• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қараша, 2023

Теңге ұлықталған күн

248 рет
көрсетілді

Қостанайда Ұлттық валютаның 30 жылдығы мен Қаржыгерлер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынның мінберінен теңге айналымға ене бас­та­ған жылдары атқарылған қыруар еңбек, содан бері еңсерілген белестер жайын­да қызықты естеліктер айтылды. Өңірлік қаржы және банк саласына еңбегі сіңген майталман мамандардың мерейі өсіп, атаулы марапаттарға ие болды.

Ән-күй әуелеп, әсем бимен көмкеріл­ген мерекелік іс-шара аясында Ұлттық банктің облыстағы филиалы төл теңге­міздің тарихынан сыр шертетін тамаша көрме ұйымдастырды. Көрмеге 1993 жылы айналымға шыққан қағаз тиындардан бастап әр жылдары қаржыгерлер қолданған есептеу құрылғылары, сондай-ақ осыдан 30 жыл бұрын өңірге бірінші рет теңге жеткізілгенде пайдаланылған ағаш жәшіктер қойылған. Көпшілік наза­рына ұсынылған алғашқы теңге банкнот­тарына бедерленген Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, бір теңгелік банкноттағы Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгеліктегі Сүйінбай, бес теңгеліктегі Құр­манғазы, он теңгеліктегі Шоқан, жиырма теңгеліктегі Абай, елу теңгеліктегі Әбілқайыр хан, жүз теңгеліктегі Абылай хан бейнесі көзге оттай басылады.

Теңгенің сырт бедерінде Қос­танай қаласы да көрініс тауыпты. 50 теңгелік бұл монета 2013 жылдың 5 қарашасында айналымға шыққан.  Монетаның ортасында Қостанай қаласының гербі бейнеленген.

– Қағаз ақшалар айналымда 4-5 жыл ғана жүретін болса, тиын­дар 30 жылға дейін жүре береді. Монета сарайында теңгенің кол­лек­циялық, инвестициялық түр­лері де шығарады. Олар түрлі-түс­ті металдан, сериямен шығып тұра­ды. Күмістен, алтыннан, тан­тал деген космоста пайдалана­тын, тек біздің елімізде ғана кез­де­с­е­тін металдан да жасалады. Түр­лі тақырыпқа арналған коллек­ция­лық монеталар өте аз көлемде шы­ға­рылады. Аз шыққан сайын құны да жоғарылай береді. Оны ар­найы тапсырыспен алдыртатын­дар бар, – дейді Ұлттық банк филиа­лының қызметкері Нұрлан Жаулыбаев.

Салтанатты іс-шара барысында облыс әкі­мінің орынбасары Ерлан Спанов өңір­дің қаржы жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан бірқа­тар банк қызметкерлерін «Қар­жы қызметінің үздігі», «Тең­геге 30 жыл» төсбелгілерімен марапаттап, Қостанай облысы әкі­мінің құрмет грамоталарын табыс етті.  

– Теңге айналымға шыққан жылғы ақша айырбастау кезінде 5,5 мың комиссия, 3,4 мың айырбастау пункті жұмыс істеді. Мұндай жауап­ты міндетті ойдағыдай атқарып шығу үшін Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің қызметкерлері ғана емес, қалалар мен ауылдарда, шалғайдағы бөлімшелерде жұмыс істеген бухгалтерлер мен кассирлер де жұмылдырылды. Биыл облыс бюджеті 644 млрд теңгені құрады. 2022 жылмен салыстырғанда, өсім 46 пайызға жоғары. Жыл сайын әр саланың дамуына мол қаражат бөлінеді. Банктердің кредиттік салымдарының көлемі – 621,5 млрд теңге. Бұл көрсеткіш те 2022 жылмен салыстырғанда 22,9 пайызға ұлғайды, – деді Ерлан Спанов.

Теңгенің 30 жылдығына орай еңбегі еленіп, марапатқа ие болған қаржыгердің бірі – Аманкелді ауданы қаржы бөлімінің басшысы Жұлдыз Сейілова. Тәжірибелі маман 19 жылдан бері қаржы саласында еңбек етіп келеді.

– 1993 жылы 15 қарашада салық саласында бас маман болып қызмет атқаратынмын. Екі жүз мың теңге көлемінде ақша ауысты. Теңгенің ауысуын халық өте жақсы қабылдады. Бір-біріне көрсетіп, әрі-бері аударысып көріп, қуанысып жатты. Теңгенің айналымға алғаш шығуы өтпелі кезеңнің ауыртпалығы титықтатқан қарапайым жұрттың есесін көтеріп, ел ер­теңіне деген үміт отын жақты, – дейді маман.

Теңге айналымға енген жылдары Ұлттық банктің облыстағы филиалын басқарып тұрған Мираш Жұмашұлы да саналы ғұмырын өңірдегі қаржы жүйесін ілгерілетуге арнаған.

– Ұлттық теңге жөнінде айтар сөз көп. Теңге теңге болғалы да 30 жыл болды. Осы жылдар ішінде әлем­ге белгілі валюта ретінде таныл­ды. Өзіміздің ішкі нарықта құны жо­ғары. Жылдан-жылға цифрлық тех­но­логия дамыған сайын қолма-қол есеп айырысу азая бастады. Банк сала­сында жаңа бағдарламалар кө­бей­ді. Бұл – қуанатын жағдай. Ұлт­тық банк жиырма жылдан бері әлем­дік стандарттарға сай жұмыс істеп келеді. Реформа жасау оңай шаруа емес. Біз теңге шыққалы үш рет реформаға ұшырадық. Соның бәрінде халықпен жұмыс жүргіздік, – дейді сала ардагері.

 

Қостанай облысы