Павлодар облысының тұрғынынан құны екі миллиард теңге болатын киік мүйізі тәркіленді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мүйіздерді облыстық полиция департаментінің қызметкерлері тәркіледі.
Ұсталған Ақсу қаласының 49 жастағы тұрғынының гаражын тінту кезінде киік мүйіздері сақталған 8 жәшік табылды. Жалпы салмағы 170 келіге жуық болатын Қызыл кітапқа енген жануардың 800-ге жуық мүйізі тәркіленді.
«Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Бірқатар сараптама тағайындалды, соның ішінде биологиялық және трассологиялық. Ұсталғандардың мемлекетке келтірген зияны шамамен 2 млрд теңгені құрады», деді Павлодар облысы ПД бастығы Василий Скляр.