Елімізде отандық кәсіпкерлердің сыртқы нарықтағы мүддесін қорғап, қаржылық қолдау көрсететін, сондай-ақ шетелдік сауда ұйымдарымен тікелей байланыс орнататын толыққанды Экспорт-кредит агенттігі құрылатын болды.
Бұл жөнінде жақында Президент қабылдауында болған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров мәлімдеді. Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерінде экспорт-кредит агенттігі мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізу және шикізат емес тауарлардың экспортын дамыту туралы» заң жобасы талқыға түсіп, Мәжіліс қарауына өтті.
Кез келген мемлекеттің экономикасын алға сүйрейтін негізгі басымдықтардың бірі экспорт қызметі екені белгілі. Оның ішінде шикізат емес тауарлардың сыртқы айналымдағы үлесін айрықша атап өткен жөн. Шағын және орта бизнес ұлттық экономиканың маңызды драйвері екенін ескерсек, олардың экспортқа шығып, сауда көлемін арттыруы – осы саланың жан-жақты даму көрсеткіштерінің бірі. Бүгінде тауарларын экспортқа шығаратын компаниялар үшін ең басты кедергі қаржы тапшылығы болып отыр. Осы ретте Экспорт-кредит агенттігінің (ЭКА) маңызы мен қажеттігі айқын байқалады.
Бүгінде ЭКА қызметін «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ атқарады. Ұлттық компания шикізат емес сегменттің отандық экспорттаушыларына қолдау білдіреді және олардың шетелдік нарықта қолайлы әрі қауіпсіз жағдайда саудаласуын қамтамасыз етумен айналысады. Алайда «KazakhExport» елдегі бірден-бір мамандандырылған сақтандыру компаниясы болғанымен, ЭКА міндетін атқару үшін заң шеңберінде тиісті мәртебесі жоқ. Бұл компанияның аяқ-қолын тұсап отыр.
«KazakhExport» ЭСК» АҚ басқарма төрағасы Аслан Қалиғазинның айтуынша, отандық бизнес, оның ішінде экспорттаушылар қызметіне қатысты заң нормаларына нақты өзгерістер қажет.
«Агенттік шикізат емес экспортты дамыту және оның көлемін арттыру бойынша жұмыс істейтін болады. Қысқаша айтқанда, даму институтының функцияларын мойнына алады. Бұл мақсатта ЭКА мәртебесі біздің компанияға сақтандыру, қайта сақтандыру, кепіл болу, экспорт саудасын қаржыландыру, экспорттаушылар шығындарының бір бөлігін өтеу, сонымен қатар сервис бойынша бастан-аяқ қолдау көрсету мүмкіндігін ұсынады», дейді компания басшысы.
Экспорт-кредит агенттігі қызметі аясында шетел нарығы тереңірек талданады, сондай-ақ олардың қандай тауарға мұқтаж екені жүйелі сарапталады. Мұның нәтижесінде экспорт бизнесіндегі төлем мүмкіндігі жоғары елдермен тұрақты байланыс орнатылады.
ЭКА шикізат емес өнімді экспорттаушылар, отандық тауарларды өндірушілер, шағын, орта және ірі бизнес өкілдерімен жұмыс істейтін болады. Айта кету керек, агенттік қызметі ерікті негізде көрсетіледі, яғни экспорттаушылар үшін ЭКА құралдарын пайдалану қазіргідей міндеттелмейді. Агенттік тек экспорттаушыларды қолдау үшін нақты ұсыныстар білдіретін болады. Бұл бизнес пен агенттік арасындағы қарым-қатынасты мейлінше тиімді етеді.
«Қаржы-сақтандыру құралдарын қолдану сатушы мен сатып алушының экспорттық-импорттық саудасын едәуір арттырады. ЭКА көмегімен қос тарап сыртқы кепілдікке ие болады. Бұл дегеніміз қаражат аударылымының уақтылы жүзеге асатынын білдіреді. Оның нәтижесінде болуы мүмкін проблемалардың жолы кесіледі», дейді А. Қалиғазин.
Сонымен қатар ұлттық компания басшысы трансформацияға қатысты жоспарларымен де бөлісті: «Отандық банктердің шетелдік әріптестер үшін ұсынатын қаржыландыру бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламасын іске қосу ойда бар. Бағдарлама отандық жоғары технологиялық тауарлар мен қызметтерді сатып алу бойынша ғана жұмыс істейді. Дәл осы қадам экспорттаушыларымыздың сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті болуын, клиент базасының артуын, сондай-ақ өз өнімдеріміздің сапасы мен көлемін арттыруды көздейді», деді.
Қазіргі уақытта «KazakhExport» ЭСК» АҚ портфелінде экспорттаушыларға қолдау көрсететін 18 жоба бар. Жаңа агенттіктің құрылуымен енді тың мүмкіндіктерге жол ашылмақ.