• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қараша, 2023

Павлодар: Төтенше жағдай салдары

159 рет
көрсетілді

Сенбіден жексенбіге қараған түні Павлодар облысында жылдамдығы секундына 37 метрге дейін жететін сұрапыл дауыл тұрып, жергілікті инфрақұрылымдар мен электр бағандарына, коммуналдық және тұрғын үй ғимараттарына зақым келді. Төтенше жағдайдан Екібастұздағы жылу-энергия орталығының қазандықтары да істен шықты. Кеше облыстағы 3 қала мен 6 аудан төтенше жағдай режімін жариялады.

Мамандардың айтуынша, мұндай сұрапыл дауыл соң­ғы 20 жылда тіркелмеген. «Қазгидромет» РМК-ның жергі­лікті филиалы қатты желдің бола­тыны туралы алдын ала ескерткен. Айтса айтқандай, екпіндей соққан жел елді мекендердегі ағаштарды түбірімен құлатып, үйлер мен ғимараттардың шатырлары, төбе жабындарын ұшырып әкетті. Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қыз­меті хабарлағандай, бұл түні 100-ден аса елді мекенде электр қуаты үзілген.

Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батыр­ғожинов атап өткендей, желдің салдарынан өңірде 83 әлеуметтік нысанға нұқсан келген. Оның 61-і – білім беру ұйымы. 63 көп­қабатты үйдің төбе жабындары мен шатырлары, енді бірі­нің қа­бырға жапсырмалары зақым­данған.

– Дауыл соққан түні облыстың электр жүйесінде 246 авариялық ажырату орын алды. Жалпы саны 70 мыңнан аса жеке үй, 6 мыңнан аса заңды тұлғалар қуат көзінен ажыратылды. Қал­пына келтіру жұмыстары шұғыл жүр­гізіліп, басым бөлігінде жағ­дай реттелді. Қазіргі уақытта 4 аудандағы 28 ауыл әлі де жарық­сыз отыр. Сұрапыл жел үлкен электр бағандарын құлатқ­ан. Тіпті Баянауыл ауданы орта­лығында 50 жыл мызғымай тұр­ған стелланы сұлатып түсірген. 3 қала мен 6 аудан бүгін табиғи

сипаттағы төтенше жағдай ре­жімін жариялады. Ол бір тәу­лік ішінде күшіне еніп, ер­тең­нен бастап ғимараттарды қал­­пына келтіру жұмыстары бас­талады. Ал мүліктік зардап шек­­кен азаматтардың шы­ғы­ны ар­найы қағида бойынша жер­гілікті атқарушы биліктің қа­растыруымен 30 тәуілік ішінде өтелуі керек. Айтып өтейік, Ертіс, Железин, Ақтоғай, Тереңкөл аудан­­дарының инфрақұрылымы табиғат­тың бұл тосын құбылы­сынан аман қалды, – деді ол.

Бұл түні Павлодар қаласына қарасты ауылдардың энергиялық жүйесі көп зардап шекті. Электр жүйесінде ақау шыққандықтан облыс орталығындағы көптеген тұр­ғын үйде жылу біраз уа­қыт жоғалып кетті. Жылумен қамту мекемесінің ақпарына сенсек, қорек көзінен үзілген жылу сорғылары біраз уақытқа тоқтап қалған. Бұған қоса көшелердегі жарнамалық конструкциялар, бағдаршамдар, ондаған автобус аялдамалары желдің екпінімен қирады. Үй аулалары мен кө­шелерде құлаған ағаштардың салдарынан ондаған жеңіл көлік зақымданған.

Ал Екібастұз қаласында бұл түні екпіндей соққан жел жылу беру жүйесін тоқтатып тас­тады. Екібастұз ЖЭО-дағы электр қуа­тымен қамту жүйесіне за­қым келіп, орталықтағы негізгі және резервтік шағын стансалар істен шыққан. ЖЭО-дағы негізгі жабдықтар электр энергиясы есебінен жұмыс істейтіндіктен мұндағы жылу қазандықтары да тоқтаған. Тек таңғы сағат бестер ша­масында ғана станса­дағы ақаулықтар жо­йылы­п, қазан­дықтар таңертең іске қосылды. Соңғы екі күнде көмірлі шаһардың жылу жүйесіндегі параметрлер реттеліп, жылумен қамту қайта тұрақтанды.

Айтып өтейік, өңірдегі дауыл­дың салдарын жоюға қатысты қазіргі уақытта төтенше жағдай штабы құрылып, жедел желі жұ­мыс істеуде. Азаматтық қор­ғау қызметінің күштері мен құрал­­дарын пайдалана отырып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыс­тары жалғасып жатыр.

 

Павлодар облысы