сияқты көрінеді, – деп қаламгер парасатты ой қорытты.
Арқалы ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбек жас күнінде Алматыда жазушының үйінде тұрып, онымен жақын араласқанын айтты.
– Ақан аға көп үндемейтін, ешкімге сыр аша қоймайтын адам еді. Өте білімді болатын. Оқымаған кітабы жоқ. Мектепте оқып жүргенде аудандық кітапханадағы кітаптарды оқып тауысқан. Ақанның әдебиетке бірге келген достары да шетінен мықты. Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Сайын Мұратбек, Әкім Тарази ағаларымыз әдеби басылымдарда Ақанның шығармаларын жоғары бағалап, дәріптеді. Олардың достығына, сыйластығына әлі күнге дейін тәнтімін. Мұндай достық жазушылар арасында сирек болады. Менің Кейкі мерген туралы дастан жазуыма Ақан ағамыз себеп болды. Бірақ мен оның кітабында айтылған деректерге жолаған емеспін. Ел ішінен естіген аңыздардардың желісімен жаздым, – деп жылы естелігімен бөлісті.
Ал қарымды қаламгер, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов біртуар суреткердің «Құланның ажалы» романының әлем әдебиетіндегі үздік үлгілердің деңгейінде жазылған жаңашылдығына тоқталды.
– Жаңа қаламгер туралы бейнебаянда «Есенберлиннің ерлігін қайталады» деген өлең шумақтары болды. Осы жерде бір сыни пікір айта кетейін. Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романы 1968 жылы жарық көрсе, Ілекеңнің «Қаһары» 1969 жылы шықты. Сонда А.Нұрманов Есенберлиннің ерлігін қалай қайталайды? Әйтеуір әдебиеттегі кейбір аңыздарды Ілекеңе теңегіміз келіп тұрады. Шынында, 1968 жыл қандай жыл еді? Бұл жылдары жазушы Тахауи Ахтановтың «Боран» романы енді жарық көрген. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының алғашқы кітабы да сол жылдары басылды. Осыған қарап, Ақан Нұрмановтың отыздан енді аса бере бас-аяғы жинақы, оқиғасы шымыр роман жазуы – әдебиетіміздегі проза жанры үшін резонанс еді. Бұл шығарманың өз кезеңіндегі жаңашылдығы, батылдығы, стильдік ерекшелігі, тазалығы, шеберлігі мүлде бөлек. Егер Ақан құрығанда 60 жасқа жетіп, «Құланның ажалы» секілді осындай үш роман бергенде ғажайып олжаға кенелер едік. « Отты күн өзінің аумас, айнымас жолымен батысқа қарай құлдилап барады. Қоғалы өткел басы тып-тыныш еді. Кенет алыстан ат дүбірі естілді. Сол сәт өзен бойын қаумалаған тоғай іші айдаһар жорғалап өткендей изең-изең ете қалды да, жас тал жапырағы біраз бұлаңдап тұрып басылды. Өткел басы тағы тыншыды». Неге деген сурет, не деген ырғақ. Шығарманы бір деммен ұстап отырып, романның оқиғасын алдымызға жайып салады. Бір жерден мүдіріс көрмейсіз. Пейзаж дейсіз бе, портрет дейсіз бе, диалог дейсіз бе – бәрі рет-ретімен орнында тұр. Диалогтерді де сол күйінде қабылдайсыз. Оқиғаны құрауы да шебер. Қысқасы, романның тілдік жағынан болсын, сюжет жағынан болсын, сөйлемдегі екпін, ырғақ жағынан болсын айтар жаңалығы көп. Отыз жастағы қаламгердің кейбір тұтас тарауларын «орысша жазсам, артық нәрсе жазбаймын» деген ұстаныммен орыс тілінде төгілтіп жазуы, өзін сөйтіп тежеуі, артық бояуларға бармауы – ерекше айтуға тұрарлық дүние. Қазір аталған туындыға жаңаша қарайтын кез келді. Меніңше, осы шығарманы Қалихан ағамыз аяқтағанымен, соңғы тарауы сол күйінде қалғанда әлдеқайда жұмбақ болар еді деп ойлаймын. Бастысы, Ақан Нұрмановтың осы романынан алатын, үйренетін өнегенің бірі – білім мен мәдениет, – деп әдебиетке енді келген жастарға ой саларлық тағылымды әңгіме өрбітті.
А.Нұрманов өмірден ерте озса да, оның есімін ел есінде сақтауға айтарлықтай үлес қосып, шығармаларын үнемі насихаттап, дәріптеген достарының орны бөлек. Ол туралы Қалихан, Әкім ағаларымыз керемет естелік жазды. Танымал жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова олардың осы достығы туралы байыпты ой қозғады.
– Қалихан, Сайын, Әкім ағалардың әңгімесін тындағанда олар өмірден ерте кеткен екі досы – Ақан Нұрманов пен Телман Жанұзақов туралы үнемі айтып отыратын. Әкім ағаларыңыз 1985 жылы жазған күнделігінде: «Бір кезде Ақан қайтыс болғанда, біз достан айырылдық деп күйіндік, енді қарасам, бүкіл қазақ үлкен талантынан айырылған екен, үлкен бір үмітінен айырылған екен» деп жазыпты. Және ол кісі Ақан Нұрмановтың «Аққу шоғыры» атты повесін классика деп бағалады. «Қандай әдемі қоңыр мұң, осындай мұңмен қалай өмір сүрді екен», дейді досым. Соған мен қызығып, кеше аталған туындыны қайталап оқып шықтым. Бұл шығармада бір ауылдың әлеуметтік жағдайы ғана сөз болмайды. Қыстаудағы жалғыз шопанның үйі. Болат есімді кейіпкердің әкесі қайтыс болады. Анасы аудан орталығына кеткен. Әкесін жерлейін десе жалғыз өзі. Үйде әкесінің мәйіті жатыр, өзі жапан далада мал бағып жүр. Осыған қарап, сол қоғамдағы адамның құнын, қадірі қандай болғанын білесіз. Егер дәл осы сюжетті қарабайыр қалам ұстаған адам жазса, сондай іш пыстырарлық дүние болар еді. Ал Ақан ағамыздың шеберлігі сондай, елітіп әкетеді. Бұл кісінің кез келген шығармасы фильмге бергісіз. Өйткені кадрларды көріп отырасың, – деп талантты тұлғаның әрбір сөзді мүсіншідей қашап өрнектейтін шеберлігінен сыр шертті.
Сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Рақымжан Тұрысбек көркем сөз зергерінің шығармашылығының қазақ әдебиеті тарихында алатын орны туралы сөз сабақтаса, айтулы сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілік қаламгерге «қазақ әдебиетінде жаңаша жазудың сүрлеуін салған суреткер» деп баға берді.
– Ақан ағамыздың соңында том-том әдеби мұра қалмаса да біз білетін бір романы, бірнеше повесі мен әңгімесі ғана бар. Бірақ осы аз да болса саз дүниенің өзімен, әсіресе «Құланның ажалы» сынды ұлттық әдебиетіміздегі тың жаңалық болған романымен А.Нұрмановты классик деп айтуға болады. Бұл роман – әдебиетіміздің алтын қазынасына қосылған жауһар туындылардың бірі. Себебі романның мәтіні, жазылу формасы, баяндау мәнері, сол кездегі қалам тербеген прозашылардың шығармаларының ешқайсына ұқсамайды. Неге десеңіз, жазушы бұл туындысын әлем әдебиетін, оның ішіндегі Батыс әдебиетіндегі жаңалықтарды жан-жақты зерттеп, сондай негізде жазған. Құлан – Кейкі батырдың прототипі, бірақ бұл тарихи шығарма емес. Сондықтан оны шатастыруға болмайды. Осыған қарап, Кейкі өмірде Нұрманов суреттеген Құлан секілді болды деуге болмайды. Өйткені көркем шындық пен тарихи шындықтың айырмашылығы екі бөлек. Бұл жерде жазушы көркем шындық арқылы қоғамдағы үлкен мәселені көтерді, – деді ол.
Конференция барысында Қостанай облысы, Амангелді ауданы Ақан Нұрманов атындағы орта мектептің директоры Қуандық Шоңғалов, жазушының жақын туыстары атынан тарих ғылымдарының канидаты Айтжан Нұрманова мен Жомарт Нұрманов сөз алып, осы іс-шараны өткізуге ұйытқы болған азаматтарға алғысын айтып, қонақтарға Ақан Нұрмановтың бейнесі басылған төсбелгіні тарту етті.