Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Сыртқы істер министрлігі Газа секторындағы қазақстандықтарды эвакуациялады. Осылайша, арнайы эвакуациялық бортпен 99 жолаушы – Қазақстан азаматтары мен олардың отбасы мүшелері Алматы қаласына аман-есен ұшып келді.
Әуежайдағы барлық міндетті рәсімнен өткеннен кейін азаматтарға уақытша баспана беріліп, оларға қажетті құқықтық, медициналық және өзге де көмек көрсетілді. Аса ауыр міндетті Қазақстанның Израильдегі, Иорданиядағы және Мысырдағы елшіліктері абыроймен орындап, аталған мемлекеттердегі уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен бірлесе үйлесімді жұмыс істеді.
Таяу Шығыс өңірінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылығымен келіссөздер қорытындысы бойынша СІМ азаматтарымыздың Газа секторынан қауіпсіз және еш кедергісіз шығуы туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Айта кетерлігі, 15 қарашада эвакуацияның бірінші кезеңі жүзеге асырылған-ды. Нәтижесінде, «Рафах» бақылау-өткізу пункті арқылы Газа секторынан Мысыр аумағына 92 Қазақстан азаматы мен олардың отбасы мүшелері өтті.
Қазақстан дипломаттары отандастарымызға барлық қажетті консулдық-құқықтық және психологиялық көмек көрсетті. Шекарадағы рәсімдерден кейін азаматтарымыз колонна құрамында жолға шығып, жақын маңдағы Каир қаласына жеткізілді.
Осы орайда өткен аптада Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Израиль Сыртқы істер министрі Эли Коэнмен телефон арқылы сөйлесіп, эвакуациялау мәселесін талқылаған-тұғын.
Сұхбат барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қарым-қатынастардың үдемелі сипатын атап өтті. Израиль Сыртқы істер министрі Таяу Шығыстағы Израиль мен палестиналық ХАМАС қозғалысы арасындағы қақтығыс аясындағы қазіргі жағдаймен таныстырды.
М.Нұртілеу қақтығыстың шиеленісуіне және әскери іс-қимыл аймағындағы жағдайдың өршуіне алаңдаушылық білдірді. СІМ басшысы қазіргі қақтығысқа қатысты Қазақстанның ұстанымын жеткізді. Министр қақтығысушы тараптарды Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықтың жолдарын іздеуге шақырды. Бұл мәселенің бүкіл әлем қауымдастығы үшін жаһандық маңызы бар екеніне назар аударды.
Осы тұрғыда Қазақстан дипломаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ТМД Саммитіндегі мәлімдемесін атап өтіп, жағдайдың шиеленісуі Таяу Шығыста ғана емес, жалпы әлемде ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін баса айтты. Осыған байланысты Қазақстан Израиль-Палестина шиеленісін бейбіт келіссөздер мен дипломатиялық диалог арқылы шешуге бейілді.
М.Нұртілеу израильдік әріптесіне Газа секторындағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға жәрдемдесу туралы өтініш білдіріп, бұл міндеттің еліміз үшін бірінші кезектегі басымдық екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Э.Коэнді қазақстандықтардың Отанымызға тезірек оралуы бойынша Мысыр билігімен жүргізіліп жатқан жұмыс барысы туралы хабардар етті. Министр Э.Коэн берілген ақпарат үшін әріптесіне алғыс айтып, Израиль тарапы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесін шешуге бар күш-жігерін салатынын және бұл мәселені өзінің жеке бақылауына алатынын жеткізді.
Қазақстандық дипломаттар қақтығыс аймағында қалып қойған Қазақстан азаматтарына көмек көрсету және эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жалғастырады.