• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сенат 16 Қараша, 2023

Сенат Төрағасы халықаралық конференцияға қатысты

191 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы Бішкек қаласында өткен Қырғызстан Жогорку Кенешінің 85 жылдығына  орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияға қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

ТМД елдері Парламенттері Палаталарының басшылары мен депутаттары қатысқан іс-шарада сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев Жогорку Кенеш елдің дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланатын және маңызды шешімдер қабылданатын жалпыұлттық алаң ретінде айрықша рөл атқарып отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ ол өңірде парламентаризмнің ежелден қалыптасқан дәстүрлеріне назар аударды. Олардың негізі құрылтай және халық жиналыстары институты екені анық. Дәл осы жүйелер дала демократиясының негізін қалыптастыруда зор маңызға ие болды. Сенат Төрағасы тәуелсіздік алғаннан кейін елдеріміздің үдемелі дамуы жолында парламентаризм институтының орны ерекше болғанын айтты.

«Біздің елдеріміз теңгерімді саяси жүйе құру және дамудың өзіндік үлгісін табу жолында түрлі кезеңдерді бастан өткерді. Қазір ТМД елдерінде парламентаризм институты қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Бүгінде ол мемлекет пен қоғамның мүддесіне сай қызмет етіп келеді. Алдағы уақытта да Парламенттеріміз уақыт талабына сай үнемі дамып, жетіліп отыратыны анық. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің Парламенттері арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде екенін ерекше атап өткім келеді. Оған біздің халықтарымыздың ғасырлар бойғы тарихи байланысы мен өзара сенімге табан тірейтін қарым-қатынасы негіз болғаны сөзсіз. Парламенттеріміздің қызметі өзара байланысты нығайтуға және халықтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Заң шығарушы органдар елдеріміздің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, қауіпсіздік, экология және басқа да салалардағы ынтымақтастығына үлкен үлес қосып отыр. Сондықтан парламентаралық өзара іс қимыл мен диалогты одан әрі белсенді дамытудың маңызы зор», деді М.Әшімбаев.

Қырғызстанға сапары аясында  Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесіп, парламентаралық іс-қимылды арттыру, мәдени және гуманитарлық байланыстарды, сондай-ақ шекара маңындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар Сенат Спикері  Ресей Федералдық Жиналысы Федерациясы Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен екіжақты кездесу өткізді. Онда Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федералдық Жиналысы Федерациясының Кеңесі арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасына сәйкес бірлескен жұмыстың перспективалық бағыттары қамтылды.

Қырғызстанға екі күндік сапар аясында елімізден барған  делегация қазақ-қырғыз жастар форумына, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 56-шы пленарлық отырысына және Шыңғыс Айтматовтың туғанына 95 жыл толуына арналған конференцияға қатысуды жоспарлап отыр.