Кеше Алаш жұрты бөркін аспанға атып қуанған күн болды. Қазақ елі тұрғындарының саны 20 миллионнан асты. Біз осы тарихи сәтке орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, этнограф ғалым Аманжол Қалышқа бірнеше сұрағымызды қойған едік.
– Аманжол Боранбайұлы, міне көптен күткен күн де келіп жетті. Біреулер қуанса, енді бірі «Біз жиырма емес, елу миллионның айналасында жүретін жұрт едік» деп әттегенайын да жасырмай жатыр. Демограф ретінде қазіргі еліміздегі халық санының өсу қарқынына қандай баға берер едіңіз?
– Расында қазақ халқы кеңес заманында қайғы мен қиындықты көп көргенін жақсы білесіздер. 1898 жылғы санақта біз 5 миллион едік. Сол кезде таза өзбектер 700 мыңдай ғана болды. Қалғандары сарт, ұйғыр, тәжіктер еді. Кейін олар Ресейде жүргізілген саясатты ұстанып, өз еліндегі басқа халықтардың бәрін сіңіріп алды. Қазір біз 20 миллионға енді жетіп жатсақ, Өзбекстанның халқы 35 миллионнан асып кетті. Егер қазақты қолдан қырған нәубеттер болмағанда ХІХ ғасырдың аяғында 5 миллион болып отырған халқымыздың саны қазір кемінде он есе өсіп, 50 миллионнан асар едік.
Қазақтың демограф ғалымы Мақаш Тәтімов кітабында жазғандай, біз жоңғар шапқыншылығы кезінде 3 миллион болыппыз. Сол қырғында 1 млн қазақ қаза тауыпты. Ресей империясына бағынышты болғаннан кейін әр жерде ұлт-азаттық күрестер көбейді. Әрбір қақтығыс қанша ер азаматымыздың өмірін қиып кетіп жатты. Ал ХХ ғасырдың бірінші жартысы ұлтымызға ерекше қырын келді. Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1918-1920 жылдардағы аштық, 20-жылдардың соңындағы кәмпескелеу, 1930-1933 жылдары қолдан жасалған аштық, Екінші дүниежүзілік соғыс халқымызды барынша титықтатып тастады.
Академик Манаш Қозыбаев бастаған, құрамында тарих ғылымдарының докторы Жұлдызбек Әбілқожин, тарих ғылымдарының кандидаты Хайдар Алдажұманов, т.б. болған комиссия 30-жылдардағы аштықта 1,5 миллион қазақ аштан өлсе, 1 миллионнан астамы алыс-жақын шетелге қашқанын жазған болатын. Дәл осындай аштық Украина жерінде де болды. Қазақтың қолындағы бар малын, украиндердің астығын күштеп тартып алды. Өйткені Ресейде индустрияландыру саясаты басталып, зауыт-фабрикаларды салып жатқан жұмысшыларға тамақ керек еді. Салдарынан Украинада 5 миллион адам аштан өлді. Олар сол зұлматты геноцид ретінде халықаралық деңгейде мойындатып жатыр. Ал біз әлі күнге өзгелердің қас-қабағына қарап үнсіз отырмыз.
Манаш Қозыбаев айтқандай, аштық кезінде тек малмен күнелткен батыс және орталық Қазақстан жеріндегі 100 қазақтың 70-і аштан қырылыпты. Ойлап қараңыз, соғыс емес, бейбіт заманда осындай қырғын болған. Солтүстік және Шығыс Қазақстанда жартылай көшпелі халықтың жартысы аштан өлді не шетке босып кетті. Ал оңтүстік, Жетісу аймақтарында 100 адамның 30-ы қырылған. Тірі қалғандарының бәрі жан-жаққа қашты. Қазіргі Өзбекстанның өзінде кемінде 3 миллионнан 5 миллионға дейін қазақ кейін өзбек болып жазылып кеткен.
Міне, осы айтылған оқиғалардың салдарынан біз өспей қалған халықпыз. Әйтпесе бүгін 20 миллион емес, кемі 50 не 70 миллионның айналасында болар едік. Қараңыз, 1914 жылы Түркияда 4-7 миллион адам болған екен. Қазір олар 80 миллионнан асты. Ал біз өткен ғасырдың 70-жылдары ғана төңкеріске дейінгі санымызға әрең жеттік.
– Дегенмен тарих доңғалағын кері айналдыра алмаймыз. Өткен өтті, енді мұндай жағдайлар қайталанбасын деп тілейміз...
– Иә, ештен – кеш жақсы дегендей, қазір өз алдымызға тәуелсіз ел болып, халқымыздың саны өсіп келе жатқанына қуануымыз керек. 20 миллионның ішінде қазақ ұлтының өкілдері 14 миллион болып қалды. Бұған алыс-жақын шетелден келіп жатқан қандастарымыз да көп үлесін қосты. Есімде, кеңес заманында шетке кеткен қазақтарды «сатқын» деп айтатын. Шын мәнінде олар туған жерден өз еріктерімен кеткен жоқ, аштықтан, қуғын-сүргіннен өздерін, ұрпағын аман сақтап қалу үшін амал жоқтықтан көшуге мәжбүр болды. Бірақ шетте жүрсе де туған елінің бір күні азат боларына, ұрпақтары атажұртқа қайта ораларына сеніп жүрді. Міне, сол күн де жетіп, 90-жылдардан бері 1,5 миллионға жуық қандасымыз арамызға келіп қосылды. 2009 жылғы санақта елдегі қазақтардың саны 10 млн болса, 2021 жылғы санақтың қорытындысында 13,5 млн деп көрсетіліпті. Бүгінгідей өсу қарқыны сақталса игі. Сонда менің болжамымша, келесі санақта қазақтың үлесі шамамен 80-85 пайызды құрауы әбден мүмкін.
– Елімізде халық саны негізінен оңтүстік және батыс өңірлерде өсіп келеді, ал солтүстік пен шығыста азайып жатыр. Болашақта мұның зардабы болуы мүмкін бе?
– Әрине, елдің бір жағында халық саны көбейіп, екінші жағы босап қалуы – геосаяси жағынан үлкен мәселе әрі қауіпті. Қазір негізінен қазақтар және басқа да түркі халықтары қоныстанған оңтүстік, батыс, Жетісу өңірлерінде халық санының өсу қарқыны жоғары. Мамандардың айтуынша, Алматы облысының 83-84 пайызы – ауыл халқы. Түркістан облысында ауылдықтар 75 пайызды құрайды. Ал ауылдық жерде бала туу көрсеткіші жоғары болатыны белгілі. Сонымен бірге Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан мен Ираннан келіп жатқан қандастарымыз да негізінен оңтүстік және батыс облыстарға қоныстанып жатыр. Мұның бәрі аталған өңірлерде халық санының тез өсуіне ықпалын тигізіп келеді.
Ал солтүстік және шығыс аймақтарға ХХ ғасырда ішкі Ресейден, Украина мен Беларусьтен өзге ұлт өкілдері көптеп көшіріліп, қазақтың саны азайғаны белгілі. Әсіресе тың және тыңайған жерлерді игеру үшін миллиондаған адам әкелінді. Дегенмен 80-жылдардың соңынан олар өз атамекеніне қайта бастады. Оның үстіне орыс және басқа да славян халықтарында бала туу көрсеткіші төмен. Соның салдарынан солтүстік аймақтарымызда халық саны кеміп бара жатқаны аян.
Бұған жол бермеу үшін оңтүстіктегі халықты солтүстікке тарту – біздің стратегиялық мақсатымыз. Бүгінде мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама қабылданып, оңтүстіктен адамдар көшіп жатыр. Алайда әлі де бұл үрдіс баяу. Шетелден көшіп келіп жатқан қандастарымызды да солтүстік өңірлерге қоныстандырудың өз қиыншылығы бар. Өйткені олар орыс тілін білмейді. Сондықтан әу бастан басқаша саясат ұстанып, солтүстік пен шығыстан қандастарға арнап бөлек аудандар ашып беру керек еді. Олар бәрі бір жерде тұрса, тілдік тұрғыда қиыншылық көрмес еді.
Өткен жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын жабылып қалған облыстарды қайта ашып, шекаралық аудандарды дамыту туралы шешім қабылдады. Бұл саяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды. Өйткені шекарадан халық үдере көшпеу үшін ол жақта халыққа жағдай жасалуға тиіс. Бұл мемлекет қауіпсіздігі үшін қажет.
– Еліміздегі қазақ ұлтының үлесі 70 пайыздың үстіне шығып отыр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Дегенмен мемлекеттік тілді меңгеру жағы әлі де кемшін. Бұған қатысты ойыңызды білсек?
– Дұрыс айтасыз, кеңес заманында қазақ тілін шектеу, оны барынша тұншықтыру саясаты жоғарыда айтып өткен ұлтты жою ісімен қатар жүрді. Орыс тілін мақсатты түрде жаюды интернационализм идеясы деп бүркемеледі. Қазір «Ағылшын, қытай тілін меңгерсең, адам боласың» десе, бұрын «Орыс тілін білсең, адам боласың» дейтін. Тілімізбен бірге, тарихымыз бен мәдениетімізге, салт-дәстүріміз қыспаққа түсті. 50 қазақтың ішінде 1-2 басқа ұлт өкілі отырса, орысша сөйлеуге мәжбүр етті.
Қазір қаракөздеріміздің бір бөлігі орысша шүлдірлеп жүргені – олардың кінәсі емес, сол 70-жылдық саясаттың кесірі. Жалпы, кеңес одағы түркі халықтарынан қатты қорқып, олардың өздерін құртып, тарихын барынша өшіруге тырысқаны белгілі. Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыс бітуге таяғанда 1944 жылы Кавказдағы Қабарда-Балқар республикасынан қабардаларға (олар түркі халқы емес) тиген жоқ, балқарларды депортациялады. Қарашай-Черкес республикасынан черкестерге (бұлар да түркі емес) тиген жоқ, қарашайларды қуғынға ұшыратты. Сонымен қатар Чешенстандағы аландарға тиіспей, түркілер сияқты өр рухты чешендер мен ингуштарды Орта Азияға айдады. Міне, кеңес үкіметі саны азғантай түркі халықтарын осылай қуғындаса, қазақ секілді үлкен халықты аштықпен қырып, қуғын-сүргінге ұшыратып, тілімізді жоюға барынша күш салды. Соның зардабын әлі күнге тартып отырмыз. Тіліміз өз тұғырына қайта толық қонуы үшін әлі кемінде 1-2 ұрпақ ауысуы керек.
Ол үшін не істейміз? Әрине, ең бірінші мемлекет тарапынан ана тіліміздің дамуы үшін барлық жағдай жасалғаны абзал. Дегенмен де әр қазақ ең алдымен өзінен бастамаса, тіліміздің көсегесі көгермейді. Мәселен, мен Ресейдің Ор қаласында орта мектепті орысша бітірдім. Кейін Алматыға келіп қазақша үйрендік. Қазір отбасымда бәрі тек қазақ тілінде сөйлейді.
Кезінде Ясир Арафаттан журналистер «Палестина проблемасын қалай шешуге болады?» деп сұрағанда: «Оны біздің әйелдеріміз шешеді» деп жауап берген болатын. Яғни ол араб әйелдерінің көп бала туатынын меңзеген еді. Сол секілді қазақ тілінің проблемасын шешуде де қазақтың ұлтжанды әйелдерінің орны үлкен. Олар көп бала табуы керек және балаларымен үйде қазақша сөйлесуге тиіс. Ана тілі деп бекер айтылмайды, өйткені бала анасының тілінде сөйлейді. Көшеде қайыр сұрап жүрген сығандарға қарасаң, бәрі өз тілінде сөйлеп жүр. Оның қасында тәуелсіз елде, өз жерімізде отырып, ана тілімізде сөйлемеу – бізге үлкен сын. Әр қазақ қызының құлағына алтын сырға! Тілімізді тұғырына қондырамыз десек, алдымен өзімізден, отбасымыздан бастайық. Балаларымызбен қазақша сөйлесейік. Егер біз осылай жасамасақ, басқаларға қазақ тілі керек те емес.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»