Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушылары – Жомарт Кәрім, Әлім Оспанов және Жәңгір Жармұхамбетов мектеп мұғаліміне көмекші болатын роботтың жобасын жасап шықты.
«Біз жасаған «Мұғалімнің көмекші роботы» ұстаздың біраз қызметін өзі атқарады. Мысалы, оқушылардың тест жауаптарын, білім деңгейін автоматты түрде жасанды интеллекті арқылы тексеріп береді. Сабақ кестесін реттейді. Сонымен қоса тоқсан соңында берілетін тапсырмаларды электронды түрде жасайды және тексерістен өткізеді. Роботтың өзінің арнайы камерасы бар. Сол арқылы қай оқушының шаршап отырғанын, қай оқушының ұйқысы келіп отырғанын бірден «біледі». Бұдан өзге де қызықты функциялары бар», дейді жас өнертапқыштар.
Дәл осы жоба жақында Қарағандыда өткен «ROBOLAND-2023» VIII халықаралық роботтехника және инновациялық жобалар байқауында жүлделі ІІI орынды жеңіп алған. Оқушы шығармашылығын дамытып, роботтехника саласына қызығушылығын арттыру және инженерлік қабілетін шыңдау мақсатында өткен бұл сайысқа Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Грекия мемлекеттерінен және еліміздің әр өңірінен жас өнертапқыштар қатысқан болатын.
«Бұл байқаудың ауқымы кең болды, мыңға жуық оқушы өз жобасын таныстырды. Біздің санат бойынша 20 команда сынға түсіп еді. Оқушылар үмітті ақтады, 3-орынды иеленді», дейді мектептегі роботтехника үйірмесінің жетекшісі Нұрбол Қырықбаев.
Айта кетейік, Орал қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Роботтехника» үйірмесі жемісті жұмыс істеп келеді. Мектеп қоржынында бұл бағыт бойынша көптеген халықаралық, республикалық деңгейдегі жүлде бар.
Батыс Қазақстан облысы