Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, сенаторлар ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда қарады. Сондай-ақ маңызды мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарын жолдады.
Оннан астам заңға өзгеріс енеді
Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Құжат нормаларына сәйкес Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Кәсіпкерлік, Еңбек, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстерге, сондай-ақ он заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Соның аясында тиісті салада мемлекеттік бақылаудың қосымша функциясы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне беріледі.
Иммигранттардың жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін ұсынудың міндетті тетігін енгізу де заң шеңберіндегі жаңашылдықтардың бірі екенін атап өткен жөн. Бұл еліміздің ұлттық мүддесін қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маңызды екені анық. Заңда цифрлық майнинг саласындағы қызметті жүзеге асыруға қатысты да бірқатар шара қарастырылған.
Талқылау нәтижесінде, сенаторлар заңның тұжырымдамалық нормаларын бірінші оқылымда мақұлдап, бас комитетке құжатты екінші оқылымға әзірлеуді тапсырды.
Зорлық-зомбылыққа қарсы кешенді тәсіл керек
Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Сенатор Жанна Асанова депутаттық сауалында отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және алдын алу шаралары туралы айтты. Оның айтуынша, жаңалықтарда күн сайын зорлық-зомбылық пен қорлық көрсету туралы айтылып жатыр, ал уәкілетті тұлғалардың немқұрайды көзқарасы мен сыбайлас жемқорлық бұл мәселені толық шешуге мүмкіндік бермей келеді.
«Бізге әйел мен балаларды саудаға салатын немесе затқа қарағандай көзқарасты өзгерту аса маңызды. Қорғансыз қалған жандардың бәрі оларды мемлекет қорғап қана қоймай, зорлық-зомбылыққа жауап беретін әрі бірдей әріптестік құқықтарға баса назар аударылатын барлық әрекет жасалатынын білуі керек. Әрбір азамат зорлық-зомбылықтың барлық құқықтық салдарын нақты білуге және жазадан құтылмайтынына күмәнданбауға тиіс. Құқық қорғау органдарының, сот инстанциясының қызметкерлеріне ерекше жауапкершілік жүктеледі. Қоғамда әділеттілік пен заңдылықтың салтанат құруына бағытталған өзгерістердің алдыңғы қатарында дәл солар болуы керек», деді Ж.Асанова.
Сенатор осыған байланысты мұндай зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл кешенді тәсілді талап етеді деп санайды. Оның ішінде жағдайды ерте анықтау және оған араласу үшін алдын алу шаралары, сондай-ақ стратегия мен амал-тәсілдерді уақытылы түзету үшін мемлекет қабылдайтын шаралардың тиімділігін жүйелі бағалау да бар.
«ІІМ-де тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік жеке қызметін құру арқылы кеңейту ұсынылып отыр. Жалпыға бірдей қабылданған халықаралық стандарттар мен психологиялық нормаларды ескере отырып, құқық қорғау органдарының алғаш рет шағымданған зорлық-зомбылық құрбандарына арналған өзара іс-қимыл жасау нұсқаулығын заңнамалық тұрғыдан бекіту керек. Зорлықшыларды міндетті түрде тіркеуге алу, одан кейін мемлекеттік және күштік органдарға жұмысқа орналасуды шектей отырып, қару иелену құқықтарына шектеу енгізу маңызды», деп атап өтті сенатор.
Сенатордың ұсынысында білім беру, медицина және әлеуметтік қолдау саласындағы заңнаманың бірқатар норманы өзгерту жөніндегі шаралар да қамтылған.
Харассмент конвенциясына қашан қосыламыз?
Сенатор Дархан Қыдырәлі қоғамдағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен қудалау, яғни харассмент тақырыбын әрі қарай өрбітті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп жүргізілген БҰҰ зерттеуінің нәтижелерін жария еткен сенатор харассментке ұшыраған әйелдердің 57,6 пайызы бұл фактілер бірнеше рет болғанын атап өткенін жеткізді. Бұл жағдайда харассмент тек физикалық қана емес, сонымен бірге адамға менталды немесе эмоциялық қысым жасалғанын ескеру қажет.
Сенатор айтқан тағы бір мәселе – елімізде харассменттің алдын алатын арнайы заңның болмауы. Сондықтан әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі заңнаманы күшейту – маңызды қадам.
Дархан Қыдырәлі Халықаралық еңбек ұйымы №190 «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы» конвенцияны әзірлегенін атап өтті. 2019 жылғы 21 маусымда қабылданған құжатты әлемнің 19 елі ратификациялаған. Депутаттың пікірінше, еліміздің осы құжатқа қосылуы отбасы және гендерлік саладағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Сенатор Дархан Қыдырәлі депутаттық сауалында: «Қазақстан заңнамаларында, атап айтқанда, Қылмыстық, Еңбек, Әкімшілік кодекстерде жұмыс орнындағы харассмент немесе зорлық ұғымдарын енгізу, мұндай заң бұзушылықтарға қарсы тиісті жазаны белгілеу қай деңгейде жүргізілуде? Еліміз халықаралық еңбек ұйымының «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы» конвенциясына қашан қосылады? Жалпы харассментке немесе зорлық-зомбылыққа қарсы кешенді іс-шаралар жоспары бар ма?», деген нақты әрі өзекті мәселелерді көтерді.
Кеден қызметкерлерінің зейнетақы мәселесі
Сенатор Амангелді Нұғманов еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атына жасаған депутаттық сауалында кеден органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы мәселені көтерді. Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада кеден органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруға елеулі әсер ететін олқылықтар бар. Әлеуметтік кодекстің нормаларына сәйкес, құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін, арнаулы атағы мен сыныптық шені бар адамдар еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алуға құқы бар, олардың қатарына кеден органдарының қызметкерлері де кіреді.
«Кодекстің 214-бабының негізінде Үкімет 2023 жылғы 29 тамызда №733 қаулыны қабылдады, онда «кеден органдарын қоспағанда» деген ескертпесі бар ереже жазылған, бұл Әлеуметтік кодекстің қолданыстағы нормаларына қайшы келеді. Үкімет қаулысы бұл жағдайда барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру құқығынан айырды. Қалыптасқан жағдай кеден органдарының қызметкерлеріне еңбек сіңірген жылдарын есепке ала отырып, зейнетке шығуға мүмкіндік бермейді», деді сенатор.
Депутат А.Нұғманов осыған байланысты Үкімет басшысы Ә.Смайыловтан азаматтардың аталған санаттарының конституциялық құқықтарын қалпына келтіру жөнінде мәселені шешуді қарастыруды сұрады.