Бүгін Атырау облысы әкімінің өкімімен кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы лауазымына Полымбет Хасанов тағайындалды. Ол осы кезге дейін Исатай ауданының әкімі болған еді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов жаңа басшыны әкімдік отырысында таныстырды.
Полымбет Хасанов 1980 жылы Индер ауданында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. Қазіргі заманғы гуманитарлық университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Ал, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен экономика және басқарудағы бизнес-аналитика магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2002 жылы облыстық ішкі істер департаментінің жүйесінде бастаған. Ішкі істер органдарындағы жұмысын 2005 жылға дейін жалғастырған. 2005-2006 жылдары облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің бас маманы, 2006-2010 жылдары облыс әкімі аппаратында бас маман, бас инспектор болған.
2010-2014 жылдар аралығында Мақат ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген. 2014 жылы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары, 2014-2019 жылдар аралығында Атырау қаласы әкімі аппаратының басшысы, кейіннен Атырау қаласы әкімінің орынбасары, 2019-2021 жылдар аралығында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын атқарған.
2021 жылдан осы тағайындауға дейін Исатай ауданы әкімі қызметін атқарып келді.