Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетте жазушы-журналист Байтұрсын Ілияс атындағы дәрісхана ашылды. Қарымды қаламгер көп жылдар бойы «Egemen Qazaqstan» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі болып жұмыс істеген.
Дәрісхананың салтанатты ашылу рәсіміне журналистика факультетінің оқытушылары, қаламгердің туыстары, замандас достары мен әріптестері, шәкірттері қатысты.
Байтұрсын аға өмірінің соңғы жылдарын ұстаздықпен ұштастырып, аталған білім ордасында көптеген дарынды шәкіртті тәрбиелеп шығарды. Университеттің сол кездегі ректоры Зұлқарнай Алдамжаровтың қолдауымен 1996 жылы тұңғыш рет Ахмет Байтұрсынұлының туған жері Ақкөлге «Ақ жол» ғылыми-танымдық экспедициясын ұйымдастырып, көнекөз қариялардан ұлт ұстазына қатысты бірсыпыра ауызекі деректерді жазып алып, тарихқа таспалап қалдырып кетті. Ол жазып қалдырған құнды деректің бірі – Ақаңның ең соңғы рет атамекеніне келіп, әкесі мен ағасына там тұрғызып кетуі.
Кезінде біраз жыл бойы журналистика факультеті шәкірттерінің қалам ұштар құралына, студент жастардың сүйікті басылымына айналған «Жас өркен – Қостанай» журналының алғашқы шығарушысы да Байтұрсын Ілияс ағамыз еді. Журналдың ең алғашқы саны қолына тиген сәттегі бақытты редактордың қуанышты сәтінің куәсі, құдайы көршісі әрі талай жыл сырлас досы болған ақын Николай Кочин:
«Ол күнделікті өмірде өте қарапайым болатын. Тіпті бір қараған кісіге қолынан ештеңе келмейтін, тым жуас, момын адам болып көрінетін. Шынтуайтында, ол өз мақсатына жету үшін кез келген кедергіні бұзып-жарып өтетін мұзжарғыштың нағыз өзі еді. Бұған әбден көзі жеткен адаммын. Бірде біз тұрған үйдің ауласында кездейсоқ кездесіп қалдық. Қолына бір журнал ұстап алған. Жанарында ерекше от ойнап, жүзі бал-бұл жанып тұр. «Бүгіннен бастап мен мына журналдың редакторымын!», деді балаша шаттанып. Оның бұлайша қуанғанын бұрын-соңды көрмеген едім», деп тебірене еске алады.
Қаламгердің «Тың түлектері», «Тоғыз перне», «Алтын бесік» атты кітаптары жарық көрген. Бірнеше топтамалық жинақтарға өлеңдері мен очерктері енген.
Салтанатты іс-шара барысында журналистика факультетінің озат студенті Диана Ысқақоваға жазушы-журналистің шәкірттері тағайындаған жылына бір рет беріліп тұратын Байтұрсын Ілияс атындағы шәкіртақы табысталды. Ал қаламгердің туыстары дәрісханаға интерактивті тақта тарту етті.
Қостанай облысы