• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 20 Қараша, 2023

Спортшыларымыздың өткен аптадағы жарқын жеңістері

185 рет
көрсетілді

Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі өткен аптадағы Қазақстан спортшыларының жалпы жетістіктері туралы деректерді жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Пенчак-силат: Дубай (БАӘ) қаласында ересектер арасында пенчак-силаттан VII Азия чемпионатында отандастарымыз 1 алтын, 3 күміс, 7 қола жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қоса, ересектер арасында пенчак-силаттан Таяу Шығыстың I ашық чемпионатында 27 медаль (8 алтын, 10 күміс, 9 қола) жеңіп алды.

Джиу-джитсу: Комбат джиу-джитсудан Латвияда өткен әлем чемпионатында ел спортшылары командалық есепте топ жарды. Граунд Файт, Клосс контакт, Cелф және Фулл контакт бағдарламасында Қазақстан құрамасының спортшылары 46 алтын, 35 күміс, 45 қола медаль еншіледі.

Футбол: Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Сан-Мариноға қарсы ойында жеңіске жетті. Елордадағы «Астана Арена» стадионында өткен матчта Магомед Адиев шәкірттері қарсыластарынан 3-1 есебімен басым түсті.

Кәсіпқой бокс: Орта салмақтағы отандасымыз Мейірім Нұрсұлтанов (19-0, 11 КО) Ташкент (Өзбекстан) қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде чилилік боксшы Хулио Аламосты (16-1, 9 КО) төрешілердің шешімімен жеңіп, WBC чемпионының міндетті қарсыласы атанды.

Теннис: Григорий Ломакин Мысырда өткен ITF турнирінің жұптық сынында жеңімпаз атанды. Отандасымыз ресейлік Евгений Филипповпен жұп құрап, финалда италиялық Томассо Компануччи мен сербиялық Виктор Йовичтен басым түсті – 6:2, 7:5.

Дзюдо: Өзбекстанның бас шаһары Ташкентте өткен дзюдодан жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының спортшылары 4 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, Нұржан Бисенов, Жанарыс Рахметқали, Әділет Алмат, Нұрайлым Сәрсенбек Азия чемпионы атанса, Мұхаммедәли Мавлидов күміс жүлдені қаңжығасына байлады, ал Карина Такиева, Аружан Ережепова, Дана Әбдіровалар қола жүлделерді еншіледі.