Қазір ата-аналар баласының сапалы білім алуына барлық жағдайды жасауға тырысады. Талапқа сай мектеп іздейді. «Артықшылығы көп» деп ақылы мектепті таңдайтындар да бар. Соның ішінде білім беру мекемесінің инфрақұрылымына, мұғалімдердің деңгейіне, қызмет көрсету сапасына мән беріледі. Соңғы 30 жылдың тәжірибесі еліміздегі «Білім-инновация» лицейлер жүйесінің сапаға қызмет ететінін дәлелдеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы сапалы білім берудің маңыздылығын атап өтіп, оны тұрақты дамудың 17 мақсаты арасында төртінші орынға қойған. Олар білім экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді және кедейлікті жеңудің кілті деген тұжырым жасаған. Айта кету керек, дәл қазір елімізде сапалы біліммен қамту өзекті мәселеге айналған. Сондықтан көп ата-ана балаларын «Дарын», «Зерде», «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Білім-инновация» лицей-интернаты, «Республикалық физика-математика» сынды мектептерге беруге, қала берді ақылы білім ордаларында оқытуға тырысады. Осы орайда елімізде озық білім беру жүйесін қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры мектептерінің жұмысымен танысып, артықшылықтарын көзбен көріп қайттық. Қазіргі кезде қор қарамағында 32 «Білім-инновация» лицей-интернаты, 1 колледж, «Spectrum» халықаралық балабақша, 8 жекеменшік мектеп және Сүлеймен Демирел (SDU) университеті бар.
«Білім-инновация» лицейлері отандық білім жүйесіне біршама өзгеріс алып келгенін атап өткен жөн. Мысалы, үш тілде оқыту жүйесін алғаш рет осы мектептер енгізген еді.
«Білім-инновация» лицейлері – елімізге халықаралық тәжірибені алып келген алғашқы мектептер. Біз үш тілді білім беру моделін алып келдік. Біздің лицейдің бір ерекшелігі, оқушыларымыз қазақ тілін өте жоғары деңгейде меңгеріп шығады. Өйткені бізге түсетін балалардың жартысынан көбі – орыстілді балалар немесе өзге ұлт өкілдерінің балалары. Сондықтан біз оқушыларға қазақ тілін деңгейлеп оқытамыз. Олар мектепті бітіргенше қазақ тілін жетік меңгеріп шығады деп айта аламыз. Тағы бір жетістігіміз – ағылшын тілінде жаратылыстану бағытындағы пәндерді енгізуіміз. Оған біз арнайы кітаптар жазып шығардық. Бұл кітаптардың барлығы министрліктің тексерісінен толық өткен. Пәндерді ағылшын тілінде берудегі негізгі мақсатымыз – халықаралық білім кеңістігін балаларға қолжетімді ету», дейді «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры президенті Дархан Өте.
Сонымен қатар қор жұмыс істеп келе жатқан 30 жыл ішінде үздік жетістікке жеткен мыңдаған түлекті дайындап шығарды. Мәселен, білім алушылар халықаралық және отандық білім сайыстарында, олимпиадаларда 27 мыңнан астам медаль иеленген. Оның 4 558-і халықаралық деңгейдегі медаль болса, 5142-cі республика деңгейінде. Тіпті Тараз «Білім-инновация» лицейі халықаралық олимпиадаларда 8 медаль жеңіп алып, Гиннестің рекордтар кітабына енген. «Біздің лицей елімізге ең алғашқы алтын медальды алып келді. Тәуелсіздік алғаннан кейін ресми факт бойынша біздің оқушыларымыз математика, биология бойынша алтын медаль иеленген. Әр 3 оқушының екеуі – олимпиада жүлдегері. Біздің мақсатымыз – шәкірттерімізді халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу», деп атап өтті Д.Өте.
Қор қарамағындағы Нұр-Орда мектебінің 11-сынып оқушысы Валерия биыл Гарвард университетіне оқуға түсуді жоспарлап отыр. Ол бұл мүмкіндікке Кембридждегі ғылыми зерттеушілер институтының жазғы бағдарламасына қатысқан кезде қол жеткізген. «Менің міндетім жүйке жасушаларын зерттеу болды. Мен оны Гарвард мамандарының бірімен бірлесіп жасадым. Жобаны жасап шығу алты аптаға созылды, содан кейін мен жобаны профессорлардың және басқа конференцияға қатысушылардың алдында таныстырдым», дейді ол.
Сондай-ақ қорға қарасты мектеп түлектерінің арасында еліміздің алдыңғы қатарлы және әлемге әйгілі компанияларда қызмет етіп жүргендер де бар. Соның бірі – «Digital Nomads»-та жұмыс істейтін тәлімгер Жан Құрбанбаев. Ол «Білім-инновация» лицейін бітіргеннен кейін «Яндекс» компаниясына шақырту алған. Қазіргі таңда сұранысқа ие маман.
«Балалық шағымның балғын сәті, жастық шағымның сәулелі шағы тікелей білім алған мектебіммен байланысты. «Білім-инновация» лицейлері ұшқыр ойлы, нағыз патриоттарды тәрбиелеп шығарды деп толық сеніммен айта аламын. Бүгінде лицейдің әр түлегі дүниенің қай жерінде жүрсе де, ел мұраты, халық тілегі үшін еңбек етуге оймақтай болсын үлес қосып жүр. Депутат ретінде әлеуметтік түйін – жастар мәселесін тыңдап, зерделей келе, ілгері қоғамды білімді, тәрбиелі жастар құрайтынына көзім жетті», дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов.
Оқушылардың білім сайысында жоғары нәтиже көрсетуі мұғалімге тікелей байланысты. Көптеген зерттеу мұғалім мен оқушы арасындағы байланыстың қаншалықты маңызды екенін растайды. Оқушылар мұғалімдерімен жақсы қарым-қатынас орнатқан кезде олардың оқуға деген ынтасы арта түседі екен. Д.Өтенің айтуынша, «Білім-инновация» халықаралық қор қарамағындағы мектептердегі мұғалімдерге қойылатын талап жоғары. Барлық мұғалім жыл соңында сынақ тапсырады. Егер 60 пайыздан төмен нәтиже көрсетсе, ол мұғалімдер міндетті түрде қордың арнайы семинарына қатысуы керек. Жазғы уақытта демалмайды. 15-20 күн семинарда болады. Ал мұғалім өзінің алтын уақытын демалысқа арнағысы келсе, ол өзін дамытуы керек. Сынақтан өте алмаған мұғалімдер жұмыстан шығарылатын болады.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген бар. Әр оқушы жетістігінің артында мықты мұғалім тұрады. Алғашқы лицейлердің ашылуы кезінде ағылшын тілін және кейбір пәндерді оқытуға шетелдік педагогтер тартылған еді. Уақыт өте келе біз педагогикалық кадрларды дамыту бойынша қарқынды жұмыс жүргіздік. Нәтижесінде, жергілікті мамандардың да кәсібилігі артты. Жыл сайын мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында «Оксфорд білім академиясының» семинарлары өткізіледі, информатика оқытушылары үшін «Cisco» сертификаттау курстары ұйымдастырылады. Осылайша, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры жүйесі педагог ұстаздардың ұстаханасына айналды деп айтуға болады», дейді қор президенті.
Мысалы, математика пәнінен халықаралық олимпиадаларға дайындауда мол тәжірибесі бар Муаммер Гуль оқушылардың ойлау қабілетін дамыту мен ғылыми ізденуге баулудың өзіндік әдістерін қолданады. Оның «Математикадан олимпиадаға дайындаудың тиімді жолдары» атты әдістемелік құралы – басқа мұғалімдерге бағдар. Ол оқыту қызметінде «Барлық бала – талантты, тек тетігін таба біл» деген ұстанымды басшылыққа алады. Әрбір бала ерекше қабілетке ие және ұстаздың міндеті оқушының тасадағы талантын ашып, оны дамыту керектігін алға тартады. Оның қарапайымдылығы, адалдығы және шынайылығы өзінің мұғалімдік қасиеттеріне терең ықпал етеді. Шәкірттерінің халықаралық деңгейдегі жетістіктері де ауыз толтырып айтуға тұрарлық.
«Білім-инновация» лицейлері тәрбие мен білімнің қатар жүретінін де естен шығармаған. Құндылықтар негізінде білім беру – мектептің негізгі қағидасы. Білім жүйесіне осыны жақсылап сіңірген. «Заман қанша өзгергенімен, адамгершілік қасиеттердің құны ешқашан түспейтіні айдан анық. Адамның абыройы бойындағы жақсы қасиеттерімен бағаланады. Сондықтан мұғалім мен ата-ананың үлесі зор. Олардың ұрпақ алдындағы борышы – балаға адамгершілігімен өнеге бола білуі. Өйткені жүректерге әсер ететін бірден-бір әрекет – адам бойындағы құнды қасиеттері. Құндылықтарға негізделген білім беру моделіне өту арқылы тәрбие жүйесінің мазмұнында біршама өзгеріс орнайды. Білім берумен қатар балалардың тұлғалық, эмоциялық, әлеуметтік және зияткерлік жағынан дамуына мүмкіндік жасайды», дейді тәрбие бөлімінің маманы Алтынгүл Елубаева.
Сондай-ақ лицей жүйесінде кітап оқу дағдысын қалыптастыру жүйелі түрде қолға алынған. Кітап оқуға арнайы уақыт беріледі. Оқушылар ғана емес, тәрбиешілер мен мұғалімдер де кітап оқуға тиіс.
«Әлемге TCM (teacher created and materials) атымен мәшһүр болған оқыту мекемесімен бірге «non fiction», яғни ғылыми-танымдық әдебиет топтамасы бар, соны қазақ тіліне аударып, басып шығару үшін «SMART» кітапхана жобасын іске қостық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында бүтіндей оқытушы, оқушының кітап оқу дағдысын қалыптастыру мақсатында ұялы телефондарға арналған арнайы «Kitap» қосымшасы құрастырылды. Баланың қызығушылығын арттыру мақсатында кітап оқудан бәйге ұйымдастырылды. Бала әр оқыған кітаптағы бетін белгілей отырып, белгілі бір нәтижеге қол жеткізді. Мәселен, бастапқыда қола, күміс, кейінен алтын, одан биік дәреже – қызыл гауһарға ие болған оқушыға қор тарапынан сыйлықтар жіберіліп отырады. Бұл кітап оқу сайысы тәрбиешілер мен ұстаздар арасында да өткізілді. Осылайша, «артық білім кітапта» екендігін жеткізуге тырыстық», дейді Д.Өте.
2021-2022 жылы «Білім-инновация» лицейін бітірген 1969 түлек төмендегідей көрсеткіштерге қол жеткізген: мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің саны – 1254 (64 пайыз), педагогикалық мамандықтарға түскендер саны – 309 (16 пайыз), техникалық мамандықтарға түскендер саны – 570 (29 пайыз), Назарбаев университетіне түскендер саны – 165 (9 пайыз), QS World University Rankings бойынша үздік 100 жоғары оқу орнына түскендер саны – 84 (5 пайыз).
Қорға қарасты 8 жекеменшік мектеп те ата-аналар тарапынан сұранысқа ие. SPECTRUM – Кембридж бағдарламасына негізделген 12 жылдық мектеп. Онда сабақ 100 пайыз ағылшын тілінде өткізіледі. Одан бөлек, Алматыда Galaxy халықаралық мектебі бар. Қалған алтауы – Нұр-Орда мектебі. Бәрі де жергілікті стандартты орындайды. Бірақ бұл мектептер ағылшын тілін тереңдетіп оқытады әрі көбіне IT бағытына ден қояды.
30 жыл сапалы білім, саналы тәрбие берумен айналысқан «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры әрі қарай да осы мақсаттағы жұмысын жалғастырып, жетілдіруге күш салу басты міндетіміз дейді.