• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қараша, 2023

Қазақстанда басшылық лауазымда қанша әйел бар?

277 рет
көрсетілді

Соңғы онжылдықта елде әйелдердің жаңа буыны қалыптасты. Олар қаржылық және психологиялық тұрғыда тәуелсіз болып, сонымен бірге, отбасын құруды, мансап қуып, рухани және шығармашылық дамуды жөн көреді. Жыл сайын қаржылық және әлеуметтік қолдау шаралары арқылы әйелдер кәсіпкерлігін ынталандыру мен қолдау артып келеді, деп жазады Egemen.kz.

Статистика деректеріне жүгінсек, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 2010 жылы 52,7%-ды құраса, 2022 жылы 55,5%-ға дейін өскен. Былтыр басшылық лауазымдағы әйелдердің үлесі - 39,2 пайыз болса, биыл бұл көрсеткіш 40,8 пайызға өскен. Оның ішінде қала аймағында басшылық қызметтегі әйелдер - 41,5 пайызды құраса, ауылдық аймақтарда басшылық қызметтегі қыз-келіншектердің үлесі - 38,5 пайыз. Ал, саяси лауазымдарда 59 әйел жұмыс істейді. Бұл қатарда министрлер, Агенттіктің, Жоғары аудиторлық палатаның және Конституциялық соттың төрағалары, облыстардың және қала әкімдерінің орынбасарлары бар.

Интернет мүмкіндіктері артқан сайын бизнес бастауға ынталы бикештер қатары көбейген. Кәсіптегі қыз-келіншектерді қолдауға мемлекет те мүдделі. Атап айтсақ, «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары» мен «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы іске асырылып отыр. Орталық кәсіпкер әйелдердің бәсекеге қабілеттілігі мен әлеуетін арттыруды көздесе,  Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп жасалған бағдарлама 48 жергілікті консалтингтік жобаның және халықаралық сарапшылардың қатысуымен 6 жобаның жүзеге асуына арқау болған.  

Шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі жыл жылжыған сайын көбеюде. 2011 жылы кәсіптегі әйелдердің үлесі 38,4% болса, 2021 жылы 44,6%-ды құраған. Елімізде кәсіпорын басшыларының 30,8%-ы – әйелдер. Үкіметпен мемлекет қатысатын компаниялардың басшылық органдарында әйелдердің үлесін кезең-кезеңмен 30%-ға дейін арттыруға бағытталған шаралар қабылданып жатыр.

Кәсіптегі қыз-келіншектердің келелі мәселесін шешу жайы қашан да өзекті. Осы мақсатта бүгін Астанада Қазақстан ауыл әйелдерінің VI республикалық форумы өтті. Іс-шара еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам кәсіпкер әйелдердің басын біріктірді.

2022 жыл мен биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша кәсіпкер әйелдердің 17 мыңға жуық жобасы субсидияланған. Оған 638 млрд теңге жұмсалған.