• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қараша, 2023

Теректінің торқалы тойы

221 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Терек­ті ауданы 90 жылдығын атап өтті. Жеке аудан болып шаңырақ кө­тер­ген мерейтойын жергілікті ха­лық еңбек адамдарын марапаттап, ат шаптырып, балуан күресін өткізді.

Әрине, Жайық өзенін жағалай жат­қан бұл өлкенің тарихы тым тереңде. Алтын киімді әйгілі Тақсай ханшайымы­ осы жерден табылған. Кіші жүздің әкелі-балалы билеушісі Айшуақ пен Жантөре хандардың зираты да осы то­пырақта жатыр. Атақты Марабай жырау мен Әбубәкір Кердерінің де туған жері – Теректі. ХХ ғасырдың басында қара­шекпенділер қаптап, құйқалы жерге жаппай қоныстанса, «тың игеру» деген түрен­нің астында да біраз тарих жыртылып кетті. Бірақ Тәуелсіздік таңы атқалы атажұрттың арғы-бергісі түгенделіп, ел де, жер де жаңаша түлеп келе жатқаны рас.

– Торқалы 90 жылдықта ауыз толтырып айтатын жетістігіміз жетерлік. Тоғыз жолдың торабында орналасқан біздің аудан қай кәсіппен де шұғылдануға қолайлы мекен. Аумағындағы 15 округте 40 мыңға тарта тұрғын, 29 ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүреді. Аудан бо­йынша 24 елді мекен ауыз сумен, 96 пайыз ауыл газбен қамтылған. Биылдың өзінде 25 шақырым жол жөнделіп жатыр, 4 мектеп салынып, 3 жаңа медициналық нысан бой көтерді. 23 отбасы­ жаңа пәтер иесі атанса, 38 тұрғын үйдің қабырғасы қаланды. Ауданның ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. Қазіргі кезде мал саны айтарлықтай өсу үстінде. Бұл – өңірдегі өзге­ріс­тердің бір парасы ғана. Жыл сайын ауда­нымызда жаңа жобалар мен игі істер жүзеге асса, елдің тыныштығы мен тұрақ­тылығының арқасы, – деді Теректі ауда­нының әкімі Әлия Мұханбетжанова.

Бұл күні туған жердің то­йына алыс-жақыннан мәртебелі меймандар да ағы­лып келіпті. Соның бірі – осы өңірдің тума­сы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, «Құрмет» және «Отан» орде­ні­нің иегері, Ақжайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақты­гереева. Сахна төрінен:

«Көлдерің тұнық, мөп-мөлдір,

Жағасы жасыл, желек-ті.

Төгіліп тұрған көктен нұр,

Сұлусың қандай, Теректі!» деп тебірене жыр оқыған ақынның өңіріне Теректі ауданының 90 жылдығына орай арнайы дайындалған төсбелгі тағылды.

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Жазушылар одағы­н­ың мүшесі, ақын Дариға Мұш­та­нова мен композитор, «Дарын» мем­лекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты, Мәде­ниет саласының үздігі, «Құрмет» орде­ні­нің иегері Еркін Нұрымбетовтің шы­ғар­ма­шы­лық одағынан туған «Терек­ті­ вальсі» ашық аспан астында орындалып, жиналған жұртты тәнті етті.

Осы күні ұзақ жылдар бойғы жемісті қыз­меті үшін «Қазпошта» Теректі аудан­дық филиалының касса меңгерушісі Валентина Анищенко, аудандық полиция­ бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлім­ше­сінің бастығы Қанат Жақыбаев, Ақ­жайық ауылдық округі әкімі Болат Алек­сандрұлы, Приречный ауылдық округі әкімі Мейрамбек Жақсыбекұлы, Теректі РЭК бас инженері Дамир Мырзабаев, «Теректі-Таза су» ЖШС инспекторы Ақма­рал Еркінқызы, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жат­­тық­­тырушысы Ерлан Сағы­на­лин сын­ды үздіктер облыс әкімі Нариман Төре­ғалиевтің Алғысхатымен марапатталды.

Көпшілік іс-шара Теректі ауда­нын­дағы халықтық «Дат»­ театры әртіс­тері қойған тари­хи көріністермен, «Жұл­дыз» үлгі­лі би ансамблінің әсем қойы­­лым­дарымен, жергілікті өнер­паз­дардың тамаша өнер шашуымен әрленіп, көпшілік көңілінен шық­ты. Теректі аудандық мәдени-дема­лыс орталығы қызметкерлері де бар өнерін салды. Сахна төрінде, сайын дала төсінде Кәмшат Қадырғалиева, Гүлназ Құсайынова, Сағидолла Изделеев шарықтата ән шырқаса, аудандық саз мектебі жанынан құрылған «Ақжелең» фольклорлық ансам­блі домбыра күмбі­рі­мен тойдың сәнін келтірді.

Көпшіліктің делебесін қоз­дыр­ған дала қызықтары – бәйге мен күрес ­аудан кәсіпкерлерінің, шаруа қожалығы бас­шы­ларының қолдауымен өтті. Құнан бәйге мен топ бәйгеге – мотоцикл, ала­манға – авто­көлік тігілді. Алғашқы жүл­де­­лерді Шыңғырлау ауданынан­ келген Талғат Бисембаевтың «Наз­күреңі» мен «Атамекен» ЖШС атынан қатысқан Бек­сұл­тан Иба­тов­тың «Ақтаңгері» иемденсе,­ авто­көлік Атырау облысынан келген Хамит Алтынбектің «Қарақұс» атты тұл­па­рына бұйырды. Ал боз кілем­де белдескен палуандардың бас бәйгесі – 500 мың теңгені бөр­лілік Темірлан Көлбай жеңіп алды.

Биылғы күздің соңғы жай­ма­шуақ күндерінің бірінде өткен Терек­ті тойы ел ішіндегі еңбек ада­­мы­ның еңсесін көтеріп, ха­лық­қа тамаша көңіл күй сыйлады.

 

Батыс Қазақстан облысы