Ауыр атлетикадан Мексиканың Гвадалахара қаласында жастар арасында өтіп жатқан әлем біріншілігінде Қазақстан құрама командасының қоржынына алғашқы жүлде түсті.
81 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Едіге Емберді асқан шеберлік танытып, ацтектер елінде еліміздің әнұранын шырқатты. Әуелі ол 145 кг зілтемірді жұлқып көтерсе, серпе көтеруде 191 килограмды еңсерді. Қоссайыстың қорытындысы – 336 кг. Бір айта кетерлігі, жаттығудың алғашқы түрінен кейін Емберді тоғызыншы орынға тұрақтаған еді. Сол кезде оның жүлделі орын үшін таласатынына ешкім сенбеді. Десек те қазақтың қайсар ұлы екінші жаттығуда жанын салып, қарсыластарының барлығын шаң қаптырып кетті. Серпе көтеруде ешкім оны маңайлай алған да жоқ. Сөйтіп, Едіге жастар арасында әлем чемпионы атанды.
Күміс медальді түрікменстандық Ғайғысыз Торев иеленді. Ол қандасымыздан бір кг ғана кем көтерді. Қола жүлдені грузиялық Саба Асанидзе иеленді. Оның нәтижесі – 333 (149+184) кг.