• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Қараша, 2023

Қазақ қызы тұңғыш рет түйе үстінде жамбы атып, рекорд орнатты (видео)

1676 рет
көрсетілді

Осыдан бір ай бұрын Алматы қаласында Топжарған этно-мәдени орталығы ұйымдастырған қайырымдылық іс-шарасында Қазақстанда тұңғыш рет түйе үстінде отырып жамбы атып, рекорд орнатқан Аружан Миравилдаеваның жетекшісі Ғабит Таңатовпен тілдесіп, пікірін білген едік.

– «Жамбы ату» ұлттық ойынымызда жылқымен өнер көрсетілетінін білеміз, ал түйе үстінде отырып жамбы ату дегенді бұрын-соңды естімеппіз, мұндай идея қалай, қашан туды?

– Негізі біздің ұлтымызда «ұят болады», «бұрын ешкім істемеген» деген секілді комплекстер бар, алайда, бұрын жасалмағанды жасауға болады ғой. Идея басымызға осыдан екі жыл бұрын келген. Бірақ, ыңғайы келмеді, нақты айтқанда түйе таппадық. Содан сонау Шымкент жақтағы Созақтан үш жасар қазақы екі түйе сатып алдық. Үйретілмеген асау түйені үйреттік, «былайша айтқанда нөлден бастадық». Одан кейін түйе үрікпесін деп әуелі шыбықпен-ағашпен садақ атып жатқан секілді жағдайларға түйені үйретіп, содан кейін ғана барып, садақпен атуды бастадық, жамбыны жылқы үстінде өзіміз де атып жүрміз ғой, ал түйемен секундына дейін есептеп арнайы жаттығып жүрдік, үш жарым ай уақытымыз кетті.

– Рекордтық істі жүзеге асырудағы мақсатыңыз қандай болды және өзгеше рекорд орнатқан шәкіртіңіз туралы айта кетсеңіз.

– Алматы қаласы тұрғындарына түйе таңсық, оның үстіне бір жағынан жастарды таңғалдыру үшін, ал ең бастысы ұлттық ойынымызды жаңаша мазмұнмен толықтыру мақсатында аталған істі жүзеге асырдық. Қазақстанда тұңғыш рет түйенің үстінде отырып 100 метрді 12 секундта бағындырып, арақашықтығы 30 метр болатын 3 нысананы көздеп жамбы (садақ) атып, осы жылғы 4 қазанда рекорд орнатқан Аружан Амангелдіқызы Топжарған этно-мәдени орталығында жұмыс істейді, қазір жасы 18-де. Ол 5 жасынан бастап ат құлағында ойнап өскен, Жамбыл облысына қарасты Меркінің тумасы. Алдағы уақытта Топжарған этно-мәдени орталығының тың жоспарлары бар, уақыты келгенде жүзеге асырамыз деген ойдамыз.