• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Айбын 12 Қараша, 2023

Кәсібі – кинолог

239 рет
көрсетілді

Кіші сержант Алмас Өтешов бала кезінен-ақ үйдегі итіне үйірсек еді. Өзі қайда барса, иті де соңынан еріп, талай жерді бірге шарлаған. Алмас бүгінде Ұлттық ұланның 3660 әскери бөлімінде кинолог болып қызмет атқарады.

Бұл азаматпен бізді кинология взво­дының командирі, аға лейтенант Айбат Асхат таныстырды. Оның айтуынша, Алмас Өтешов – калашықтағы білікті әрі жауапты әскеридің бірі. 2012 жылдан бері Ұлттық ұлан сапында кинолог болып қызмет етіп келе жатқан жігіт: «Бала кезімнен ит үйрететінмін. Ал нақ­ты кинология деген ұғымды маған бірінші рет таныстырған осы әскери бөлімде взвод командирі, прапорщик Мұрат Қабсаметов еді. Ол менің балалық іс-әрекетімді көріп, кинология жайлы құлағдар ете бастады. Оның кім екенін, немен айналысатынын түсіндіріп берді. Қызыққаным рас. Сөйтіп 12 жылдан бері осы қызметті атқарып келе жатырмын», деді.

Кинологтің «Бойка» есімді қызметтік иті шығыс тұқымдасқа жатады. Бұл – оның қызметтегі үшінші иті. Мұның алдында «Берта» деген иті болған екен. Сол итімен бірге Ұлттық ұланның үздік кинологтері арасында Тараз қаласында өткен сайыста 2-орын алыпты. Ал алғашқы итін «Джесика» деп атаған көрінеді. «2012 жылдың күзінде кинология бойынша Қаракемерде білім алдым. Бала кезден итке жақын болып өскендіктен, бұл істі тез игеріп кеттім. Жалпы, кез келген ит иесіне 7-8 жылдай қызмет етеді. Осыған дейін екі ит ауыстырдым», деді Алмас Өтешов. Оның айтуынша, кинолог алдымен итпен байланыс орнатудың жолын табуы керек. Төрт аяқты досты бастапқыда жаныңа алып жүру керек. Содан кейін ақырындап «отыр!», «жат!», «тұр!» деген бұйрықтарды орындатуды үйретуге болады. Уақыт өте келе осы үш пәрменді орындап жүрген итті ым-ишарамен қозғалатын деңгейге жеткізеді. Тек содан кейін әр ит өз қасиетіне сай лайықты жауынгерлік қызметке бағытталады.

«Мысалы, менің итім адам іздеуге шебер. Сондықтан іздеу тобында жиі жүреміз. Басында өзіме бір көмекші алып, сол адамды иісі арқылы итіме іздетуге тырыстым. Әуелде ол адамды 50 метр жерден іздейміз, кейін 100 метрден іздеуге көшеміз. Содан кейін барып қана алыс аймақтан жоғалған адамның бір затын итіме иіскетіп, ізі арқылы тауып алуды үйретемін. Осыны меңгерген итті жауынгерлік қызметке дайын деп есептей беруге болады», деді ол.

Кәсіби маманның иттерді жақсы кө­ретіні соншалық, үйінде де ит асырайды. Үйінде бельгиялық және неміс итінен бөлек, шығыс тұқымдас тағы бір иті бар. Оларды үйретудегі мақсаты да әртүрлі. Аңға қызығатындықтан, аңшылыққа әуес бір итті қолға ұстаған. Ал бельгиялық тұқымдасқа қатысты ізге түспейді деген әңгіме бар көрінеді. Сондықтан дәл сол итті ізге салып, үйретіп көруді көздеген. Былайша айтқанда, эксперимент жасап жүр. Сондай-ақ оның бойынан байқаған тағы бір қасиет – итке көбіне қазақша тапсырма береді екен. Иттері бұған да үйреніп алған.

«Итті үйретудің өз тәсілдері болады. Мысалы, ойын арқылы, тамақпен және механикалық тәсілмен үйретеміз. Сол себепті итті үйретерде қай ит қай тәсілге икемді болатынын алдын ала байқап көру керек. Күшік кезінде ойынға беріліп, ойнақтап жүрген болса, оны сол тәсілмен айтқанға көндіруге болады. Отырса доп беріп, тістетеміз де қайта тартып аламыз. Қайтадан отырғызып, доп­ты қайта береміз деген секілді. Тамақты да дәл осы әдіспен қолданамыз. Егер ит тамаққа да, ойынға да ықтияр танытпаса, оны механикалық жолмен көндіруге күш саламыз. Ол дегеніміз – қарғыбаудың бауын тарту секілді қимылдармен жүзеге асыру. Осы тұста иттегі бір қасиетті айта кеткім келіп отыр. Иттер берілген пәрменді бірден қабылдай алмайды. Оларға 2-3 секунд уақыт қажет болады. Тағы бір қызықты факт – овчаркалар­дың еркегі есейген сайын иесіне бағын­ғысы келмейді. Тыңдамайды. Сондық­тан оларға әуелден қатаң қараған абзал, деді Алмас Тұрсынханұлы.

Оның осындай пайымдарын тыңдай отырып, қазақы тұқым­дар туралы да сұрап көрдік.

«Қазақы тазылар аңшылыққа бейім. Өйткені олардың түпкі түйсігінде жырт­­қыштық қасиет бар. Қазір шекарашылар қазақтың алабайын, тазысын үйретіп жатыр. Бірақ өз басым олардан қызметтік иттер шығады деп ойламаймын. Шыққан күннің өзінде бұрыннан біздің қолданыстағы иттердің деңгейін­дей болмайды. Алабайды отырғызып, тұрғызып айтқанға көндіруге болады. Бірақ олар ежелден үйді торуылдап, қора-қопсыны күзетіп бір жерде ғана жүре береді. Не аңға шаппайды, адам іздеуге де қауқарсыз. Тазыға келер болсақ, оның есіл-дерті – аңға шығу. Олар қоян, түлкі, керек десеңіз, қасқыр қууға әуес. Сол секілді аңшылыққа ар­налған иттер иесі үйден мылтық алып шықса қуанып, адамды айналсоқтап, бір орында тұрмай жыбырлап кетеді. Тазы да солай. Иесі атқа қонса, алдына түсіп ойнақтап шығады. Ал қызметтік иттер вальердің алдынан адам өтсе болды абалап, тыпыршып бастайды. Өйткені бұларға да қызық керек. Әр итке иесі болмаса, бөтен адамдар жолай қоймайды. Біз де бұларды сыртқа шығарып, ойнатып, жаттықтырып, бірге уақыт өткі­зіп тұруға тырысамыз. Иттер де қуанады. Әсіресе доп көрсе балаша қуанып кете­ді», дейді кинологияның қыр-сыры туралы баяндаған маман.

Білікті кинолог бүгінде Алматы қа­ла­сының іргесінде орналасқан Зареч­ный кентіндегі үш бірдей түзеу меке­месін торуылдау ісіне атсалысып жүр. Сондай-ақ кей кездері маңайдағы ауыл азаматтарының жоғалған малы мен дү­ние-мүлкін тауып беруге де көмектесіп тұрады. Басшылықтың келісімімен адам іздеу жұмыстарына да тартылған кездері бар. Кез келген тапсырманы Алмас Өтешов сенімді серігі «Бойкамен» бірге тыңғылықты атқарады. Екеуі біріксе, жа­уынгерлік қызметте біраз шаруаның ба­сын қайыруға қауқарлы.

 

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,

қатардағы жауынгер

 

Алматы облысы