Бүгінде аудан, қала, облыстың бәлен жылдығы деген мерейтойлар көп. Мұндай мерейтойлар аясында атқарылатын іс-шаралар – бірнеше бетке жүктелген жоспар, ала шапқын болған орындаушыларға үйіп-төгілген тапсырма. Ал шындығына келгенде, той өткеннен кейін ізі де қалмайтын іс-шараларға бөлінген қаржы, кеткен уақыттың бәрі зая.
Биыл Маңғыстау ауданының 95 жылдығы аталып өтті. Мерейтой кезінде жасалған жұмыс көпке үлгі деуге болады. Аудан басшылығы 12 ауыл мен 9 елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысып, ауыл тұрғындары, ардагерлер, депутаттар корпусы, қоғамдық кеңес, азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. Басқосу кезінде олар айтылған өтініш, пікір, арыз-шағым, наразылық, ұсыныстарды сараптап, бар мен жоқты тізбелеп, жетістік пен кемшілік тұстарды анықтаған. Тұрғындар талабының шешілмеу себептері анықталды, өзекті түйткілдерді тарқату жолдары да табылған. Аудан басшылығы жұмысты жүйелеу мақсатында мерейтойға орай «Маңғыстау ауданының серпіні» атты ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын дайындады. Бірнеше жылға жоспарланған бағдарламада білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік, құрылыс және инфрақұрылым, ауылшаруашылық, жер қатынастары, кәсіпкерлік, туризм салалары қамтылды. Бұл тапсырмаларды орындауға қажетті қаржы көлемі – 25 млрд теңге. Ауданның жылдық бюджеті 10-11 млрд теңге, оның 45 пайызы еңбекақы, салықтар, күтіп ұстау, әлеуметтік қолдау, қызмет көрсетуге жұмсалады. Демек, бағдарламада көрсетілген мәселелерді шешу оңай емес, ол үшін де біраз жұмыс істеу қажет.
– Бағдарламаға енген бірқатар жобаны алдын ала талқылау мақсатында өткен жылы аудан әкімі орынбасарлары, ауыл әкімдері және бөлім басшылары, сондай-ақ облыстық басқармалар өкілдерінің қатысуымен бірнеше кездесу ұйымдастырылды. Өткен жылы желтоқсан айында өңір басшысы Н.Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиында «Маңғыстау ауданының серпіні» жобасын таныстырдық. Жиын соңында облыс әкімі тұрғындарға ең қажетті су, жылу сынды басым бағыттарды бірінші кезекте қолдайтынын және қаржыландыру кезең-кезеңімен жүргізілетінін жеткізді. Бағдарламаның бір бағыты – аудан мерейтойына орай қолға алған «95 жылдыққа 95 игі іс» жобасы. Жоба бойынша аудандық штаб құрылып, өндірістік мекеме басшылары мен кәсіпкер азаматтарды қолдауға шақырдық. Жұмыстың барлығы көптің көз алдында атқарылып, әлеуметтік желіде жарияланып отырды. Жаңа істі жақсыға ырымдайтын әдетпен Амал мейрамы қарсаңында Тобықты жеріндегі қасиет тұнған Бекет ата жерасты мешіті жанынан салынған руханият үйі қазығын қағу рәсімінен бастадық. Бұл игі шаруа ауыл ақсақалдары мен әкімдердің қатысуымен, үлкендердің ақ батасымен, жергілікті азамат Асқар Сәнауовтың демеушілігімен іске асты, – дейді аудан басшысы Ғ.Ниязов.
Жоба аясында атқарылған жұмыстар аз емес. Төрт үйді жөндеу, құдық қазу, ойын, воркаут алаңдарын ашу, мектеп, балабақша, мәдениет ошақтары мен ғимараттар құрылысын бастау, тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу, жол салу, су құбырларын тарту, жылу және су жүйесін жаңғырту – бұл жасалған жұмыстың басым бөлігі. Халық игілігіне ұсынылған әр істі тұрғындар тұтынып, қажетіне жаратып жатыр. Аудан әкімінің айтуынша, жоспарлы жұмыс түгелге жуық орындалған.
Бекі ауылында – 100, аудан орталығы Шетпенің Қосбұлақ шағын ауданында 600 орындық жаңа мектеп, Тұщыбек ауылында мектеп-бөбекжайға қосымша 160 орындық, Шетпеде А.Меңдалыұлы атындағы мектепке жапсарлас 200 орындық қосымша құрылыс жұмысы басталып, жазда 6 мектеп пен 5 балабақшаға ағымдағы жөндеу жасалды. Жөнделген 6 мектепте модификациялық биология, физика, химия кабинеттері жабдықталды. Сондай-ақ Ақшымырау, Ұштаған, Онды ауылдық мәдениет үйлеріне жөндеу жүргізіліп, Сайөтесте 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Аудан бойынша 40 шақырым шамасында ауылішілік жолдарға асфальт төселіп жатыр. 15-бекетке тартылып жатқан газ құбыры жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Тиген, Тасмұрын, Боздақ, 15-бекет және Қияқты елді мекендеріне су тұшыту қондырғылары орнатылды. Шетпе ауылындағы 3,5 шақырым жылу жүйесі құбыры ауыстырылып, жылу қазандығы ғимараты ағымдағы жөндеуден өтті, қазіргі таңда Шетпедегі Жаңаорпа-2, Ащыбұлақ-1, 2-шағын аудандарына 51 шақырымдық су құбыры тартылып жатыр. Демеушілікпен екі қатарлы 4 үй және бюджет қаржысымен екі қатарлы 18 үй жөндеуден өтті. Жармыш ауылында ауылішілік су құбыры мен Барыс көшесіне көше шамдары, электр желісі мен газ құбыры жүргізіліп жатыр. Тұщықұдық, Қызан, Ұштаған, Шебір ауылдық амбулаториялары жылу жүйесіне ағымдағы және Ақшымырау амбулаториясына күрделі жөндеу жасалды. Ауданның мерейтойы қарсаңында жасалған ірілі-ұсақ жұмысты түгелдей тізіп шығу мүмкін емес, пайдалануға берілгені де, жасалып жатқаны да, енді қолға алынғандары да аз емес.
– Көкейтесті болып жүрген Бекі ауылындағы мектеп, Жармыш ауылында 2006 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан ауыз су құбыры жұмыстары жүріп жатса, Сайөтес ауылында 25 жылдай жауыр болған апаттық жағдайдағы көпқабатты үйлер мәселесі бойынша да қозғалыс басталды. Жуырда облыс басшысының қатысуымен өткен есепті кездесуде жоспар мен межеге бағытталған, әріптестеріммен бірге атқарған есебіміз жұртшылық алдында тыңдалды. Еңбек дауы, жұмыссыздық мәселесі жөнінде арнайы комиссия атқарып жатқан жұмыстар аз емес. Дегенмен ара-тұра түрлі келіспеушіліктер де болып тұрады. Айталық, шебін өндіретін карьерлер және ауыр жүк көліктерімен шаруашылық тауарларын, түрлі құрал-жабдықтарды тасымалдауға қатысты күлбілтелі мәселелер де бар. Жоғарыда аталған жұмыстармен қатар ғасыр табалдырығында тұрған ауданның 95 жылдығын мәдени-рухани бағыттағы шаралармен де байыттық, – деді өз сөзінде аудан басшысы.
Мерейтой ат шаптырып, ас ішіп, аяқ босату, кітап шығарып, концерт қойып, шашу шашумен емес, соңында ел игілігіне қызмет ететін нәтижелі істер қалуымен маңызды. Осы орайда тарихы бай, тағылымы мол ауданның өрелі бастамасы өзге өңірлерге өнеге болса біраз мәселенің шешімі табылар еді.
Маңғыстау облысы