Алматыда каратэден І Азия ашық чемпионаты мәрсіне жетті. Еліміздің спортшылары 8 алтын, 8 күміс, 14 қола медаль олжалап, жалпы командалық есепте топ бастады, деп хабарлайды Egemen.kz Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл алғаш рет ұйымдастырылған құрлықтың ашық чемпионатында Иран құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен екінші сатыға тұрақтады. Үштікті 2 алтын жүлде алған Біріккен Араб Әмірліктерінің спортшылары түйіндеді.
Азияның ашық чемпионатына Германия, Үндістан, Иран, Қазақстан, Кувейт, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктерінен 140-қа жуық спортшы қатысты.
«Отандық каратэшілерді I Азия ашық чемпионатында көрсеткен тамаша жетістігімен құттықтаймын. Мұның алдында жас жеткіншектеріміз де үздіктер қатарынан көрінсе, бұл жолы ересектер құрамамыз ел мерейін тасытты. Мұндай ірі жарыста, өз елімізде өткен байрақты бәсекеде үздіктердің үздігі болу қашанда маңызды. Сіздер бұл жетістіктеріңіз арқылы өскелең ұрпаққа зор үлгі көрсеттіңіздер», деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.