Теңге 30 жылдан кейін толық цифрландырылды. Сонымен ұлттық валюта дамуының жаңа кезеңі басталды. Осымен 11-рет өтіп отырған Қазақстан қаржыгерлерінің конгресінде цифрлы теңгенің (ЦТ) ең алғашқы транзакциясына бір шыны шай сатып алғанын көзбен көрдік. Сол цифрлы теңгеге сатып алған бір кесе шайдың дәмін біз де таттық.
Қаржыгерлер конгресінің жұмысына қатысқан Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанда сенімді қаржылық инфрақұрылым мен нарықтық экономикаға бейімделген банк жүйесі құрылғанын айтып өтті. Бас банкир атап өткендей, ақшаның жаңа түрі – цифрлы теңгенің қолданысқа енуі теңге тарихының жаңа кезеңіне жол ашады. «Бүгін ұлттық валютамыздың 30 жылдық мерейтойы күні ақшаның үшінші нысаны – цифрлы теңге іске қосылды. Біздің ойымызша, бұл – қаржылық жүйемізді кезең-кезеңімен өзгертуге мүмкіндік беретін тарихи оқиға. Бұл лездік электрондық төлемдер, оның ішінде интернет желісіне қол жеткізбестен-ақ жүзеге асырылады», деп атап өтті Тимур Сүлейменов.
Жаңа жүйенің артықшылығы, 100% тұрақтылықты қамтамасыз ететін блокчейн жүйесімен толықтай біріктірілген.
Қысқасы, ЦТ биылғы конгрестің басты тақырыбы болды.
Цифрлы теңгенің таныстырылымында Ұлттық банк (ҰБ) өкілдері коммерциялық банктер клиенттердің шоттарына цифрлы валютаны аударды. Содан кейін цифрлы теңгенің көмегімен алғашқы нақты бөлшек сауда да жасалды. Ұлттық банк Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинұр Жәленовтің айтуынша, кейінгі бес жылда қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесі 16 есе өсіпті. Цифрлы теңгені «Еуразиялық банк», «Халық банкі», «Банк центр кредит» және «Altyn bank» қосымшалар арқылы қолдануға, қолма-қол ақшаға әлемнің кез келген нүктесінде аударуға болады. Сонымен қатар әлеуметтік карта, «Оңай» картасымен интеграцияланады.
Бұл фактор тұтынушыларымыздың заңды түрде әлемдегі ең озық және инновациялық өнімдерді қабылдауға дайын екенін тағы да дәлелдеп тұр. ҰБ өкілі бірінші кезекте технологиялардан абстракциялауға және цифрлық экономикада төлем құралы сәйкес келуі керек негізгі критерийлер мен қағидаттарды тұжырымдауға тырысқанын да қаперге салып өтті. Оның айтуынша, жеке қаражаттың сенімділігі, қолжетімділігі, қауіпсіздігі өзекті болып қала береді. Цифрлы теңге – қолма-қол және қолма-қол ақшасыз ақшадан басқа төлемнің үшінші түрі. Бұл олардың қасиеттерін біріктіреді. «ЦТ-мен интернетке қосылмай-ақ офлайн төлей аласыз. Сондай-ақ қарапайым банктік қосымшаларда цифрлы теңгені онлайн түрде жұмсай аласыз», дейді Б. Жәленов.
Б.Жәленовтің айтуынша, Ұлттық банктің цифрлық ұлттық валюталардағы трансшекаралық төлемдерге арналған «SWIFT» платформасын тестілеуге қатысатын әлемдегі алғашқы үш орталық банктің тізімінде тұр. Келер жыл ЦТ офлайн төлемдерде қолданылса, 2025 жылы нарықтың барлық сегменті үшін қолжетімді болады.
Цифрлы валютаны енгізудегі алғашқы қанатқақты жоба 2021 жылы әзірленіп, оның алғашқы нәтижелері Қаржыгерлердің IX конгресінде ұсынылды. Екі жылдан кейін сала мамандарына халықаралық төлем жүйелерімен үйлесімді цифрлы теңге төлем картасының жобасы дайындалып жатқанын айтты.
Кешегі өткен конгрестегі екінші жаңалықты Қазақстан Ұлттық банкінің банкноттар мен монеталар дизайны басқармасының бас дизайнері Санжар Нұрқасымов жеткізді.
Жаңа дизайн «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және көшпелілердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді. «Жаңа банкноттар сериясы дайын болған кезде айналымға енеді. Номиналы 5 000 теңгелік жаңа дизайн үлгісіндегі алғашқы банкноттар осы жылдың соңына дейін қолданысқа шығады. Халықаралық тәжірибеге сәйкес банкноттардың дизайны жалған ақша жасауға жол бермеу және оның алдын алу үшін жетілдірілген қорғаныш қабілетін енгізу мақсатында кезең-кезеңімен жаңартылып отырады», дейді С.Нұрқасымов.