• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Мәселе 15 Қараша, 2023

Ертістің экожүйесіне төнген қауіп

261 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары үзбей жалғасқан құрғақшылық су мәселесінің одан әрі күрделене беретінін дәлелдей түсіп жатыр. Биыл Ертіс өзенінің жайылмалары тіршілік нәріне жарымай, шабындық мәселесі кесе-көлдеңен шықса, айлақтардағы жүк кемелері де судың шамадан тыс төмендеп кетуінен әдеттегі бағыттармен жүре алмай қиналды. Өзен бойында гидробекеттердің жетіспеушілігі тіршілік нәрінің көлемін шамалауға да мүмкіндік бермей отыр. Мамандар Ертіс пен өзге су айдындарының экожүйесін нығайтуға жедел кіріспесек, аймақта үлкен экологиялық апаттар орын болуы ықтимал деп есептейді.

Тұщы судың қоры аз

Су ресурстары және ирригация ми­нистр­лігінің Су шаруашылы­ғы коми­теті ұсын­ған мәліметтер­­ге сүйенсек, Пав­ло­дар облысын­да 1 200-дей су айдыны бар. Оның 100-ге жуығы ғана тұщы су айдын­дары, өзгесі тұзды, яғни ащы су то­бына жатады. Аймақтағы су қоры­ның жалпы көлемін анықтау үшін ғылы­ми тұрғыдан зерттеулерді қажет етеді. Ертіс, Шідерті, Өлеңті, Сілеті, Ащы­су, Түндік өзендері және Қаныш Сәт­баев атындағы канал – жер үстінде орна­ласқан негізгі су көздері. Оларға жеке-жеке тоқтала кетсек.

Ертіс өзені. Павлодар облысы аума­ғынан ағып өтетін Ертіс өзенінің ұзындығы 720 шақырымды құрайды. Арнаның орташа ені 600 метр болса, кей жерлерде ол 3,5 шақырымнан асады. Өзеннің су жинау алаңы – 260 мың текше шақырым, орташа тереңдігі – 3-4 метр. Шығыс Қазақстандағы бөлігі бөгендер каскадымен бөгелген. Өзен бойында тех­нологиясы соған тәуелді ондаған үл­кен кәсіпорын, электр стансалары ор­наласқан.

Шідерті өзені. Облыстың батысында ағатын өңірдегі екінші ірі өзен. Арнасы облыста 325 шақырымды басып өтіп, Шығанақ көліне барып құяды. Өзен ағысы бөгелген, оның жоғарғы ағысындағы 183 шақырымы Қ.Сәтбаев атындағы каналға кіреді. Негізгі бөлігі Ертіс өзені мен ка­налға тәуелді.

Өлеңті өзені. Бұл өзен негізі Ақмола­ның Ерейментау тауларынан бас­тау алады. Ұзындығы – 273 км. Өзеннің кейбір тұстары тасқынды, төменгі арналары жазда жылдам құрғап қалады.

Сілеті өзені. Астана қаласынан сол­түстікке қарай 30 шақырым жерден бас­тау алып, Сілеті-Теңіз көліне барып құя­ды. Өзеннің жалпы ұзындығы 407 шақырым болса, Павлодар облысынан небәрі 12 шақырымы өтеді.

Ащысу өзені. Қарағанды облысының Осакаровка ауданы аумағынан басталатын өзен Баянауылдағы Жаркөл тұзды көліне құяды. Ұзындығы 276 шақырым өзеннің 90 пайызы біздің өңір арқылы ағады. Бұл – көктемде ғана сарқырап ағатын өзен. Жазда толығымен құрғап қалады.

Түндік өзені. Қарағанды облы­сындағы таулардан ағып, Қарасор тұзды көліне құяды. Ертіс-Баян өңірі бойынша 82 шақырымы ағып өтеді. Бұл да қар суына тәуелді айдын.

Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы. «Қазсушар» РМК-ға қарайтын филиал ретінде тіркелген. Канал филиалының теңгерімінде Павлодар облысы бойын­ша 1 су қоймасы, 7 бөгет, 6 су торабы, 21 канал және 12 сорғы стансасы бар. Бұған қоса Павлодар филиалының иелігінде 2 магистралды канал, 2 аралық шаруашылық каналы бар.

Ертіс-Баян өңіріндегі су жүйесі жоға­рыда аталған өзендер мен каналдың негізінде құралады. Өкінішке қарай, аймақта су айдындарының әлеуеті тек Сәтбаев атындағы канал мен Шідерті өзе­нінде ғана толық пайдаланылып отыр деуге келеді. Бұларда суды реттейтін кас­кадтар, арнайы қақпалар бар. Ал көк­темдегі мол суды ұстап қалатын мүм­кіндік Ертіс өзенін айтпағанда, өзге өзендерде мүлде қарастырылмаған. Қы­зыл су сәуір-мамыр айларында тектен-тек жерге сіңіп, ысырап болады. Кеңес өкіметі жылдары ұсақ өзендердің барлығында суды реттеп отыратын қақпалар мен көлтабандар болған. Лимандық суару жүйелері аумақтарда кеңінен пайдаланылды. Алайда тоқырау жылдары оның барлығы талан-таражға түсіп, бөгеттер мен реттегіштердің барлығы бұзылды. Оның зардабы жазда фермерлер жемшөп дайындау кезінде ғана білініп отырған жоқ, көктемде су қатты тасығанда өзен­дер арнасынан шығып елді мекендерге қауіп төндіріп, үлкен автожолдарды шайы­п жатады. Бұл тарапта Ащысу мен Сілеті өзендерінен келіп отырған зиян көп. Ол суды әр жерге орнатылған қақпалар арқылы бұрып, ойпаң жер­лердегі шабындықтарға бағыттаса, мал өсіруші қауым жазда жарылқанары анық. Алайда бұл істің қолға алынбай отыр­ғаны жергілікті су мен жерге жауапты органдардың құлықсыздығының бір көрінісі деуге болар. Оның үстіне былтыр Ақмола облысының әлдебір кәсіпкері Өлеңті өзенін бөгеп, Ақкөл-Жайылмаға су жібермей, лаң салғаны тағы бар. Сол уақытта Керекудің атқарушы билігі мен халық қалаулылары жергілікті халықтың мүддесін жеткілікті қорғай алмағаны көңілге кірбің түсірді.

 

Су артериясын қалай сақтап қаламыз?

Су – тіршілік көзі ғана емес, бүгін­де әлем елдері үшін аса маңызды страте­гиялық байлық саналады. Білетіндер болашақтағы соғыстың себебіне де айналады дейді. Осы ретте кейінгі жылдары Ертіс өзенінің экожүйесіне қатысты үлкен мәселелер туындап отырғанын айтайық.

Ертіс – Павлодар облысы үшін ғана емес, Қазақстандағы ең үлкен өзен. Би­ыл көктемде «Egemen Qazaqstan» га­зеті Шығыс Қазақстандағы каскадты су қой­маларынан судың аз бөлінуінен өзеннің жеткілікті тасымағанын, салдарынан жайылмалардың небәрі 32 пайызына ғана су жеткенін мәселе етіп көтерген. Оның зардабы қазіргі күні айқын білініп отыр. Өзен бойын жағалаған елді мекендер төрт түлігіне қажет азықты жеткілікті жинай алмады. Су жануарлары сәуір-мамыр айларында уылдырық шашу үшін таяз жерге шықпады. Салдарынан өзендегі балықтың азайғаны да тіркеліп отыр. Жайылмаларда жылда гүлдеп тұра­тын сан мыңдаған өсім­діктердің түрі қурап, экожүйеде айтар­­лықтай апат қалыптасты.

Биология ғылымдарының кандидаты, С.Торайғыров университетінің профессоры Виктор Камкиннің сөзінше, өзен бойындағы аудандарда мал азығының 95 пайызға жуығы Ертістің жайылмаларынан дайындалады.

– Өзен жайылмалары экологиялық қауіпсіздік үшін де маңызы зор. Оның әсе­рімен климатымыз реттеліп отырады. Өкінішке қарай, кейінгі уақытта жайылмаларды тиімсіз пайдалану, жеткілікті көңіл бөлмеу салдарынан оның экожүйесіне үлкен залал келіп жатыр. 60-жылдарға дейін Ертіс өзені табиғаттың заңдылығы бойынша жылына екі мәрте таситын. Оның алғашқысы көктемде 75-100 күн аралығында жүретін. Жаздың басында су қайтқанда топырақтың ылғалдылығы керемет болған. Өсімдіктер жылдам қаулап өсіп, флора жақсы сақталған. Ойпаң жерлер мен батпақты аумақтар, үлкенді-кішілі өзен-көлдердің барлығы сол сумен толыққан. Мұндай табиғи үдерістен жайылмалардың 97 пайызына дейін суға қаныққан. Жер тіршілік нәріне мейлінше тойынған соң айналаның бәрі үнемі жап-жасыл болып тұрған. Экологиялық баланс қазіргідей бұзылмаған. Ал өзеннің өз арнасынан екінші рет асуы күзде, Алтай тау­ларындағы мұздықтар еріген уа­қытта орын алған. Бұл да қыс алдында топы­рақтың ылғалды мол алуына әсер еткен, – дейді ол.

60-жылдары Ертістің жоғары жағында Бұқтырма су қоймасының салынуы бұл табиғи үдерісті сап тыйды. Енді ол жылына бір мәрте ғана таситын болды. Сал­­дарынан жайылмалардың 60-70 пайызы­на ғана су шығып, өзен маңындағы өсім­діктер сиреп кетті. Ал жергілікті халық мал азығының сапасы да нашарлап кеткеніне жиі шағымданады. 1988 жылы Шүлбі су қоймасы қатарға қосылған соң Ертістің гидрологиялық режімінде оң өзгерістер туындаған. Алайда оның нә­тижесі де 2012 жылдан бері әлсіз бай­қалып отыр. Бұқтырма су қоймасы іс жүзінде 49-50 текше шақырым су жинауға қабілетті болғанымен, сол жылы небәрі 25 текше шақырым ғана су жиналған. Сөйтсе, су қоймасының басында электр энергиясын өндіріп отырған компания артық табыс таппақ ниетпен қақаған қыста су босату шараларын жүргізген. Мұны жергілікті бассейндік инспекция мүлде байқамаған. Осы жағдай биыл да қайталанды. Себебі көктемде ресми мәліметте қоймада 26-27 текше метр су ғана бар деп көрсетілді. Су қоймасының қожайындары Үлбі мен Уба өзендеріне көктемде таудан мол су ағып түсе ме деп үміттенгенімен ой­ла­ғандары бол­мады. Ал салдарын өзеннің төменгі ағысындағы халық тартты.

Ғалымдар ескерткендей, Ертіс және Железин аудандарындағы жайылмаларға көктемде су өте аз шығып жүр. Оның үстіне жайылмада жиналатын судың минералдануы, бойына түрлі пайдалы қазбаларды жинауы да нашарлап қалған. Сулану аз күнге ғана созы­лғандықтан жайылмалар сортаңданып, жа­лаңаштануы зорайып барады. Өзеннің ен бойындағы флорада өсімдіктердің 545 түрі анықталса, оның 89 пайызы шөп түрлеріне жатады екен. Мұнда бұталардың 22 түрі, ағаштың 16 түрі тіркелген. Гидрологиялық режімнің өз­геруінен жайылмалардағы ағаштар да зиян шегіп отырғаны анық. Ғалымдардың тілімен айтсақ, кейбір ағаштардың табиғи түрде тұқымы таралмай отыр. Мысал үшін, үйеңкі ағашының бүршігі жерге түскенде 2 күн ішінде топыраққа сіңіп үлгеруі керек. Үйеңкі – өзен бойындағы топырақ эрозиясының таралмауына себеп болатын бірден-бір ағаш түрі. Мамандар кейінгі жылдары жас үйеңкілердің саны айтарлықтай азайып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Мұның барлығы – жеткілікті ылғалдың жетіспеушілігінен.

«Қазгидромет» мекемесінің өңірлік филиалының басшысы Г.Шпактың пі­кі­рінше, Ертіс өзеніндегі судың көлемі мен сапасы жеткілікті бақыланбай отыр. Өзен Шығыс Қазақстаннан облысымызға кіргеннен бері қарай 250 шақырым жерде бірде-бір гидробекет жоқ. Облыс бойын­ша аталған өзенді бақылайтын небәрі 5 бекет бар екен. Оның екеуі – облыс орталығында, өзгесі Тереңкөл, Ертіс және Железин аудандарында орналасқан.

«Бірінші гидрологиялық бекет қала аума­ғында орналасқан Павлодар гидро­логиялық бекеті (затон), ал облыс­қа кіре­берістен шамамен 250 км қашық­тықта бірде-бір гидрологиялық бекет жоқ. Сәйкесінше гидрологиялық режім бақылауға алынбаған. Осыған байланыс­ты біздің филиалымыз Аққулы ауданында гидрологиялық бекет ашу туралы ұсынысты «Қазгидромет» РМК қарауына жолдады. Біз бір ғана бекет арқылы судың 48 түрлі көрсеткішін бақылай аламыз. Ал кейінгі бес жылда Ертіс және Усолка өзендерінің сапасы өзгерген жоқ. Судың сапасы ең жақсы сапа класына жатады», дейді мекеме басшысы.

Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары бас­қармасының басшысы Әйгерім Қа­был­таева Ертістегі экожүйені жақ­сарту үшін су ағындарын тазарту, яғни жа­ғалауларды қоқыстардан және құлаған ағаш­­тардан тазалау қажет деп есеп­тейді. Жайылмадағы экожүйені және оның биологиялық ресурстарын сақтау мақсатында жыл сайын Жоғарғы Ертіс каскадынан көктемгі су жіберулер жүзеге асырылып келеді. Алайда оның өзі жыл өткен сайын әлсіреп, жайылманың кемі 50 пайызына жетуге тиіс деген көр­сеткіш орындалмай қалып жатыр. Бұл тарапта жауапкершіліктің салмағын су қой­малары иелеріне жүктеген дұрыс болар.

Ал экологиялық технологиялар жө­­­ніндегі құзыреттілік орталығының дирек­торы Өмірбек Аханның айтуынша, Ертіс өзенін сақтап қалу үшін су арте­риясының жағалауына ұзындығы 200 шақырым, ені 1 шақырым болатын ағаш ормандары, яғни дендрожолақ салынуы керек. Сол арқылы өңірдің кли­­маттық жағдайын да жақсартуға бола­ды. Экологтің пайымынша, өзен жағалауындағы орман атмосфералық жауын-шашынды шақырып, су бассейнін толтырады. Сондай-ақ ағаштар жер­асты суы көтерілген жағдайда оны ұстап тұрады. Жоба иелері еуропалық стандарттарға сай келетін техникалық құжат дайындаған. Іске асыру үшін шамамен 200 млн доллар керек. Жобаны республикалық деңгейдегі екі ірі компания қаржыландыруға дайы­н көрінеді. Келер жылдың көктемінде дендрожолақ жобасы басталып кетуі ғажап емес. Ағаш­тар Ақсу стансасынан Дегелең стансасына дейінгі аралықта егілмек.

 

«Қазсушар» каналды теспей сорып отыр

Тағы бір түйткіл, аймақта суды тиім­сіз пайдалану мәселесі де шешілмей отыр. Ертіс бассейндік инспекциясының деректерінде су пайдаланушылардың саны 227 субъекті деп көрсетілген. Су пай­даланушылардың арасында об­лыс­тың ірі өндірістік кәсіпорындары мен «Павлодар-Водоканал» ЖШС, «Павлодар-Водоканал Северный» ЖШС және суарумен айналысатын жеке шаруашылықтар мен заңды тұлғалар бар. Былтыр Павлодар облысындағы ауыз судың қажеттілігі үшін жергілікті су айдындарынан 59 124,4 мың текше метр су алынған. Жергілікті жерде суды заңсыз пайдалануға қатысты оқиғалар да азаймай тұр. Мәселен, 2022 жылы инс­пекциямен 3 тұлға, ал биыл алғашқы 9 айда тағы 3 жеке және заңды тұлғалар жауапкершілікке тартылған. Оларға қысқартылған өндіріс негізінде жалпы сомасы 569 250 теңге айыппұл салынған. Павлодар қаласындағы ауыз судың гидротехникалық торабы тұтасымен «Павлодар-Водоканал» компаниясына басыбайлы берілгені де жұртшылықты алаңдатып отыр. Логикалық тұрғыға сал­сақ, стратегиялық нысан мемлекет меншігінде болуға тиіс еді. Бірақ бұған бас қатырып отырған мемлекеттік органдар да байқалмайды.

Еліміздің орталық бөлігі мен елорда халқын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған Қ.Сәтбаев атындағы су ар­насының жағдайы да жыл санап кері кетіп барады. «Қазсушар» РМК құрамына енгелі мекеме қызметкерлерінің кадрлық және әлеуметтік әлеуеті төмендеп қана қоймай, стратегиялық нысанның технологиясын жаңартуда елеулі кемшіліктер пайда болған. Парламент депутаттары мекемеге дербес заңды тұлға мәртебесін қайтарып беруді сұрағанымен, жауапты министрлік оны құлағына ілмеді. Республикалық мекеме Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе облыстарындағы суару жүйелерін жөндеуге халықаралық қаржы ұйымдарынан ұзақ жылға 316 млн доллар көлемінде (145,4 млрд теңге) несие алған. Соны Қ.Сәтбаев атындағы канал арқылы түсетін пайданың үлесінен жауып отырған жайы бар. Мұндай қарыз қамыты су арнасындағы қызметкерлердің еңбекақысын өсіруге, әлеуметтік жағ­дайларын дұрыстауға кедергі болып отыр. Бүгінде кадр тапшылығы 25 пайыздан асып отыр. Қаржы жеткіліксіздігінен сусорғы стансаларына дұрыс жөндеу де жүр­гізілмей келеді. Ондағы жабдық­тардың деніне 50 жылдан аса уақыт өтті. Бір күні стансаларда жүйелі апат орын алса, су беру тоқтап қалуы ғажап емес. Басшылық бірегей нысандағы су тораптарын сақтап қалу үшін элек­тртехникалық, гидромеханикалық және гидротехникалық жүйелердің кідіріссіз жұмысын қамтамасыз ете алмау­да. «Қазсушар» РМК 2015-2018 жылдары өз қажеттіліктері үшін арнаның табысынан 2,8 млрд теңге жырып алған. Бұл аталғандарға қоса, Теміртау қаласындағы «Апан» экологиялық полигонын, «Жәй­рем-Қаражал», «Есқұла», «Үйтас-Айдос» топ­тық су құбырларын ұстап тұру да ар­наның қаржылық міндетіне кіреді екен.

«Қазсушар» мұнымен қоймай, келер жылы каналдан босатылатын судың тарифін екі есеге, яғни текше метрі үшін қазіргі 2,6 теңгеден 5,8 теңгеге өсіруді ұйғарып отыр. Ауылшаруашылық тауары­н өндірушілер қазіргі күні әр текше метр су үшін 27,85 теңге шығынданса, жаңа тариф бойынша 59,24 теңге төлеуге мәжбүр болады екен. Тарифтің бұлайша қымбаттауы электр энергиясы мен ауыз су тарифтерінің өсуіне әсер етпек. Жергілікті шаруалар Қ.Сәтбаев атындағы канал онсыз да РМК-ға пайданы мол беріп тұрғанын, Павлодар облысында тариф көтерілсе, жергілікті жердегі ауылшаруашылық тауарлары қымбаттайтынын алға тартады. Канал бойында жүздеген шаруашылық көкөніс, мал азығы дақылдарын өсіріп, аймақ халқын арзан өнімдермен қамтамасыз етіп отырған жайы бар.

Оның үстіне қазіргі күні облыстағы үш қаланың ауыз су жүйесі де әбден тозып тұр. Өңірлік энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­­­қармасының мәліметіне сүйенсек, облыс­тағы ауыз сумен жабдықтау же­ліле­рінің жалпы тозуы – 49,1 пайызды, соның ішінде Павлодар қаласында – 70,8, Екібастұзда – 58,5, Ақсуда 74,4 пайызды құрап отыр. Ескі құбырлардың салдарынан қаншама ауыз судың ысырап болып жатқаны айтпаса да түсінікті.

 

Суармалы егістіктің келешегі зор

Мемлекет басшысының суармалы жерлердің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында соңғы үш жылда об­лыстағы суармалы алқаптардың көлемі 48 мың гектарға ұлғайды. Қазіргі күні оның аумағы 150,2 мың гектарға жетіп отыр. Өңірлік жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов бүгінде қо­сымша 17,5 мың гектар алқаптағы суар­малы учаскелерге инженерлік-ком­му­никациялық инфрақұрылымды жеткізу бойынша 9 жоба іске асыры­лып жатқанын жеткізді. Олардың төртеуі «Қазсушар» РМК арқылы, өзгесі «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы мен жеке инвестиция есебінен жүргізіліп жатыр. Үл­кен жобаның бірі – «Қазсушар» ар­қылы жабдықталып жатқан «Ертіс – Ус­пенка» каналы. Ертеректе салына бас­тап, құрылысы тоқтап қалған каналдың ұзындығы – 11 шақырым. Бүгінде онда 3 аванкамера, 700 метр нөсер өткізу каналы салынып, шағын стансаның жабдықтары да орнатылып болып қалды. Жоба келер жылы толық тапсырылады.

Тағы 18,7 млрд теңге сомасына жалпы ауданы 18,6 мың гектар суармалы учас­келерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу бойынша АӨК субъектілерінің өз есебінен әзір­ленген 19 жоба бар. «Бизнестің жол кар­тасы» бағдарламасы аясында 16 жо­ба қарастырылған. 10 жоба бойынша бюджеттік өтінімді Ұлттық экономика министр­лігі қарастыруда, ал тағы 3 жоба жер пайдаланушылардың пысықтауында.

Павлодар облысы қауіпті егіншілік аймағында орналасқандықтан астық ал­қаптары көбіне көктемгі ылғалға тәуелді. Соған орай өңірдегі бай су ресурстары мен Ертіс өзенінің әлеуетін ке­ңінен пайдалану қажет. Бұл өз кезегінде ауылшаруашылық да­қылдарын өндіруде тұрақты және жо­ғары көрсеткіштерге қол жеткізуге мүм­­кіндік береді.

Айтпақшы, бұған дейін Павлодар об­лысының басшылығы аймақта Бұқтырма сияқты жеке су қоймасын саламыз деп айтқаны есімізде. Бұл уәде құр сөз болып қалмайтынына сенімдіміз.

Түйіндей айтсақ, Павлодар облы­сын­дағы су ресурстарының, соның ішін­де Ертіс өзенінің жағдайы мәз емес. Қор­­шаған ортаны қорғаушылар биылғы құр­ғақшылық пен су жетіспеушілігі нағыз экологиялық апаттың басы дейді. Алдағы жылдары су айдынын сақтау бағытында кешенді шаралар қолға алынбаса, Ертіс өзенін жаяу кешіп өтуіміз мүмкін. Ал облыс халқының басым бөлігі, үлкен-үлкен кәсіпорындар өзен­нің суы арқылы күнелтіп отыр. Ал Қ.Сәтбаев атындағы ка­налдың өзі де басыбүтін Ер­тіске тәуел­ді екенін ұмытпағанымыз абзал.

 

Павлодар облысы