Зоотехник – бүгінде ауылда мал өсірген шаруашылықтар үшін таптырмайтын мамандық. Мал соңында тепеңдеп жүргенді кім ұнатады дерсіз? Әсіресе әйел адамның түлік өсіруге араласып жүргені кімге болсын қызық көрінетіні рас. Светлана Бисмильдинованың бұл мамандықтың жалынан ұстағанына 20 жылға жуық уақыт өтіпті.
Кеңес заманында зоотехник лауазымы үлкен шаруашылықтарда басшылық қызмет қатарынан саналатын. Өкінішке қарай, мал мамандарының маңызына соңғы уақытта аса көңіл бөлінбей жүр. Мал шаруашылығы маманы жануарлардың мінез-құлқын жақсы түсініп, денсаулығы мен азығын қамтуы керек. Олардың көбеюіне, дұрыс бағылуына да жауапты.
– Зоотехниктің негізгі міндеті – ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісінің маңызды факторы болып табылатын малдың өнімділігін арттыру. Мал шаруашылығы маманы малдан алынатын сүттің, еттің, жұмыртқаның және басқа да өнімдердің сапасы мен мөлшерін жақсарту үшін дұрыс әдіс-тәсілдер мен технологияларды таңдай білуі керек. Малдың саулығына да жауаптымыз, ауруды анықтап, жануарларды емдейміз. Жаңа әдістер мен технологияларды әзірлеуге, сондай-ақ мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған тәжірибелерді енгізуге әрдайым ұмтылып тұрамыз. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды саласы, білікті мамандарсыз халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мүмкін емес, – дейді С.Хазбулатқызы.
«Жаңа қала» ЖШС – Павлодар ауданында орналасқан, еліміздегі тәуелсіздік жылдары алғаш құрылған шаруашылықтардың бірі. Сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырау мен жаңа замандағы дамудың барлық кезеңін өткерген, талай теперішті көрген шаруашылық. Осы серіктестіктің оты мен суына түсіп, қажырлы еңбек етіп келе жатқан маманның бірі – Светлана апай. Қазіргі күні мұнда 40-қа жуық адам еңбек етеді. Заманға сай жабдықталған тауарлы сүт фермаларында күніне 600-ден 800 басқа дейін сиыр сауылып отырған жайы бар. Ал иелігіндегі 10 мың гектар жердің 5 мың гектарында жыл сайын мал азығы, қалған бөлігіне дәнді дақыл өсіріледі.
– Сүт фермасындағы жұмыс күні-түні бір үзілмейді. Біздің мақсатымыз – сүтті көбірек сауып, мемлекетке тапсыру. Шаруашылықта селекциямен айналысамыз. Қазіргі уақытта маман жетіспеушілігі өте күрделі мәселеге айналып отыр. Бізге агроном, мал дәрігері, техник-ұрықтандырушылар керек. Ұрықтандырушы маман жоқ десе де болады. Сондықтан білім беру ұйымдары осы түйткілге көңіл аударып, техник-ұрықтандырушыларды дайындауға көп көңіл бөлсе екен, – деген тілегін жеткізді.
Айтуынша, шаруашылық мемлекеттік көмегін молынан көріп отыр. Әр тапсырылған сүтке субсидия төленеді. Бұған дейін серіктестік басшылығы мемлекеттік бағдарламаларға бірнеше мәрте қатысып, шетелден асыл тұқымды мал сатып алды. Жаңадан мал кешендері тұрғызылып, заманауи ауылшаруашылық техникаларымен жарақтанды. Мұның барлығы – мемлекеттің қамқорлығы деп есептейді.
Светлана апайда демалыс күні дейтін сирек. Таңғы бестерде жұмыс орнынан табылып, кешкі сегіз-тоғыздарда үйіне қайтады. Сиырлары күн сайын 9 мың тоннаға дейін сүт береді. Сауылып алынған өнім бірден «Молком» зауытына өткізіледі екен. Осыдан екі жыл бұрын «Жаңа қалада» 500 бас сиырға арналған тауарлы сүт фермасы, жануарлар бұзаулауға арналған арнайы қора салынған. Жаңа технологиямен жабдықталған кешеннің қызығын молынан көріп отыр. Айтуынша, қарамағындағы 10 сауыншының жұмысы да қазір жеңілдей түскен. Барлығы аппараттың күшімен шешіліп, шаруашылықтағы нәзік жандар көп мехнаттан құтылған.
Айтып өтейік, Светлана Бисмильдинова бұл серіктестікте ашылғаннан бері жұмыс істеп келеді. Алғашқыда сауыншы, кейін бұзау бағушы, зертханашы болып істеген. Ал 2007 жылдан бастап шаруашылықтың бас зоотехнигі болып қызмет етеді. Табанды әрі еңбекқор Светлана апай отбасында жолдасымен 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Немере сүйіп отырған бақытты әже.
Павлодар облысы,
Павлодар ауданы