• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Кино 12 Қараша, 2023

Түрік фильмдерінің аптасы

313 рет
көрсетілді

Алдағы 13-18 қараша күндері Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография бас­қармасының қолдауымен Түркия Республикасының 100 жылдығына орай Юнус Эмре атындағы түрік мәде­ниет орталығының мұрындық болуымен елорда төрінде «Астанада түрік фильмдері аптасы» өтеді.

«Аталған іс-шара бауыр­лас екі ел арасындағы мәде­ни байланыстың одан әрі ны­ғая түсуіне, рухани құн­дылықтар алмасу мақсатында өткі­зіл­мекші. Қазақ көрермендері тү­рік кинематография өнім­деріне, әсіресе сериалдары мен кинофильмдеріне үлкен ықылас танытады. Шара аясында қала тұрғындары мен қонақтары тарихи, романтикалық және шытырман драмаға толы алты үздік түрік кино туындысын ақысыз тамашалай алады. Олардың арасында «Кө­белектің түсі», «120», «Ұзақ хикая», «Ертұғырыл 1890», «Соң­ғы хат» және «Қы­зыл ора­малды шынарым» тағы басқа фильмдер бар» дейді ұй­ымдастырушылар.

Жоғарыдағы ұсынылып отыр­ған фильмдерге жеке-жеке тоқталар болсақ, мәдени ша­­раның шымылдығын «Кө­белектің түсі» атты картина аша­ды екен. Фильмде 1941 жылдары болған оқиға желісі баяндалады. Жас ақындар Рүштү Онур мен Музаффер Тайип Услу Зонгулдактағы көмір шахтасында жұмыс істейді. Түркия мемлекеті жаңадан модернизациялану кезеңін бас­тан өткеріп жатқан бұл жыл­дары Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатты. Осындай ауыр кезеңде екеуі де құрт ау­руына шалдығады. Бірақ ауырт­па­шылыққа қарамастан, қос ақын өз орталарында поэзия­ны насихаттап, әдебиетке деген халықтың қызығушылығын ту­ғызу үшін жандарын салады. Музаффер фильмдегі басқа бір кейіпкер әкімнің қызы Сузан Өзсойға ғашық болады...

Одан кейін көрсетілетін «120» фильмі 2008 жылы түсірілген туынды. Фильмде Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде болған шынайы тарихи оқиғаны баяндайды. Шекара сарбаздарына көмек ретінде майдан шебіне оқ-дәрі апарылуы керек. Алайда еркек кіндіктінің барлығы соғысқа кеткен. Тылда тек балалар мен әйелдер қалған. Мектеп басшысы майданға оқ-дәрі жеткізуді 12-17 жас аралығындағы 120 оқушы балаға жүктейді.

Ал түрік жазушысы Мұстафа Кутлуның шығармасын негізге алып түсірілген «Ұзақ хикая» фильмінде жетім қалған Әлиді атасы Сүлеймен Болгариядан Түркияға алып келеді. Әли қыз­­дың ата-анасының қарсы­лығына қарамастан сүйіктісі Мунирамен үйлену үшін оны алып қашады. Жұптың өмірі теміржол вокзалдарының, стан­саларының арасында кө­шумен өтеді.

Апталық аясында көрсе­ті­летін келесі фильм «Соңғы хат» деп аталады. Бұ туынды 2015 жылы Чанаккале жеңісінің 100 жылдығына орай түсірілген. Түркияның өзінде өте көп көрермен тартқан, ең үз­дік кино қатарында. Маз­мұ­нына тоқталсақ, Осман импе­риясының тұңғыш ұшқыш­тарының бірі Салих Экрем кішкентай қызын дүниеге әкелген күні әйелі қайтыс болады. Майданға аттанған Салих Экрем қызын анасына аманат етіп Чанаккалеге жол тартады. Шайқас кезінде ол медбике Нихал мен Фуат есімді кішкентай баланы құтқарады. Фуат бала капитан Салих пен Нихалдың жиі кездесулеріне дәнекер болады. Кездесу үлкен махаббатқа айналады...

Аптаның соңғы күні Шың­ғыс Айтматовтың «Шынарым ме­нің, шырайлым менің» по­весіне Али Өзгентүрк жазған сценарий бойынша режиссер Атыф Йылмаз түсірген картина көрерменге жол тартады. Картинаның өзегі – Ілияс пен Әсия атты сұлу арасындағы махаббат хикаясы хақында өрбиді.