• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қараша, 2023

«Мемлекет барлық еңбекті бағалайды». Министр Әли Оқапов туралы

432 рет
көрсетілді

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі сыннан кейін отандық әнші Әли Оқаповқа берілген «Құрмет» орденіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еске сала кетсек, әнші бұл марапаттан бас тартқан еді.

Мәжіліс алаңында журналистер министр Аида Балаевадан әншінің төңірегінде болған жағдай қалай шешілгенін сұрады.

«Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қоғамның барлық жетістіктерін жоққа шығарғысы келетіндер көбейіп кетті. Бұл жақсылыққа апармайды. Шындығында, барлығы өз ісінің маманы болды. Әр сарапшының өз саласы бойынша пікір білдіруі өте маңызды және бұл білікті кәсіби пікір болуы тиіс. Ал «Неге берілді? Не үшін берілді?» деген сұрақ қою дұрыс емес», деді министр журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Министрдің айтуынша, әнші халықтың тарапынан жасалған қысымды эмоционалды түрде қабылдаған.

«Бұл шешімді бір министрлік қабылдамайды. Бөлек комиссия қарап, марапатқа ие адамды таңдайды, ал ел азаматтары мемлекеттің дамуына үлес қосуы өте маңызды. Мемлекет барлық еңбекті бағалайды. Біз өз азаматтарымызды әрдайым жігерлендіріп, ынталандырып отырғанымыз өте маңызды. Бір қызығы, неге біздің «сарапшыларда» мұғалімдерге, дәрігерлерге, зауыт жұмысшыларына сонша көп марапат берілді деген сұрақ туындамайды. Олардың жетістігі туралы неге айтпасқа. Бәлкім, еліміздің дамуына орасан үлес қосып жүрген батырларды көрсету маңызды болар еді, иә? Ал мемлекет әр адамның еңбегін бағалайды», деп түсіндірді министр.

Сондай-ақ журналистер «Әнші «Құрмет» орденін және басқа да марапаттарын мемлекетке қайтарды ма?» деген сұрақ қойды. 

«Жоқ, оны қайтаруға болмайды. Бұл дұрыс емес. Әли Оқапов әлеуметтік желілердегі хейтке эмоционалды түрде жауап берді. Қазіргі «сарапшылар» кез келген мәселені сыни пікірсіз қалдырмайды. Бұл да дұрыс емес. Біз Әли Оқаповпен әңгімелестік, ол шығармашылық адам ретінде бұл пікірлерді өте эмоционалды түрде қабылдады, қазір сабырға келді», деп жауап берді министр.

Естеріңізге сала кетейік, қазан айында әнші Әли Оқапов «Құрмет» орденімен марапатталған еді. Әлеуметтік желілерде бұл жаңалық қолданушылар арасында дау тудырды, кейбірі Оқаповты «бұған лайық емес» және «ел үшін ештеңе істемеді» деп айыптаса, енді бірі әншінің жағында болды.

Сыни пікірлерден кейін Әли Оқапов барлық марапаттарынан, онымен қоса «Құрмет» орденінен бас тартатыны туралы  бейнежазба түсірген еді.