АҚШ-тағы Пенсильвания университеті отандық 19 студентке 1 млн 300 мың доллар сомасында грант бөлді.
Отандық және америкалық тараптардың ынтымақтастық жоспары 2022 жылдың қазан айында жоспарға енген. Осы жылдың тамызында жеті студент әртүрлі себеппен гранттардан бас тартты. Қалған 12 студент оқуды бастады. Біздің тараптың шақыруы бойынша Пенсильвания мемлекеттік университетінің өкілі Стефен Барнс елімізге келген еді. Сапар барысында ол Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларындағы төрт университеттің басшыларымен кездесті.
«Еліміздегі жоғары оқу орындары мен Пенсильвания мемлекеттік университеті арасындағы ынтымақтастық білім мен ғылым үшін жаңа көкжиек ашады. Бөлінген гранттар мен бірлескен білім беру бағдарламалары студенттер мен оқытушыларға әлемдік білім беру және ғылыми кеңістікке енуге, оны дамытып, өзін байытуға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің болашағына, ертеңгі күнімізді қалыптастыратын ұрпаққа салынған инвестиция», деді Саясат Нұрбек.
Биыл Пенсильвания мемлекеттік университеті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Maqsut Narikbayev University және Нархоз университетімен меморандумға қол қойды. Бүгінде бұл ынтымақтастық өзінің нақты нәтижелерін беріп жатыр. 13 қаңтарда АҚШ-та Ғылым және жоғары білім министрі университет басшылығымен екінші рет кездескен еді. Атап айтқанда, вице-президент Джастин Шварцпен, вице-провост Роджер Бриндлеймен, Пенсильвания университеті заң мектебінің декандарымен жүздескен. Жиында америкалық тарап толығымен қолдаған филиал ашу мүмкіндігін талқыланды.
«Пенсильвания мемлекеттік университетінің бір ғана Заң мектебі серіктес университеттердің студенттеріне, докторанттарына, ғылыми қызметкерлеріне гранттар түрінде 2 млн долларға жуық тікелей инвестиция бөлді. Бұл одан әрі ынтымақтастық үшін жақсы үлгі әрі өз нәтижелерін көрсетті де. Келесі оқу жылында біз басқа мамандықтар бойынша қосымша осындай бағдарламаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз», деді Стефен Барнс.
Келесі оқу жылында тек бір мамандық бойынша қосымша 2 млн доллар бөліп, 8 мамандық бойынша тікелей инвестицияны үш есе арттыру жоспарланып отыр. Бұл мамандықтар қатарында материалтану, киберқауіпсіздік, геология, мұнай инженериясы, аэроғарыштық инженерия, құқықтану, халықаралық қатынастар бар. Аталған мамандықтар бойынша Satbayev University және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп, «3+1» бағдарламасын әзірлеп жатыр. Яғни отандық студенттер елде 3 жыл, АҚШ-та 1 жыл оқиды, толық 4 жыл оқу барысында Қазақстан университетінің бакалавры және «PennState» магистр дипломын алады.