Қаршадайынан ауыл-аймаққа шеберлігімен, суретшілігімен танылған Алдаберген тағы топ жарды. Ағаштан, матадан, тері мен жүннен, темірден неше түрлі бұйым жасайтын оған сүйектен ойып кәдесыйлар жасау, сақина-сырға, өзге де бұйымдар дайындаудың еш қиындығы жоқ. Бейнеу ауданының Сарға ауылында тұратын, осындағы Әліби атындағы мектепте еңбек пәні бойынша сабақ беретін шебер жігіт бұл жолы біз үшін аты азаптың, қиындықтың лебіндей есіп-естілетін Магаданға барып топ жарып, 1-орын алып оралды.
Магаданда қазанның 24-і мен қараша айының 1-і аралығында өткен IV «Әлем халықтарының сүйек ою өнері» фестиваліне алты ел мен Ресей федерациясының 23 аймағынан сүйектен түйін түйген 100-ден аса автор қатысты. Дәстүрлі халықтық өнерге қолдау көрсетіп насихаттау, дамыту және әр елдегі сүйектен бұйым жасаушылардың өзара байланысын, тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету мақсатындағы ауқымды жоба Ресей суретшілер одағы Қиыр Шығыс федералдық округі басшылығының бастамасымен ұйымдастырылған.
– Астанадан Мәскеуге 3 сағат, Мәскеуден Магаданға 9 сағат ұштық. Кезінде атам Бозжігіт айдауда болған Магадан немересі – мені қонақ ретінде қабылдады. Итжеккенге бабаларымыздың қалай тірі жеткеніне, азап пен бірге суық ауа райынан қалай тірі келгеніне таңданысымды әлі шектей алмай жүрмін. Магадан қаласының солтүстігіндегі биік төбенің басына орналасқан «Маска скорби» деп аталатын саяси қуғын-сүргін ескерткішіне бардық, тұтқындар туралы қандай да бір дерек табылар ма екен деген оймен Магадан облыстық мемлекеттік архивіне бардым. Атам туралы мәлімет таба алмадым, әйтсе де елден «менің атам туралы дерек жоқ па екен?» деп хабарласып жатқан көптеген жерлесім үшін архивпен қалай онлайн байланыс орнатуға болатындығын білдім, – дейді Алдаберген Жайлауұлы.
Алдабергеннің айтуынша, Америка, Еуропа елдерінің шеберлері санкцияға байланысты сайысқа қатыса алмаған, бірақ қызығушылық танытып, өз туындыларын ұсынғандар саны көп, байқаудың ауқымы кең болған.
– Көрмеден керемет әсер алып оралдым, енді өзіміз үшін шеберлік деңгейін бір саты жоғары ұстауым керек. Мықты шеберлермен танысып, кәсіби біліктілігімді шыңдадым. Келесі жылы өтетін фестивальға шақырту алдым, бұл маған үлкен ізденіспен тынбай жұмыс жасау керектігін ұқтырады, – дейді шебер.
Ауылға келе салысымен Маңғыстау облысының Астана қаласындағы мәдени күндеріне шақырту алған Алдаберген Тіленбаевтың «Адай көтерілісі» инсталляциясы «Дала өркениеті көшпелілер қолөнерінде» көрмесіне қойылды.
– Инсталляцияда Маңғыстау қазақтарының отаршылдық жүйеге қарсы сынбаған асқақ рухы бейнеленген. Қазақ даласын жаулаған патша өкіметінің атқан оғы Маңғыстау қазақтарының қалқанынан өткенмен, сүйегіне жетпеді, өр халық мәдениеті мен дәстүрін сақтай білді, туындыда осы ойды бейнелегім келді, – дейді автор.
Алдаберген шебердің жетістіктері аз емес, алайда Магаданда 27 елдің мықтыларына шаң қаптырып, топ жаруы әзірге ең үлкен жетістігі. Бұл – болашағына жасалған тағы бір баспалдақ екені анық.
Маңғыстау облысы