• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Денсаулық 06 Қараша, 2023

Ең дұрысы – екпе алу

271 рет
көрсетілді

Қызылорда облысында жыл басынан бері қызылшамен ауырған 709 науқас лабораториялық жолмен анықталыпты. Жағдайдың күрделеніп бара жатқанын айтып, дабыл қаққан дәрігерлер дерегінше, аурудың 86 пайызы 14 жасқа дейінгі балалардың бойынан байқалып отыр. Мамандар, әсіресе әлі жасқа толмаған 163 нәрестенің қызылша жұқтыруына қатты алаңдайды.

Жұқпалы ауруға шалдыққан­дар­дың күрт көбеюіне байланыс­ты өңірлік штаб құрылыпты. Соны­мен қатар бас мемлекеттік санитар­лық дәрігердің 1 қарашадағы №7 қаулысына сәйкес 6 қарашадан бастап  6-11 ай аралығындағы балаларға қы­зыл­шаға, қызамыққа және паротит­ке қарсы қосымша жаппай екпе егу жоспарланып отыр. Тұрақты тір­келмеген, қызылшаға қарсы егілу дерегі жоқ азаматтар келісім бойын­ша бір рет иммундалады. Бұрын бұл ауруға қарсы егілмеген 55 жасқа дейін­гі медицина қызметкерлері де екпе алып, халық арасында ақпарат­тық түсіндірме жүргізіледі.

– Облыста вакцинадан бас тартқан тұрғындардың үлесі көбейіп отыр. Жос­­пар­лы екпені алмай жүргендер де аз емес. Қазір Қызылорда облысы ауру көрсеткішінен республика бойын­ша алтыншы орында тұр. Ал­дын алу шараларын күшейтпесек, жағ­дай біз ойлағаннан да қиындай түсуі мүмкін, – дейді облыстық сани­т­а­р­иялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Мамандардың айтуынша, жұқпа­лы аурулар көрсеткішінің 4-5 жыл аралатып көтеріліп тұратыны бар. Қызылшаға шалдыққандардың артуы 2019 жылы да байқалған. Ең қауіптісі – қызылшаның пневмония, бронхит, энцефалит секілді ауруларды асқындырып жіберетіні. Сондықтан ең дұрысы – екпе алу.

– Ауру жұқтырғандар арасында екі жарым айлық сәбилер де бар. Негізі бала жасқа дейін иммунитетті ана сүтінен алып, қызылшамен ауырмауы керек. Сұрастыра келсек, бұл нәрестелердің аналары кезінде осы жұқпалы ауруға қарсы егілмегені анық­талып отыр. Осы күні облыс бо­йын­ша 330 төсектік орын әзірленді. Оның ішінде 20 төсектік жансақтау бө­лімі бар. Аудандағылардың жағ­дайы ауыр­лай қалса, санавиация ар­қылы кө­мек көрсетіледі, – дей­ді облыс­тық жұқпалы аурулар ауруха­насының бас дәрігері Айна Мұхам­бетова.

Биылғы 5 желтоқсаннан бас­тап қосымша иммундаудың екінші тол­қыны басталады деген қауіп бар. Бұл ретте 2-4 жас­тағы балалар қамтылмақ. Өйт­кені дәрігерлердің айтуынша, індет жұқтырғандардың қатарын осы жас­тағылар көбейтіп отыр.

Коронавирус пандемиясы кезін­де қызылша мен қызамыққа қарсы екпеге де сенбестік танытып, салдыр­мағандар көп болған еді. Соның зардабын енді тартып отырмыз.

 

Қызылорда