• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қараша, 2023

Кәсіптің қиындығын білгің келсе...

106 рет
көрсетілді

Арқалап барған фотоаппарат, қойын дәптердің керегі де болмады. Өрт сөндіру бөлімінің ауласына кіре сала сапқа тұрдық. Бұйыра сөйлеген командир арнайы киім киіп, жаттығу жолағынан қалай жүріп өту керек екенін түсіндірді. Одан соң үйіндінің астында қалған адамды алып шығып, алғашқы медициналық көмек көрсету керектігін айтты. Ал өрт сөндірушілер журналистердің рөліне енген. Бүгінгі баспасөз турының шарты – солай.

Алдымызда жатқан арнайы киімді бар-жоғы 19 секунд ішінде киіп, шартты түрде өрт болған орынға шығып кетуіміз керек екен. Әр секунд – өрттің өршуі, әр секунд – біреудің өмірі. Сондықтан барынша ширақ қимылдауға тырыстық. Қорбиып жатқан брезент киімді әп-сәтте киіп алғанымызбен, танауға масканы, басқа касканы кие алмай тосылдық. Арқамызға ауа толы темір баллонды артқанда қыздар жағы тәлтіректеп қалған. Сонда да қызыл жалынның арасынан жүгіріп өтіп, тоннель іспетті тар құбырмен төмен құлдилады. Бұл кезеңнен сәтті өткендері нысанаға дәлдеп су шашты. Қысымды күшейткен сайын қолдағы шланганы ұстап тұру да бәлендей оңай шаруа емес екеніне көз жетті. Бұдан соң өрт шыққан алтыншы қабатқа терезеден кіруіміз керек болды. Бұйрық – солай. Біз жүгіріп жеткенше, терезеге қарай арнайы техникадан баспалдақ созылды. Бір-бірлеп өрлей жөнелдік. Арқадағы 6 кг баллонның салмағы тіптен ауыр тарта бастаған секілді. Баспалдақтың басына таяғанда қос өкпе ентігіп, тыныс алу ауырлаған. Аяқтағы резеңке етіктің де салмағы сезілді. Кейбір әріп­тес­тер биігіне жете бере басы айналып, бас­палдаққа жабыса жата қалысқан. Онын­шы, он төртінші қабаттарға осылай көтерілсек қайтер едік? Өзіңді көте­ріп шыққаның былай тұрсын, түтінге тұн­шыққан тұрғындарды арқалап түсуің керек болса ше? Құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің қызметтері оңай емес, білеміз. Бірақ бұл жолы соны сезіндік. Көз аштырмайтын қара түтіннің арасымен де жүріп көрдік.

Қызметте жанын шүберекке түйіп жүре­тін өрт сөндірушілердің қай-қайсы­сын айтсақ та, батыр дер едік. Жазға салым Семей орманы отқа оранғанда өрт сөндірушілер дәл осылай асай-мүсейлерін асынып, айға жуық өртпен арпалысқанын көрдік қой. Оның алдында Батыс Алтайды тілсіз жау шарпып, апталап сөндірген. Өрт сөндірушілердің өмір мен өлім арасында жүретінін Үкімет ескеріп, жалақыларын көтеріпті. Соған қуандық. Қазір өрт сөндіру бөліміне ә деп жұмысқа орналасқан азамат қолына 180 мың теңгенің көлемінде жалақы алады. Бұрын 70-80 мың теңгенің төңірегінде ғана еді. Біртіндеп техникалары да жаңарып жатқан көрінеді.

Шартты қойылған өрт сөндіріліп, түтін тұнған ғимараттан тысқа шыққанымыз сол еді, жапа-тармағай жарыса жеткен «журналистер» жан-жақтан суретке түсіріп, неге кешіктіңіздер деген секілді сұрақтарды қарша боратты.

– Ұзақ киіндік. Киіне сала өрт шыққан жерге жүгірейік десек, артып алған баллон ауыр. Қимылдай алмай қалдық. Қысқасы, өрт сөндірушілердің жұмысын бір сәт сезініп көрдік. Еңбектеріңіз ерен. Сіздерді Шығыстағы БАҚ өкілдері атынан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! – деп жылы лебізін білдірді сайт тілшісі Анель Абзалбекова.

Ендігі жұмыс үйіндінің астында қал­ған адамды құтқару еді. Қолымызда – 20 тоннадан аса ауырлықты көтеретін құрылғы. Жалпағынан жатқан бетонды оп-оңай көтере салды. Қиынға соққаны – үйіндінің арасынан 60-70 кг тартатын муляжды алып шығу еді. Алуы алып шығып, бірінші медициналық көмек көрсетуді де үйрендік. Жалпы, алғашқы медициналық жәрдемді әр азамат көрсете білуге тиіс.

– Қызықты шара өтті. Журналистер еш дайындықсыз келіп, шартты қойылған өртті сөндіруге кірісті. Көрсеткіштері жаман емес. Біз де тілшілік қызметтің қыр-сырын түсіндік. Жедел әрі нақты ақпарат таратуға тырыстық, – деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов.

 

Шығыс Қазақстан облысы