• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 09 Қараша, 2023

Жетігеннің әсем үні

269 рет
көрсетілді

Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы «Сарыарқа» халық музыкалық ансамблінің XXVI концерттік маусымы танымал музыкант, композитор Қаракөз Гасимованың «Жетіген – аңыз» атты шығармашылық концертімен ашылды.

Талантты өнерпаздың сиқыр­лы сазға толы кеші «Астана Опе­ра» театрының Күләш Байсе­йітова атындағы Камералық залында өтті.

Жетіген – көнеден келе жат­қан көпішекті музыкалық аспап. Оның жасалуы да, ойнау әдісі де күрделі. Ертеде халқымыз жеті­геннің ішегін аттың қылынан та­ғып, тиек­тің орнына асықтар пай­дала­нылған деседі. Аспаптың құ­лақ күйін осы асықтарды әрлі-берлі жылжытып келтірген.

Жалпы, жетігенге арнап жазылған шығармалар өте аз. Бір жағынан, жетігенде ойнайтын кә­сіби музыканттар да санау­лы. Сол санаулылар­дың біре­гейі деп Қаракөзді айтуға болады. Ол жетігенді шебер ойнап қа­на қоймай, оның репертуарын жаңа туын­дылармен байытып, көне музы­калық аспабымызды тыңдар­манға танымал етуге сүбелі үлес қосып жүрген өнерпаз.

Концерт барысында дарынды музыканттың жетіген­мен орындаған шығармала­рын­да халқымыздың аңыз-әңгімелерінде айтылатын оқиғалар, жыл мезгілдері әуезді сазбен айшықты өрнектелген. Жетігеннің әсем үні де өзгеше, тыңдаған адамды бірден елітіп әкетеді. Сондай-ақ сахнада жетігенмен бірге сазсырнай, сыбызғы, шертер, адырна, домбыра, қобыз секілді аспаптарымызға жазылған тамаша туындылар ойналды. «Сарыарқа» халық музыка­лық ансамблі мүшелері орындаған шығармалар тыңдар­ман­ның құлақ құрышын қан­дыр­ды.

Қаракөз Гасимованың тағы бір қыры – компози­тор­лығы. Оның «Көк бөрілер», «Аңыз дала», «Арын», «Көктем әуені», «Сырлы дала», «Жібек жолы» атты туындылары өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Өнер кешінде композитордың «Сенім», «Анама», «Шарын шатқалы», «Туған жер», «Ұлы дала» секілді шұрайлы шы­ғармалары да орындалды.